«Келешектің кемелдігі ананың тәлім-тәрбиесіне байланысты»

0 0

Көктем келсе сұлулығына сөз жетпейтін Табиғат-Анамен қоса, адамның жан дүниесі де құлпырып, алабөтен күй кешеді. Нәзік жандылардың мейірімге толы мерекесі де осы көктем айына тұспа-тұс келуі тегін емес. Жаратылысынан жаны сұлулыққа ғашық адам баласы үшін бұл ерекше мезет. Себебі көктем мезгілі мен әйел баласын гүлден де бөлек тылсым құбылыстар байланыстырады. Көктемнің табиғатты түлетіп, түрлендіріп, қоршаған ортаға өмір сыйлауы тұрғысында маңызы қаншалықты болса, адамзат өмірін нұрландыруда, тіршіліктің керуенін келешекке жалғауда әйел баласының да орны соншалықты. Осы ретте біз, биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған «Іскер әйелдер» қауымдастығының мүшесі, «Саясаткер әйелдер» клубының төрайымы Гүлсін Орынбаевамен сыралғы сұхбат құрып, ел дамуына ерлермен бірге иық тіресіп жүріп, үлкен үлес қосудың құпиясын білген едік.

– Гүлсін Рахымжанқызы, көктем мерекесі құтты болсын! Әңгімемізді қыз-келіншектердің елдің өркендеу жолындағы еңбегінен, үлесінен бастасақ…
– Рақмет! Халықаралық қыз-келіншектер мерекесі барша аруларға, аналарға құтты болсын!
Қыз-келіншектеріміздің ел өркениетіне қосып жүрген үлесі, еңбегі айтарлықтай елеулі дер едім. Қазіргі уақытқа дейінгі кезеңдерде де елдік маңызы бар оқиғаларда жаны нәзік болса да әйелдер белсенділік танытып келгенін тарихтан, көнекөздердің әңгімесінен жақсы білеміз. Өзгенің емес, өз қазағымыздың қыздары жайында ғана айтсам, Болған ана, Домалақ ана, Дарабоз ана, Қарқабат ана, Қызай ана, Найман ана, Ұлпан аналар рулы жұрттың бүтіндігіне, бірлесе әрекет етуіне ықпал еткен жандар. Осындай ел ішіндегі бірлікті сақтаған Баршын арудың есімімен Сыр бойындағы қаланың Барышкент (Қыз қала) деп аталғаны тағы бар.
Сонау ерте замандағы Сақ ханшайымы Тұмардың ерлігі бүгінде аңызға айналды.
Ұлы Отан соғысында ерлермен үзеңгілесе ерлік көрсетіп, қан майданда елі үшін жан аямай шайқасқа шыққан Әлия, Мәншүк, Хиуалардай батыр қыздар қаншама?..
Одан беріде ел тәуелсіздігі үшін аянбай, құрығы ұзын кеңестік билікке қарсы шыққан Ләззат, Сәбиралардың ерлігі бір бөлек. Қазіргі қоғамда да біздің қыз-келіншектер өз белсенділігінен айнымай келеді. Біз оны өнерде де, саясатта да, дала еңбегінен де көріп жүрміз.
– Өзіңіз де білесіз, ел ішінде бірқатар кісілер «Әйелдің орны оттың басы, ошақтың қасында» деп нәзік жандылардың қызметке араласуына қарсы пікір айтып жатады, бұған не дейсіз?
– Рас, ондай пікірлерді қызмет барысында талай рет естіп те жүрмін. Бірақ, кешегіге қарап, ертеңге бағыт алатын болсақ, өткен замандардағы әлгінде айтып өткен аналарымыздың ерлігіне, еңбегіне бас имейтін адам жоқ шығар. «Алып анадан туады» дейді біздің халық. Алыпты дүниеге әкелген ана батырды да баптап, тәрбиелеп өсіреді емес пе?!
