Келесі жылы түлектер биылдағыдай екі рет ҰБТ тапсырмауы мүмкін

0 15

Жамбыл ІЗТҰЯҚ,

Ұлттық тестілеу орталығы облыстық базалық филиалының басшысы

– Жамбыл Алпысбайұлы, биылдан бастап ҰБТ тапсыру процесін жасанды интеллект бақылайды деген еді. Яғни әр бала жеке-жеке компьютерде бір-бір камераның бақылауымен отырып тест тапсыратын болған. Электронды тестті балалар қалай тапсырып жатыр?

– Біз негізі республикалық ҰБТ орталығының Жамбыл облысындағы филиалы болып келеміз. Әр өңірде біздегі секілді орталықтар бар. Өздеріңіз білетіндей, ҰБТ-ға биыл өзгерістер енгізілді. Биылғы өзгешелікті өздеріңіз білесіздер, бір камера, бір компьютер, бір оқушы деген қағидамен өтуде. Біздің облыс бойынша ҰБТ 2 пунктте жүріп жатыр. Тараз қаласы бойынша «Ustudy»компаниясымен келісім жасап, орталықтың Тараз қаласы, Тәуехан көшесінде орналасқан ғимаратында өтуде. Онда 210 компьютер және сонша камерамен қамтылған. «Ustudy»компаниясының тағы бір тест орталығы Шу  ауданында. Ол жерде 100 компьютер және сонша бейне бақылау жұмыс істеп жатыр. Біздің облыстың оқушылары осы екі орталықта ҰБТ тапсыруда.

Биыл ерекшелік сол, оқушы ҰБТ-ны қалаған жерінде тапсыра алады. Яғни таңдау мүмкіндігі берілген. Егер Таразда орын бітіп қалса Шуға барып тапсырса болады. Осы уақытқа дейін Тараз қаласындағы тест орталығына Қордай, Меркіден келіп тапсырып жатқандар да бар. Тест 6 мамырда басталды, 30 маусымда аяқталады. Ал тестке қатысуға өтініш 29 маусымға дейін қабылданады. Электронды тест тапсыру мәселесі бұрыннан мемлекеттік бағдарламаға еніп қойған. Бір жағынан бұл балаға да ыңғайлы. Мәселен, бұрындары балаға арнайы кітапша және жауап парақшасы берілетін. Ол бала алдымен өз жауабын белгілеп алады да, кейін бір қайталап оқып шығып, алдыңғы жауабына күмәнданса жауабын қайта өзгерте алмайтын. Себебі парақты былғауға, өшіріп, қайта жазуға болмайтын еді. Қазір компьютермен белгілеп кеткен жауабын қайта түзеуге мүмкіндігі бар. Одан бөлек, арнайы кітапшаларды жасату, оны аймақтарға жеткізуге де біраз қаржы жұмсалатын. Тағы бір артықшылығы, биылдан бастап, бала тест тапсыру күнін өзі таңдайды. Мәселен, ҰБТ алдыңғы жылдары 1 аптада өтіп кететін. Кейбір аудандарда тіпті бір-ақ күнде өткізіп жіберетін. Бір дегенде 500 баладан кіргізіп жіберіп, тапсыртатын. Ал бұл жерде бала 2 айдың ішінде қалаған уақытында тапсыруына болады. Бала қай күні, қай уақытта, қалай ыңғайлы, азанда  ма, түсте ме, таңдау еркі өзінде. Егер 5 пәнді таңдаса тест тапсыруға 4 сағат беріледі. Шығармашылықтан тапсыратын болса, оларға қосымша 1 сағат 5 минут беріледі. 4 сағат тапжылмай отыру деген жоқ, арасында үзілістер ұйымдастырылады. 1 сағат өткен соң 3 минут, 2 сағат өткен соң 15 минут, 3 сағат өткен соң 2 минуттай уақыт беріледі. Бала ол кезде бой жазып  келсе болады. Үзілісті қажет етпесе де өз еркі, ол уақыт бастапқа тест уақытына қосылып беріледі. Айта кетейік, тесттің нәтижесі бірден шығады. Бұрында балалар тестті ертеңмен тапсырып, қорытындысын кешке дейін қобалжып күтіп отыратын. Қорытынды кеш батқанда бір-ақ ақпараттық стендке ілінетін. Ал қазір бала тапсырып бола сала, компьютердің бетіне тест аяқталды деген жазу шығып, артынша қорытындысы шығады. Бала алған балымен келіспейтін болса, сол жерде арнайы тетікті басып, аппеляцияға беруге мүмкіндігі бар. Сол кезде келіспеген, қате жіберген сұрақтары монитордың бетіне шығады. Егер ол жауаптардың мектеп үйреткен бағдарламаға сәйкес келмейтінін дәлелімен жазып республикалық апелляциялық комиссияға жазып жібереді. Ол 30 күннің ішінде қаралады. Егер баланың жауабы дұрыс деп табылса, ол жағы да есепке алынып, балы қосылады. Осы уақытқа дейін апеляцияға бергендер болды, бірақ әлі 30 күн өткен жоқ. Маусым айының басында апелляцияға бергендерге балл қосылды ма, қосылмады ма сол жағы белгілі болады.

