"Шамшырақ"

Келешегі кемел колледж

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауында енді білім беру ісінде оқу орындарының мамандар дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетінін баса айтқан еді. «Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы», – деп атап көрсеткен болатын. Демек, ендігі жерде студенттерге жоғары немесе орта білім беру рейтінгісі жас мамандардың жұмысқа тұру көрсеткішімен өлшенбек. Осы орайда біз 7 мамандық, 9 біліктілік бойынша мамандар даярлайтын Тараз сервис және технология колледжіне арнайы бас сұғып, аталған оқу орнының жас ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз ету деңгейін бағамдап көрген едік.

Колледж директоры Бекбол Маймышевтің айтуынша, былтыр жергілікті бюджет есебінен колледждің бас ғимараты мен 80 орындық жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Оқу-өндірістік шеберханалар мен зертханалар және арнайы пәндер кабинеттері заманауи оқыту жабдығымен жарақтандырылып, колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылған.
Биылғы оқу жылында білім алушылар контингентін 685 адам құрапты. Оның ішінде 627 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алуда. Бұл мемлекетіміздің жастарға деген қамқорлығының шынайы көрінісі болса керек. Өйткені, 627 студенттің 213-і «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша оқып жатыр екен. Ал, бұл бағдарлама бойынша колледжге қабылданған студенттер – әлеуметтік жағдайы төмен отбасы, көп балалы отбасынан шыққан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балалар. Соның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар тұлғаларға жағдай жасау мақсатында есту қабілеттері нашар оқушыларға арналған «Ағаш ұстасы» және «Арнайы тігінші» біліктіліктері бойынша жаңа топтар ашылыпты. Қазіргі уақытта аталмыш топтардағы 15 студенттің кедергісіз білім алуы үшін сурдоаудармашы қызметке кіріскен. Осы оқу жылында инклюзивтік білім беру бағдарламалары енгізіліп, оларды оқшауламай, көпшілікпен бірге оқыту ісінің қолға алынуы да үлкен жаңалық болып тұр. Әйтсе де, алдағы уақытта осы бағыттағы оқу кабинеттерін арнайы лингофондық құрылғылармен жабдықтаса нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз. Дегенмен, колледж басшысы есту қабілеті нашар балалармен қоса, білім беру қажеттіліктері ерекше балалардың нысанға кіріп-шығуын, оқу кабинеттері мен шеберханалардың, санитарлық-гигиеналық бөлмелердің арнайы жабдықталуын қамтамасыз ету үшін әжептәуір қаржы қажет екенін айтып отыр. Колледжді аккредиттеуден өткізу 2020 жылға жоспарланыпты. Жалпы, білім сапасын арттыра отырып, түлектерді еңбекпен қамту сияқты міндеттер 2017-2020 жылдарға арналған колледждің стратегиялық даму жоспары бойынша жүзеге асуда.
– Колледждегі 80 педагогтың 97,5 пайызы жоғары білімді. Біздегі 6 магистрді қосқанда жоғары және бірінші санаттылар саны 43,7 пайызды құрайды. Былтырғы оқу жылында 15 педагог біліктілігін арттырып келсе, тағы 3-еуі өндірістік тағылымдамадан өтті. Ал, жас мамандар саны – 10.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы ретінде біздің негізгі міндетіміздің бірі – студенттерімізге қиналмай жұмысқа орналаса алатындай сапалы білім беру. Мұны Елбасымыз биылғы жаңа Жолдауында да айрықша атап өткен болатын. Яғни, оқу орнының табысты болуы сол оқу орны студенттерінің еңбекпен қамтылуымен, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуымен байланысты. Дегенмен, студенттердің жұмыспен қамтылу мәселесі біз де бұрыннан оң шешімін тауып келеді. Оған былтыр бітірген 170 түлектің 92,3 пайызының жұмысқа орналасып, еңбекпен қамтылуы дәлел бола алды, –дейді Бекбол Баянғалиұлы.