Ал енді қараңыз, сол әйелдердің басшылығына қарсы пікір айтушылардың бірқатары өз қызын «болашақта бастық болсын!» деп оқытады, соған бейімдеп тәрбиелейді. Мен мұны депутат ретінде басқосу жиындарда да айтқанмын. Әркім де өз баласына не тілесе, өзгелерге де соны тілеуі керек деп ойлаймын. «Өзгеге болмасын, тек өзіме болсын» деу – ол дұрыс пиғыл емес.
Шүкір, басшы болған нәзікжандылар қызметінен қылау шығармай-ақ еңбек етіп жүр. Себебі әйел адам әр нәрсеге ерекше назар аударады. Істеген ісін тиянақты тындырады. Әрнәрсеге де ұқыптылықпен, асқан жауапкершілікпен қарайды. Атқарған ісінің нәтижесін көруге тырысады. Үйде де солай ғой. Күйеуінің күтімін, ата-енесінің жағдайын жасап, балаларының тамақ ішіп, сабаққа әзірленгеніне, отбасы мүшелерінің үстіне киген киіміне, ішкен асына, жүріс-тұрысына дейін араласады. Үйіне келген табыстың орнымен жұмсалғанына дейін қадағалайды. Кімнің қандай асты ұнатып, нені қаламайтынына дейін біледі. Майда-шүйдеден бастап, ірі іске дейінгінің мәнісін біліп, соған айрықша көңіл аударған кісі қалайша ұжымның тілін, істің көзін таппасын?!.
Тағы бір айтарым – әйел азаматтар әрнәрсеге де ана ретінде жанашырлықпен қарайды.
– «Іскер әйелдер» қауымдастығы осы 25 жыл ішінде не тындыра алды? Аталмыш мерейтой қалай аталып өтпек?
– «Іскер әйелдер» қауымдастығы республика бойынша 1995 жылы құрылса, біздің облыстағы филиалы 22 жыл бұрын іргесін қалады. Әуелгіде жамбылдық іскер әйелдердің басын құраған алғашқы жетекші Людмила Сушкова болатын. Одан соң жетекшілікті Жұмагүл Омарова жалғастырып, қазіргі төрайым Гүлдара Нұрымова 2008 жылдан бері осы қызметті атқарып келеді. Мен осы Гүлдара Алданышқызы төрайымдыққа келгеннен бері қауымдастықтың мүшесімін. Бұл қауымдастыққа өз ісінің шебері, еңбекте батылдық, қабілеттілік танытқан, парасатты басшылар кірген. Қатарында 100-ден астам еңбекқор, жан-жақты қыз-келіншек бар. Олардың жұмыс істейтін саласына қарай 10 секцияға топтастырылды. Атап айтсам, «Әйелдер және білім», «Әйелдер және денсаулық», «Әйелдер және саясат», «Әйелдер және қаржы», «Әйелдер және бизнес», «Әйелдер және экономика», «Әйелдер және отбасы», «Әйелдер және ғылым» болып кете береді. Ал зейнеттегі аналар «Алтын жүрек», жас іскер қыз-келіншектер «Жас қанат» секцияларына топтасқан. Бұларға жетекшілік ету ісі сол салада талай жыл еңбек еткен тәжірибелі аналарға тапсырылған. Олардың әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметтері бар. Атаулы күндерге байланысты өткізілетін іс-шаралар осы секциялардың әрқайсысына жеке міндеттеліп, жоспар бекітіледі. Соған сай жұмыс жүргізеді. Мысалы, денсаулыққа қатысты секцияны бірнеше жыл бас дәрігер қызметін атқарған Ғибадат Кемелбекова, ал білім саласына еңбегін сіңірген ұстаз Айман Садықова басқарады. Қауымдастықтың республикадағы президенті Раушан Сәрсембаева 2012 жылы облысымызға келіп, енді ашылған «Саясаткер әйелдер» клубына мені төрайым етіп тағайындады.