Сонымен бірге мұның алдында ҰБТ өткізгенде облыстық білім басқармасы, қалалық, аудандық білім бөлімдеріне әжептәуір ауыртпалық түсетін. Олар оқушыны апарып, әкеліп дегендей жауапкершілікті алатын. Ал қазір тестке оқу бөлімдерінің, мектептің қатысы жоқ, балалар өздері барады.

Тағы бір жеңілдік, грантқа түсу үшін балаларға тестті екі рет тапсыруға болады. Бізде 15 сәуірден бастап өтініш қабылдана бастады. Содан сәуірдің отызына дейін бірінші мүмкіндігін таңдады. Яғни мамырдың ішіндегі бір мүмкіндігін таңдады. Сол секілді мамыр айының 1-і күні екінші мүмкіндігін таңдады. Яғни шілде айында немесе мамыр айының соңында екінші рет тапсырса болады. Содан бала екі мүмкіндігін де пайланып, екі тестті де тапсырып шығады. Екі сертификаты болады қолында. Қай сертификатын қалайтын болса, қайсысы жарамды деп тапса соны таңдайды. Соның біреуін ғана апарып, ЖОО-ның қабылдау комиссиясына грант конкурсына тапсыра алады. Яғни екі тестке әртүрлі сабақтан бейімділігіне қарай немесе таңдаған пәнін қайта тапсыруы мүмкін. Барлығы өзінің қалауына қарай. Тест бұрынғыдай 1 күнде өте салатын дүрбелең емес. Ата-аналары да күннің астында үздігіп күтіп тұрмайды. Егер тест тапсыру кезінде электр жарығы өшіп, техникалық ақаулар болып қалған жағдайда да оқушылар басқа күні келіп, қайта тапсырса болады.

– Осы орталықтың директоры қызметін атқарып келе жатқаныңызға биыл үшінші жыл. Өзіңіз білесіз, соңғы екі жылда пандемияның салдарынан балалар қашықтықта оқыды. Бұл жағдай балалардың біліміне қалай әсер етті? Тест тапсыру кезінде білінді ме? Нәтиже қалай болып жатыр?

– Оқушыларға екі мүмкіндік беруді министрлік әдейі карантин, пандемияға байланысты беріп отыр. Келер жылы мұндай жеңілдік қарастырылмайды. Оқушылардың жалпы көрсеткішін айта алмаймыз. Мынау бала мынанша алды, мына бала мына пәнді таңдады деп ешкімге есеп бермейміз. Бұрынғыдай мектеп арасында рейтинг жүргізілмейді. Бала мектепті бітіріп шыққаннан соң, ары қарай ҰБТ тапсырып, тапсырмау өз еркі. Яғни оқушыға қатысты ешқандай ақпаратты жария етпейміз. Оқушы өзі жариялаймын десе өзі біледі. Тіпті тестке кірер алдында рұқсат етілмеген заттармен ұсталып, сол күнгі тестке кіре алмай қалған балалар бар. Біз оны да жасырын ұстаймыз. Осы уақытқа дейін Тараз қаласы бойынша 5 бала ұсталып, тесттен шеттетілді. Бірақ оларға басқа күні тағы бір рет тест тапсыруына рұқсат беріледі. Сол сияқты Шу ауданындағы орталықтан да 5 бала ұсталды. Олардың да қай ауданның оқушылары екенін айта алмаймыз. Басында мұндай қателік жасағандар тестке қайта кіргізілмейді деген. Бірақ, пандемия, оқушылардың қашықтан оқығаны барлығы ескеріліп, министрлік тестке тағы бір рет кіргізуге рұқсат берді.

