«Қазіргі қазақ журналистикасына этикалық кодекс қажет»

0 12

Жамбыл журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, халықтың мұңын жоқтаған журналистер аз емес. Өзінің жетпіс жылдық ғұмырының жарты ғасырын журналистикаға арнаған Болат Мәуленов те солардың қатарынан табылады. 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Жамбыл журналистикасының ардагерімен жолығып, кеңестік жүйе тұсындағы баспасөз бен қазіргі ақпарат саласының бағыт-бағдары турасында әңгіме өрбітудің сәті түсті.

– Болат Мәуленұлы, сұхбатымызды баста­мас­тан бұрын облыстық «ARAI» газетінің қалың оқырмандары атынан 70 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз. Жалпы жетпіс жас шығарма­шы­лық адамы үшін өзіңе есеп беретін, қалам құдіретімен халықтың игілігіне еткен қызметке көз жүгіртер сәт емес пе? Ендеше, әңгімемізді жарты ғасырға жуық журналистік кәсіпте жүріп өткен жолыңыздан бастасақ…
– Рақмет. Өмірдің талай-талай бел-белестерін артқа тастап, жетпіс деген жасқа келіп қалыппыз. Уақытты ешкім уысында ұстап тұра алмайды, жылыстаған жылдар легі білінбей өтеді. Жеке адамның өмірі түгілі алдағы заманды күні бұрын жобалап, жоспарлауға болмайтыны белгілі. Ертең алдыңнан не күтіп тұрғанын білмейсің. Бірақ қашанда алға ұмтыласың, болашаққа құлаш сілтейсің, көп нәрсені армандайсың. «Адамдар армандарымен, қиялдарымен өздері тап болған кейде әдемі, кейде әдепсіз әлемде өзін-өзі алдап не алдарқатып өмір сүре береді. Ал өмір өз дегенін істейді. Оны тағдыр дейді» деппін бір жазбаларымда. Шынында да солай.
Алтыншы сынып оқып жүргенімде «Қазақстан пионері» газетіне алғашқы мақалам шықты. Содан бері осы мамандықтың ыстық-суығына төзіп келем. Басқа тірлікті ойлаған да, армандаған да емеспін. Әлі күнге қолымыздан қаламымыз түскен жоқ. Сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған соң журналистік еңбек жолым облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Аq jol») газетінде басталды. Осы басылымда 1976-1992 жылдар арасында аға әдеби қызметкер, шолушы, бөлім меңгерушісі тәрізді шығармашылық қызмет сатыларынан өттім. Журналист ретіндегі қалыптасу, есею кезеңдерім «Аq jol» газеті мен облыстық телерадио компаниясымен тығыз байланысты. 1996-1998 жылдары екі жылдай уақыт Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының шығармашылық жөніндегі орынбасары, бұдан кейінгі сегіз жыл бойы облыстық радионың бас редакторы қызметтерін атқардым. Бас-аяғы облыстық телерадио компаниясына он жыл бойы шығармашылық күш-қуатымды жұмсадым.
Әр жылдары бірқатар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының облыстағы меншікті тілшісі болып еңбек еттім. Қаламгерлік қайратымды жұмсаған республикалық беделді бұқаралық ақпарат құралдары қатарында «Дала дидары», «Ауыл», «Aıqyn», «Қазақстан-Заман» (қазіргі «Qazaqstan dáýiri») газеттері, Qazaq radıosy және Қазақ Телеграф Агенттігі бар. Осы ақпарат құралдарында облыс өмірінің сан саласын, оның тамаша адамдарының еңбегі мен өмірін көрсетуге бар күш-жігерімді жұмсадым.
Күнделікті журналистік қызметтен қол үзбей жүріп, 1983 жылы мойынқұмдық атақты қырықтықшы Шотай Тайбағаровтың тәжірибесі жөнінде «Қой қырқу шеберлігі» аталатын кітабым, ал 1987 жылы «Еңбекпен ер атанғандар» атты очерктер жинағым жарық көрді. Сондай-ақ облыстық телеарна мен радиода көптеген жобалар мен телерадио хабарлар сериясын жасадық. Биыл әр жылдары жазған очерктер, сұхбаттар мен толғаулар топтастырылған кітабым «Мұз бен гүл» деген атпен баспадан шығып жатыр.
– Кеңес журналистикасы дегенде ең әуелі еске қатаң цензура түседі. Алайда журна­листи­ка тарихында тірліктің қиюын келістіре алмағандар газет бетінде сыналып, оның ісі бірінші хатшының деңгейінде қаралған мысалдар жетерлік. Ал сіздің шығармашылығыңызға цензура қаншалықты әсер ете алды?
– Иә, ол кезде жазуға тыйым салынған, айтуға болмайтын жайлар болды. Ол тоталитарлық мемлекет жағдайында асқынған сипат алып кетті. Әйтпесе мемлекет бар жерде бәрібір цензура болады. Тек ол қисынды, ұлттық мүддені көздеген, мықты заңдарға негізделген болуы тиіс.
Сенің айтып отырғаның өмірдегі сын мәселесі. Ол заманда сын мен өзара сынды өрістету керек дейтін мақсат болатын. Бұл – керек дүние. Сын айта білу, жаза білу, сынды қабылдай білу мәдениетін қалыптастыру керек еді. Қазір көзге бадырайып көрініп тұрған жайлардың өзі айтылмайды, айтылғанмен ешкім құлақ аспайды. Керісінше жағымпаздық пен жарамсақтық өріс алып тұр. Сондықтан да кемшілік көп. Кеңестік идеология зиянды, кесірлі болды ғой. Қалай дегенмен біз сол дәуірде өмір сүрдік, сол мемлекеттің дұрыс жақтарын алып, теріс жақтарын ысырып тастау керек еді. Біз олай ете алмадық.
– Соңғы уақытта журналистерді «төртінші билік» деп атау тенденциясы қалыптасты. Дегенмен қолына қалам ұстаған қауымның бос кеуде қағып жүргені болмаса, ешқандай әлеуметтік санатқа жатқызылмай, көп жеңілдіктен қағылатыны жасырын емес. Осы үрдіске көзқарасыңыз қалай?
– Бұл өзі бейнелі түрде айтылған сөз шығар. Одан қаламгерлер қауымына пайда шамалы. Қанша рет заңымыз өзгеріске ұшырады, әлі де жетілдіру, толықтыру үстіндеміз. Тиянақты бір қалыпқа түсе алмай жатырмыз. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәселесі ұдайы пікірталас тақырыбына айналып келеді. Яғни қоғам қозғалыста, ол бұқаралық ақпарат құралдарымен қалай дегенмен санасады деген сөз. Солай болғанымен журналистің өз мәртебесі, өз мәселесі тасада қалып жатқаны рас.
Кеңес үкіметінің соңғы жылдарында кеңес журналистерінің этикалық кодексінің жобасы жарияланған болатын. Оның мәтіні менде әлі бар. Дұрыс бастама болатын. Негізінде заңды мемлекет, ал кодексті шығармашылық ұйым –
Журналистер одағы қабылдайды. Екеуі де керек әрі бір-бірімен өзара үйлесімді, байланысты болуы тиіс. Бізде заң бар, ал этикалық кодекс жоқ. Дәл қазір ұлттық журналистиканың беделін көтеру үшін екеуі де керек әрі мықты болуы тиіс. Ал сөз бостандығын қорғаймыз деп ұрандап жүрген халықаралық ұйымдар ұлттық журналистиканың дамуына бас қатырмайды.
– Әуелі басылымда, кейіннен телеар­нада, баспасөз қызметінде еңбек етіп, журналистиканың бағыт-бағдары әр алуан салаларының дәмін де таттыңыз. Газеттен телеарнаға, телеарнадан коммерциялық ұйымның баспасөз қызметіне ауысу қиындық туғызбады ма? Әлде бұл өзіңізді ақпарат майданының әр шебінде сынап көрудің бір тәсілі ме?
– Иә, бұқаралық ақпарат құралдарының сан түрлі саласында қызмет еттік. Мұндағы газет, ақпарат агенттігі, радио, телеарнаның әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болғанымен бәрінің мақсаты бір. Жазу мәнерім, тәжірибем, өзіндік қолтаңбам газетте қалыптасқаны анық. Өмірдің барлық саласына, журналистиканың барлық жанрларына қалам сілтегеніміз сол тұс. Бәрі білу, жазу, ойлау, салыстыру, қиялдау тәрізді қаламгерлік қабілетіңе барып тіреледі. Оның бәрінде де журналист шеберлігі тақырып, кейіпкер табу, ел-жұрттың көкейінде тұрған мәселені тап басып тану, оқырман жүрегіне жол табу сияқты қасиеттермен бағаланады.
Жалпы журналистика мазасыз мамандық. Журналист өмірде болып жатқан құбылыстарға салғырт, немкетті қарап, ойсыз, алаңсыз күн кеше алмайды. Ол оның елден ерекше белсенді не ақылды болғандығын білдірмейді. Әрбір мәселеге өз дауысымен, өз пікірімен батыл араласу – журналистің басты парызы. Көбіне жұрт аңғара бермейтін нәрселерді сезіп қою, байқап қалу, соны жариялау – міндеті. Ал жазу, жариялау дегеннің артында үлкен жауапкершілік жатады. Жазғаныңды біреу түсінеді, қолыңды алғысы келеді, біреу түсінбейді, қолыңда өлгісі келеді. Мазасыз күй кешу дегеніміз осы.