Бұл қауымдастықтың мүшелері көптеген қайырымдылық шараларын өткізіп, елдің алғысын алып жүр десем, артық айтқандық емес. Жылда барлық мерекелерді атап өткенде де балалар үйіне, қарттар үйіне, дағдарыс орталығын мекендейтін қиын жағдайға түскен ана мен балаларға қажеттіліктеріне қарай сый-сияпат жасауды дәстүрге айналдырған. Алдағы 8 наурыз – Халықаралық қыз-келіншектер мерекесінде де осындай жақсы шаралар жоспарланып отыр. Өткен жылдары ғасыр жасаған аналарымызға мерекелік тарту жасайтынбыз. Сондай-ақ, 25 жылдық белесті де осындай көпке шарапаты тиер игі іспен атап өтеміз деген ойдамыз. Әр облыстағы қауымдастық мүшелері арнайы форум өткізеді. Біздің облыста мұндай басқосулар алдағы маусымда «Еңбегі жанған арулар» тақырыбымен ұйымдастырылмақ.
Бір сөзбен айтқанда, қауымдастықтағы іскер азаматшалар ешкімнен ештеңе алмай-ақ, өз еңбектерімен, тапқан табыстарымен көмекті қажет ететін жандарға қол ұшын созып жүр.
– Ал, «Саясаткер әйелдер» клубының мақсаты не?
– Бұл жобаны ашудағы түпкі мақсатымыз – қыз-келіншектердің саясаттағы беделді тұлғасын қалыптастыру. Нәзік жанды аруларды басшылық қызметке дайындай отырып, көрегенділікке, парасаттылыққа, кез келген түйінді мәселелерді ақылмен шешуге баулу. Қызметті енді ғана бастаған қыздарға қолдау көрсетіп, осы бағытқа оқытамыз. Себебі басшы болу оңай емес. Бір отбасындағы адамдардың мінезі түрлі болып келеді. Ал ұжымдағы адамдардың жан дүниесі сан алуан. Бәрінің бірдей тілін тауып, олармен етене жұмыс істеп, басқару – адам бойына бірден біте салатын қасиет емес. Үйренуді, көп ізденуді қажет етеді.
Біздің клубтың сабақтары сөйлеу мәнеріне, шешендікке де үйретеді. Ұзақ жыл басшы болған азаматшаларымыз өз тәжірибелерімен бөліседі. Сабақтарымызға қатысу үшін үйренушімен алдын ала жеке танысып, клуб мүшелігіне қабылдаймыз. Мұнда 25-30 мүше бар. Базбіреулер сабақ алып, тәжірибе жинаған соң клубтан шығады, орнына жаңа мүшелер келеді. Міне, осылай клубымыз жаңарып отырады.
Клуб аясында Тараз қаласы мен облыстың 10 ауданынан «Көшбасшы саясаткер әйелдер» мектебі құрылып, бойында ұйымдастырушылық қабілеті бар қыз-келіншектерге қызықты тренинг, коуч, кеңестер жүргізілді.
Жыл сайын облыстық «Әйел. Саясат. Қоғам» тақырыбында форум ұйымдастырып отырамыз.
Аудандарды аралап, тұрғындармен кездесіп, көкейкесті сауалдарын тыңдап, мәселелерінің шешімін табу жолдарын талқылаймыз.
– Облыстық мәслихаттың 3,4,5-шақы­ры­лым­да­рын­да депутат болып сайлан­ға­ныңызды білеміз, қандай мәселелерді шешуге мұрындық болдыңыз?..
– Халық өз таңдауымен қалаулысына балап, депутаттыққа лайық деп тапқан соң, мейлінше сайлаушыларымның үмітін ақтауға барымды салдым. Талап-тілектерін жоғарғы билікке жеткізіп, оң шешімін табуына көңіл бөлдім. Басшылық қызметтегі қыз-келіншектерге қолдау көрсетуге тырыстым. Себебі әйел адамның қызметінен бөлек, шаңырағының шырайын келтіріп, бала тәрбиелейтін ең бірінші орында тұратын міндеті бар. Олар бәріне үлгеруге тырысады. Сондықтан оларға көбірек қолдау қажет.