Таразда 31 мамырға дейін 5436 бала тест тапсырса, Шу ауданында тапсырғаны 1200-ден асады. Денсаулығына немесе басқа да түрлі себептерге байланысты қосымша кіргізілген балалар да бар.

Дегенмен тестке дайындық өте жақсы жүргізілді. Наурыз айында толығымен оқушылар сынама тесттерін тапсырды. Сол кезде ұялы телефон, шпор секілді рұқсат етілмеген заттарды көп алып кірді. Бірақ сол сынама тест өткізгеннің арқасында балалардың ойы түзеліп қалды. Сынама тестке қатысқандар қалай кіру керек, не алып кірмеу керек екенін біліп алды.

Тестке арақашықтық сақтап кірді. Кіре берісте металл іздегіш арка бар, одан өтеді. Ол жерде күмәнді заттар бар екені анықталса, оқушы қайта тексеріледі. Егер жоқ болса ары қарай өте береді. Балаға отыратын компьютерінің логин, поролі беріледі. Логин мен порольді де тест орталығы бізге сол күні береді. Аудиторияға кіргенде баланың алдында планшет тұрады. Планшетке оның ИИН-і мен аты-жөні шығады, планшеттің бетіне қараған кезде орын көрінеді. Баланың тіпті қай жерге отыратын орнын да біз білмейміз. Оның барлығы программаның ішінде болады. Отырған баланың әрқайсысын бақылайтын жеке-жеке камера қосылады. Оларды елордадағы  мамандар бақылап отырады. Бізге ол тікелей телеграмм чатқа қосылған. Мәселен тест тапсырып отырған бала басқа баламен сөйлесіп немесе түсініксіз әрекеттер жасап яғни байқатпай ұялы телефонын ашып, шпор қолданып отырса, ол баланың орнын көрсетіп, ескерту жасаңыздар деп бірден бізге хабарлайды. Одан бөлек біздің өзімізде білім сапасын қадағалау департаменті, «Адалдық алаңының» өкілдері бар, олар да өзімізде отырып, экраннан бақылап отырады. Яғни баланың алған балы 100 пайыз әділ болуы үшін осы қадамдар жасалып жатыр.

– Ал, тесттің сипаттамасында өзгерістер бар ма?

– Өздеріңіз білесіздер биыл оқу сауаттылығында контекстер енгізілді. Контест дегеніміз оқу сауаттылығынан текст беріледі, соған қатысты тапсырмалар. Бұл жерде балалардың қиналып жатқаны байқалмайды. Нәтижелеріне қарасақ, 20 сұрақтың 18-17-не қиналмай жауап беріп жатыр. Математика сауаттылығына логикалық сұрақтар көп келеді.

– Бір кездері ата-аналар тарапынан тест тапсырмалары бар кітапшалар, әдестемелік құралдар кеш берілді, оқушылардың дайындалуына мүмкіндік болмады дегендей шағымдар түскен еді. Биыл бұл жағы қалай болды?

– Жоқ, ондай проблемалар болмады. Әдістемелік құралдар өткен жылдың соңынан бастап беріле бастады. Байқау сынағы кітапшаларын да алып жатты. Одан соң қаңтар айында ақылы түрде байқау сынамалары тапсырылып, сертификат берілді. Наурызда да ондай сынама тесттер өтті. Ол тесттен өткені туралы сертификаттар ақылы оқуларға түсуге жарамды. Алтын медаль иелері, грант байқауларына түсу үшін байқау сынағы ретінде болды. Сондықтан бала бұл жерде машықтанып қалады.

– Қалай ойлайсыз, тестке әдістемелік құралдарымен, дайын тест жауаптары бар кітаптармен дайындалған дұрыс па әлде сол пәндерді басынан оқып шыққан дұрыс па?

– Әр мектептің методикасы әрқалай. Қазақстан тарихында биылдан бастап атаулы күндердің тізімдері шықты. Тарихтан келетін жылдарға қатысты сұрақтар болса соны жаттау керек. Оның бәрі testcenter.kz сайтында жарияланды. Жылға қатысты сұрақтар тек солардың арасында келеді. Басқа сабақтардан оқулықты оқу керек және байқау сынақ тесттеріне міндетті түрде қатысуы тиіс. Өйткені ең болмаса 2-3-еуі тестте келеді. Логикасын дамытатын шараларға да қатысудың маңызы жоғары.

– Әңгімеңізге рақмет!

                                                        Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.