«Келін деген атқа ешқашан кір келтірмеуіміз керек»

0 10

Қазақ келіні қашанда отбасындағы ауызбіршіліктің ұйытқысы болған. Сондықтан отбасылық тәрбие, әдет-ғұрыптарды қайта жаңғырту мен оны сақтау мақсатында Тараз қаласында алғаш рет «Үлгілі келін – 2021» байқауы өткен болатын. Қазақтың әдет-ғұрпын құрметтеп, салт-дәстүрін берік ұстанған инабатты, ибалы қазақ келінін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған сайысқа ең шебер, пысық, сымбатты деген 20 келін қатысып, бақтарын сынады. Қатысушылар байқау шарттары бойынша алдымен өздерін таныстырып, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайында қойылған сауалдарға жауап берді. Мұнан соң өздері жасаған тағамдарын қазылар алқасына ұсынып, ұлттық киім үлгілерін көрсетті. Сәні мен салтанаты жарасқан келіндер сайысында бас жүлдені иеленген тараздық Кәмшат Төлегеновамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Кәмшат Сағидоллақызы, өзіңізбен жақынырақ таныссақ. Қай жақтың тумасысыз? Келіндер байқауы жайлы қайдан естіп-білдіңіз?
– Мен Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы, Жаңақала ауданында 1995 жылы 14 наурызда дүниеге келгенмін. Өзім Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледжді «Домбыра» мамандығы және Қазақ ұлттық консерваториясын «Домбыра және дирижер» мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Кішкентайымнан өнерге өте жақын болғандықтан домбырамен қоса, би үйірмелеріне де қатысып өстім. 2015 жылы Тараз қаласына келін болып түстім. Негізі балабақшада музыкант-хореограф болып жұмыс істеймін. Бірақ қазіргі таңда бала күтіміне байланысты демалыстамын. 3 жастағы Нұрдәулет және 5 айлық Дәулеткерей есімді екі ұлым бар. Қазір үйде ата-енемізбен бір шаңырақта тұрамыз. Үйде отырып айналысып отырған шағын кәсібім де бар.
Ал байқауға келер болсақ, сайыс жайлы қайын әпкем айтты. Ол кісі әлеуметтік желіден көріпті. Ата-енеме қатысуға ниетті екенімді айтқан едім, қарсылық білдірмеді. Жұбайым Әділет те консерваторияны қылқобыз аспабы бойынша тәмамдаған.
– Үйдің қаншасыншы келінісіз? Енеңізбен қарым-қатынасыңыз қалай?
– Үйдің тұңғыш келінімін. Енеммен, қайын әпкеммен қарым-қатынасым өте жақсы. Ол кісілер әрқашан қолпаштап отырады. Маған деген сенімдерін ақтау үшін ешқандай қателік жібермеуге, үй шаруасында немесе басқа кезде болсын барлығына үлгеруге тырысамын.
– Әлеуметтік желіде белсенді екенсіз. Бұл сіздің келіндік өміріңізге кедергісін тигізбейді ме?
– Рас, қазіргі таңда әлеуметтік желіде белсендімін десем де болады. «Instagram» желісіндегі @kamshatsagidolla парақшасын жүргіземін. Келін болғаннан кейін көп уақыт отыра алмаймын. Бірақ үй шаруасымен айналысып, тамағымды дайындап, балаларымды қарап болғаннан кейін «инстаға» уақытымды арнаймын.
– Жалпы қазақтың келіндері қандай болуы керек?
– Әрбір қазақ келіні ең бірінші ата-енесін, яғни үлкенді сыйлай білуі керек. Таңертең ерте тұрып, сәлемін салып, қою күрең шайын күлімдеп отырып беріп отырса, ата-енеге осындай адал сыйластықтан артық ештеңе жоқ шығар.
– «Үлгілі келін» жобасының алдағы жылдары жалғасы бола ма? Байқаудағы қарсыластардан басым болып, бас жүлдеге қол жеткізу оңай болмаған шығар?
– Бәсекелестерім де осал болмады. Бәрі бірінен-бірі өткен өнерлі де алғыр, пысық келіндер. Дайындықтары да өте жоғарғы деңгейде болды. Сол 20 келіннің ішінде бас жүлдені иелендім. Бұл да бір керемет жетістік деп ойлаймын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі жылы байқау міндетті түрде болады және маған қазылар алқасының қатарында отыру мәртебесі бұйырды. Байқау өте жоғары деңгейде өтті деп ауыз толтырып айта аламын. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.