– Кез келген елдің болашағының баян­ды­лы­ғы бүгінгі балаларының тәрбиесіне тікелей байланысты екені белгілі. Әсіресе, қыз тәрбиесі үлкен мәнге ие. Осы жайында ана ретінде не айтар едіңіз?
– Дұрыс, бала шыбық секілді. Шыбықты қалай тігіп, қаншалықты күтім жасағаныңа қарай саясын кеңейтіп, жемісін мол береді. Бала да дәл солай, енді дамып келе жатқан сәтінен бастап, санасына адами қасиеттерді сіңіріп, жақсы нәрселерді көрсетсең, игілікке қарай икемделеді. Қыз бала жатжұрттық болғандықтан, өскен ортасының өнегесін өзге жұртқа өрбітеді. Дүниеге сәби әкеліп, үнемі баланың қасында жүріп, алғашқы дауысты да өзі тыңдатады. Ақ сүтімен нәрлендіріп, алғашқы қадамын да өз қолымен демеп, аттатады. Осыдан-ақ келешектің кемелдігі ананың тәліміне тікелей қатысты екенін ұғамыз. Сол себепті де қыз балаларымыздың тәрбиесіне ғана емес, денсаулығына да назар аудару керек-ақ. Бүгінгі уақытта қыз балалар арасындағы ерте жүктілік мәселесі қатты толғандырады. Өткен жылдары оң жақта отырып, құрсақ көтеріп, жазықсыз нәрестені қоқысша лақтырған жайттар бәріміздің жанымызды ауыртты. Аналардың жүрегін қан жылатты. Сол жағдайларға байланысты іскер әйелдер топ-топқа бөлініп, мектептер мен оқу орындарына арнайы барып, қыздармен кездесті. Жүздесе отырып сырластық. Ол жүздесулерге ата-аналарын да, мұғалімдерін де қатыстырған жоқпыз. Себебі қыздар ол кісілердің көзінше ашылып, ішкі сырларын бүкпесіз жеткізе алмайды. Себебі көпшілік жерде де ұялып, ойын ашық жеткізе алмайтындарын ескердік. Сөйтіп олардың айтқан мәселелерін кейін ата-ана, мұғалімдерімен бірлесе отырып, шешімін табу жолдарын талқыладық. Ондағы мақсатымыз – білмегенін айтып, ішкі мұңымен бөлісіп, жалғызсыратпау болатын. Көп жағдайда жастар ешкімге сырын айта алмай, өз бетінше шешім шығарып, қателіктерге ұрынып қалып жатады.
– Сөз соңын мерекелік лебізіңізбен қорытындыласақ…
– Барша аруларға, аналарға бақыт тілеймін. Өмірге келген кез келген адамның басты мақсаты – артына ұрпақ қалдыру, әке, ана атану десек, әке мен ананың бақыты балаларының амандығы мен абыройында. Іс қылсаң да нәтижесін көргенде марқаясың ғой. Сол секілді барлық аналар әлдилеп өсірген балаларының ауырмай, аман-есен жүріп, армандарына қол жеткізіп, абыройын асырғанын, елден алғыс алғанын көрсе, шын бақытқа бөленеді деп ойлаймын. Қыздарымыздың өмірі осы көктемдей құлпырып, жарқырай берсін! Еліміздің бейбіт таңы, болашағы баянды болып, өнегелі ұрпақ өсіріп, әрбір шаңырақ шаттықпен шырайлана берсін!
«Қыз жүрген жерге құт қонады», дейді халық даналығында. Маңайын нұрландырып, мейірім шуағын шашып жүрер бойжеткендеріміз, аналарымыз – өмірдің көркі, мәні. Олар барда кез келген жер бақыттың мекеніне айналмақ. Бақытымыз ортаймасын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.