"Тарих. Таным. Тағылым."

Қазыналы қариялар сынға түсті

Written by Aray2005

Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Қарты бар ел – қазыналы ел» тақырыбында қариялар байқауы өтті. Жуалы ауданы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығы мен аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен шара жастар арасында ғасырлар бойы қалыптасқан халық даналығын насихаттауды, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуді мақсат етті.

Берері мол байқауды ашқан Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Жабағы Асхат шараның мән-маңызы ерекше екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал үміткерлер «Бердім сәлем бәріңе, үлкен-кіші кәріңе», «Беремін бата бәріңе», «Өнерлі отбасы» кезеңдері бойынша сынға түсті. Қариялар әр кезеңде өздерінің бойында бар өнерлерін дүйім жұртқа паш етіп, баталы сөздерін жеткізді.
Қара қылды қақ жарған қазылар алқасының ұйғарымымен бас жүлдені Д.Байдалиев еншіледі. Сонымен қатар А.Шопанбеков жүлделі I орынды еншілесе, М.Байболов II орынды және Ә.Болысбаев III орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар байқауға белсене қатысқан қариялар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап өтер болсақ, «Өнегелі қария» номинациясын М.Қуанышбеков, «Батагөй қария» номинациясын Ә.Науатбеков иеленді. Байқау жеңімпаздары мен қалған қатысушыларға аудан әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары табысталды.

Э.СҮЙІНБАЕВА,
Б.Момышұлы ауылының жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы,
Жуалы ауданы

ПІКІР