– Газет оқырманды, телеарна көрерменді тәрбиелеудің ғана құралы емес, болашақ редакторлардың, білікті мамандардың «ұстаханасы». Осы «ұстаханадан» түлеп ұшқандардың арасында сізді ұстаз деп танитын шәкірттеріңізді атай аласыз ба? Өзіңіз кімге қарап бой түзедіңіз?
–Қай ортада болмасын әртүрлі буын өкілдері тізе қоса еңбек етеді. Ағаның ақылы, інінің ілтипаты деген сол ұжымда көрініс табады. Ал маған редакцияны жиырма жылдан астам басқарған, сөзі өтімді, өзі беделді Баттал Жаңабаевпен қатар жұмыс жасау бақыты бұйырды. Бұл кісі тізгінді тең ұстайтын, әр қызметкердің құқығын, абыройын, сол арқылы бүкіл редакцияның мәртебесін сақтауға барын салатын. Ол кезде өткір сын жазылып жатты. Одан қорытынды шығаратындар да болды. Керісінше беттен алып, төске шауып, шиеленісті сәттер мен дау-дамай туғызатындар да бар еді. Ал редактор Баттал Жаңабаев басшы ретінде соның бәрінің жөнін тауып, қиюын қиыстыра білді. Бұл айтуға ғана оңай шаруа…
– Сонымен бірге жыл сайын басылымдағы әрбір журналиске баспаналы болу бақытын сыйлап, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын түзеуге баса мән бергені тағы бар…
– Негізінен журналистерге әлеуметтік жағдайлар жасауда бірінші басшының беделі, ұйымдастыру қабілеті көп нәрсені шешіп жатады. Облыстық газет редакциясында еңбек ете жүріп, өзімізден кейінгілерге қамқорлық жасауға тырыстық.
Қазір де бұқаралық ақпарат құралдары құрылтайшыларының жылына кем дегенде бір журналиске үй беруге мүмкіндігі бар ғой. Жалпы, заман ағымына сай баспасөз мәдениетін игерген еркіндік, шығармашылық жұмыс ерекшеліктеріне машықтанған кәсіби шеберлік қай кезде де керек қой. Бұл жағынан әлі ақсап жатырмыз. Сондықтан да журналист мәртебесін айқындау мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ.
– Қазір 10 мыңға жақын студенті бар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Университет тынысы» газетінде редактор қызметін атқарып жүрсіз. Қазіргі жастардың жүріс-тұрысы, таным-талғамы барлығы дерлік көз алдыңызда. Сонымен бірге мұнда күні ертең қоғамға қозғау салып, пікір туғыза алатын жас журналистер де даярланып, қияға қанат қағып жатыр. Журналистердің жас буынына берер баға, айтар сын, тілегіңіз қандай?
– Университет – білім-ғылымның қарашаңы­рағы, интеллектуалды орта, зиялы қауымның шоғырланған жері. Мұндай ортада өзіңді еркін, жеңіл, бірақ жауапты сезінесің. Ал жастардың бет-бейнесі, таным-талғамы қоғамда қалыптасқан ахуалға, өзгерістер дәуірінің көзқарастары мен түсініктеріне байланысты ғой.
Біздің университетте журналистика бөлімі бар. Соңғы жылдары бұл мамандыққа таңдау жасайтындардың ішінде жастайынан жазуды армандағандар, осы салаға шынында аңсары ауғандар көбейіп келеді. Журналистиканың романтикасы, өмірге, елге жақындығы жастарды әлі де өзіне тартып отыр.
«Журналист деген өзі түсінбейтін нәрсені өзгелерге түсіндіретін мамандық», – деп шетелдік бір жазушының әзілдей айтатын сөзі бар. Жас буын жөнінде ой қозғағанда осы әзіл есіме түсіп отыр. Мұның астарын түсіну керек. Ол журналист көбірек оқуы, көбірек білуі керек дегенге саяды. Әсіресе жас журналистерімізге тікелей қатысты бұл. Бір іске, бір жиынға, бір кісіге барғанда ондағы қозғалатын мәселенің мәнісінен хабарсыз, дайындықсыз күйде шауып бара жататын тілшілер аз емес.
Ал жақсы кадрға сұраныс бар. Әлі де түрлі ұйымдардың баспасөз қызметінде, ақпарат құралдарында кездойсоқ кадрлар істеп жатыр. Меншік иелеріне журналистика саласына қатысы шамалы адамдарды алуға жол бермейтін де заң баптары керек-ау деп те ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат Күзекбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.