Жауапкершілік мәні– жаңашылдықпен жұмыс жасау

Бұрынғы «№1 колледж» атауы «Тараз сервис және технология колледжі» болып өзгертілуі заман талабына сай мамандар даярлау мақсатында туындаған қажеттілік екенін айта кетуіміз керек. Соның арқасында қазіргі уақытта сұранысы аз «Есептеу техникасы және бағдарламалау», «Өндірістегі электрлік-механикалық жабдықтар» мамандықтары жабылып, оның орнына «Қонақүй шаруашылығын ұйымдастыру және қызмет көрсету» мамандығы ашылыпты.
«Баршаға тегін кәсіптік білім беру» жобасы аясында екі жұмысшы біліктілікті беру мақсатында «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша қосымша біліктіліктер ашылған. Десе де, алдағы уақытта «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша қосымша «Кондитер», «Технолог-менеджер», ал «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша «Автокөліктердің электр құрылғыларын жөндеуші электрик» біліктіліктерін ашу көзделіп отырған сыңайлы.
Бір тоқтала кетер жайт, елде индустрияландырудың қарқынмен дамуына байланысты техникалық және кәсіптік білім мазмұнын жаңарту міндетін орындау мақсатында бұрнағы жылдан бастап «Комбинат школьно-студенческого питания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен колледж арасында «Тамақтандыруды ұйым­дастыру» мамандығы бойынша «Қамқорлыққа алу» туралы келісімшарт жасалыпты. Сондай-ақ дуальді оқыту жүйесі бойынша «Дәмді тамақтар», «Аллана и Д» секілді серіктестермен 3 жақты келісім­шарттар жасалып, аталған кәсіп­орын­дарда «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының студенттері іс-тәжіри­беден өтіп жүр.
Негізінен, колледж облыстағы 45 кәсіпорынмен әлеуметтік серіктестік орнатыпты. Оның ішінде «Айвенго», «Лекс-Авто», «Hyundai Center Taraz», «Дәмді тамақтар», «ТаразТрансЭнерго», «Дана-дель» жауапкершілігі шектеулі серіктестер мен өзге де мейрамханалар бар. Былтыр бас-аяғы 65 әлеуметтік серіктестік кәсіпорын 180 студенттің өндірістік тәжірибеден өтуіне сеп болған.
Техникалық және кәсіптік білім менеджментін және даму мониторингін жетілдіру мақсатында «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтарына эксперименттік режимде «Кәсіпқор» холдингі» акционерлік қоғамының модульдік-құзыреттілік негізінде әзірлеген техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасы енгізілгенін де айта кету керек. Еңбек нарығында сұранысқа ие «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығына «Аспаз» және «Даяшы» біліктіліктері, «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығына «Тігуші» және «Модельер-пішуші» біліктіліктері берілетін болыпты. Модульдік оқыту бағдарламасын енгізуге қойылатын басты талаптардың бірі — педагог кадрларды дайындау, біліктілігін арттыру. Осы мақсатта колледждің 26 қызметкері «Кәсіпқор» холдингінің» біліктілік арттыру курстарынан өткен. Халықаралық жоба шеңберінде 2 қызметкер ТИКА қауымдастығы ұйымдастырған білім жетілдіру курсына қатысып, оларға халықаралық дәрежедегі сертификат табысталса, тағы екі қызметкер «Кәсіпқор» холдингінің» штаттан тыс тренері статусын иеленген. Біліктілігін арттыру курсынан өткен педагогтың бірі – «Қонақүй шаруашылығына қызмет көрсету және ұйымдастыру» арнайы пәнінің оқытушысы Жанерке Елеусінова. CLIL әдісі бойынша арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту курсынан өткен ол үш тілде білім беру жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғап, әлем құпияларының сырын ұғынуға жол ашатынын айтады.
– Әлемдік тәжірибе негізінде үздік оқыту әдісін меңгерген «жаңашыл мұғалім» оқу жүйесіне жаңа леп әкелетіні сөзсіз. Сондықтан, білім беру қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтереді деген үлкен сеніммен мемлекет бізді арнайы оқыту курсынан өткізіп отыр. Бұл еліміздегі білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетті маман дайындауды басты мақсат ретінде ұстануынан туындаған жайт. Қазіргі заманның мұғаліміне білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби және әдістемелік жұмыстағы шеберлігі секілді нарық жағдайындағы талаптар қойылуы сондықтан. Мәселен, қонақүй бизнесі туризм саласының ең маңызды құрамдас бөлігі. Себебі, бұл сала туристің демалыс кезеңіндегі баспана, тамақтану, жеке бастың қауіпсіздігі сияқты қажеттіліктерін толықтай қамтиды. Елбасымыздың туризм саласын дамытуды берік қолға алуының сыры осында. Өйткені, қонақүй бизнесі озық елдерде мемлекетке айтарлықтай табыс әкеледі. Сол себепті, еліміз­де саланы дамытудың барлық жолдары қарастырылып, мемлекет тарапынан арнайы қолдаулар көрсетілуде. Осындай қолдаудың бірі колледжімізде ашылған «Қонақүй шаруашылығына қызмет көрсету және ұйымдастыру» мамандығы деп білемін. Мейманханаларда халықаралық стандарттармен жұмыс істейтінін ескерсек, осы мамандық бойынша білім алып жатқан студенттеріміз болашақта барлық талапқа сай жоғарғы деңгейде туристерге қызмет көрсететініне сенімдімін. Жалпы, қазіргі заман мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға бола білуі керек. Сонда ғана біз жаһандық дәуір талаптарына сай шәкірт дайындай аламыз, – дейді Жанерке Қайратқызы

Оқу үрдісіндегі озық әдіс

Колледждің негізгі бағыты – мектеп оқушыларын жұмысшы біліктіліктерін игеруге тарту. Сондықтан, ұжым кәсіптік бағдар жұмысын жүргізе отырып, техникалық және кәсіптік білім жүйесінің беделін арттыруға күш салуда. «Кәсіпқор» холдингі акционерлік қоғамының штаттан тыс тренері статусын иеленген оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Нәйла Жамалова модульдік және дуальді оқытуға негізделген инновациялық білім беру жүйелері мен технологияларды жетілдіру табысқа бастайтынын айтады.
– Модульдік оқыту бағдарламасы бойынша үшінші курсты аяқтаған студенттер аспаз мамандығын игереді. Егер студент ары қарай оқуын жалғастырса оған даяшы дипломы беріледі. Бұл бағдарламаның ерекшелігі сол. Осыны біз екі мамандық бойынша енгіздік. Бұл, біріншіден, жұмыс берушінің талабы. Мәселен, «Айвенго» фабрикасы әр адамды жұмысқа алғанша бізге өзі пішетін, өзі тігетін маман қажет деп талап қойды. Сол талап үдесінен шығу үшін біз «Тігуші» және «Модельер-пішуші» мамандығын оқытудамыз. Біздің негізгі міндетіміздің бірі – инновациялық жұмысты жетілдіру болғандықтан осы арқылы, білім беру қызыметінің сапасын арттыруға басымдық берудеміз. Оқыту жүйесіне инновациялық бағдарламаларды енгізу осы мақсатқа жету үшін жасалып отыр, – дейді ол.
Мұндағы оқытушылар мен студенттердің республикалық, облыстық байқауларда қол жеткізген жетістігі де аз емес көрінеді. Оқу жылы барысында «Үздік шебер», «Үздік педагог», «Үздік әдістемелік әзірлеме», «Үздік көрме» «Колледжішілік WorldSkills» байқаулары өткізіліпті. Нәтижесінде «Үздік педагог» байқауының жүлдегері Мая Мустафина облыстық кезеңге қатысып, жүлделі 3-орынды иеленген. Сонымен қатар, ол техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары оқытушыларының арасында өткізілген Инклюзивтік білім берудің үздік педагогы» республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанған.
– Біздің колледжде кәсіптік дағдылары мен құзіреттіліктерін көрсетуге мүмкіндік беретін «WorldSkills» қозғалысына аса мән беріледі. Себебі, мақсаты жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және дәріптеу болып табылатын «WorldSkills» чемпионаты студенттердің шеберлік дағдыларын дамытуына үлкен мүмкіндіктер береді. Былтыр «WorldSkills» колледжішілік чемпионат жүлдегерлері үш мамандық бойынша өңірлік чемпионатқа қатысып, «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша 1-орынды, «Шаштараз ісі» бойынша 2-жүлделі орынды иеленді. «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша ұлттық «WorldSkills» Қазақстан чемпионатында колледж түлегі Бағлан Жақсыбеков шеберлігін танытып, «Мастер компетенции» номинациясын иеленді.
Сонымен қатар, Тараз сервис және технология колледжінде «Кәсіпқор» Холдингі» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Қызмет көрсету саласындағы модульдік-құзыреттілік тәсіл негізінде әзірленген бағдарламаларды іске асырудың өзекті мәселелері» атты аймақтық семинар-практикум өткізілген болатын. Семинар-практикумға қызмет көрсету саласының Республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің өкілдері және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы, Қарағанды қалаларының кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің мамандары қатысты. Басқа оқу орындарымен серіктестік жайын айтар болсақ, колледж «Маңғыстау туризм колледжімен» жасалған келісім негізінде оқушыларымыз өткен жылы Ақтау қаласында өткізілген «BatysSkills» аймақаралық чемпионатына қатысып, студент Ақмырза Қалдыбай «Азпаздық ісі» құзіреттілігі бойынша қола жүлдені қанжығасына байлады. «Шаштараз өнері және сәндік косметика» мамандығының өндірістік оқу шеберлері мен студенттері тәжірибе алмасу және біліктілігін шыңдау мақсатында Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінде «Магия стиля» атты дизайнер-модельер, шаштараз-стилистердің республикалық конкурсына қатысып, оларға дипломдар табыс етілді. Осы жылдың басында «Қарағанды технология және сервис колледжі» өткізген республикалық ғылыми-практикалық конференцияда колледж студенттері Ләззат Ануар мен Аяжан Нұрсейт 2-дәрежелі дипломмен және «Шығармашыл тігінші» номинацияларымен марапатталды. Осы конференция аясында Қарағанды технология және сервис колледжімен әріптестік туралы меморандумға қол қойылды, – дейді Бекбол Маймышев.

Колледж түлектерінің облыстық, республикалық, тіпті халықаралық жарыстарда олжа салып жүргендері бар. Осы тектес жетістіктерге қол жеткізіп отырған колледж ұжымы Президент Жолдауларынан туындаған міндеттерді жүзеге асыра отырып, мәдениетімізді өркендетуге, дәстүрді жаңғыртуға, ойлы, алғыр ұрпақ тәрбиелеуге ат салысуда. Тегінде, ғаламның қарышты дамуы – білімнің жемісі дейтін болсақ, мақсатымыз – қазақ жастарының әлемдік білім кеңістігіне енуіне жағдай жасау. Бұл бүгінде көппен бірге сәтті жүзеге асырылу үстінде.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР