Жамбыл жаңалықтары

Кемшілікке кеңшілік болмайды

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы жылу жүйелерін ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан көшелерді арнайы аралап, жай-күйімен танысты. Орын алған олқылықтарға байланысты жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, өзіне жүктелген міндетке жүрдім-бардым қарап, кемшілік жібергендерге кеңшілік болмайтынын ескертті. Сонымен қатар өңір басшысы қаладағы бірқатар дәріханаларды аралап, дәрі тапшылығы, препараттардың бағасының негізсіз өсуі сынды мәселелерді шешу жолдарын сала мамандарымен бірге талқылады.

Өңір басшысы алдымен Т.Рысқұлов көшесінде орналасқан «Әмір және Д» дәріханасына барып, ондағы жағдайды тексерді. Дәріхананың жұмысымен таныстырған «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Әмір Нұрсейітовтың айтуынша, мұнда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
– Ыстықты түсіретін дәрі-дәрмектердің тапшылығы жоқ. Антибиотиктер де табылады. Бірақ вирусқа қарсы препараттар таусылды. Қорды тұрақты толықтырып отырамыз. Жалпы вирусқа қарсы препараттардың дені шет мемлекеттерден келеді. Өкінішке қарай кей препараттарды алмастыруға қабілетті дәрілердің барлығы сатылып кетті. Мәселен бұған дейін «Цефтриаксон» дәрісінің жылына 60 мың құтысын сатсақ, соңғы екі айдың өзінде 70 мың құтысы сатылды.

Дәрілердің көбі дәрігердің рецептісі бойынша сатылып жатыр. Әр препаратты сатуда емдеу курсына қажетті мөлшері ескеріледі. Бір дәрінің бағасы өндіруші кәсіпорынға байланысты әр түрлі болады. Жеткізіп берушілермен келісімшарт бір жылға жасалады. Алайда келісімшарт бір жақтың бастамасымен қайта қаралуы мүмкін. Келісімшартта оның бағасы да көрсетіледі.
Қала бойынша алғашқылардың бірі болып өз цехымызда аскорбин, анальгин, демидрол сынды дәрілерді өзіміздің мамандар жасай бастады. Мәселен бір аскорбиннің күніне 50 миллилитрлік 200 құтысы әзірленеді. Әзірге бұл мөлшерден артық өндіру мүмкін болмай отыр. Цех шағындау. Басқа жерден өндірістік нысан тауып, құжаттарын реттеу ұзақ уақыт алады, – деді Ә.Нұрсейтов.
Осы ретте Бердібек Машбекұлы алыстан арбалап, шетелдерден дәрі-дәрмек тасымалдамай-ақ өзімізде бар мүмкіндікті тиімді пайдалана білу керектігін жеткізді. Бұған дейін дәрінің бір ғана түрін жасай алатын дәріхана цехтарының енді 4 түрін жасау қабілетіне ие болуы жақсы көрсеткіш екенін атап өтті.
Мұнан кейін Бердібек Машбекұлы Т.Рысқұлов пен Қ.Тұрысов көшелерінің қиылысындағы жылу құбырларын ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сметалық құны 231 миллион 587 мың теңгені құрайтын жобаның бас мердігері – «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы биылғы мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары алдағы қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Алайда Бердібек Машбекұлы компания жұмысын сын тезіне алып, жайбасарлыққа салынбай, жеделдетуді тапсырды.
– Егер бес шақырым болса түсінер едім. Бар-жоғы 500 метр жерді 4-5 ай бойы істеу ақылға қонымсыз. Шамаларыңа қарамай жобаларды үйіп-төгіп аласыңдар. Сөйтіп соңында үлгере алмай жүргендерің. Он сегіз адам жұмыс істейді дейсіз, көзбен көріп тұрмыз екі-үш адам ғана жүр. Бұлай болмайды. Жұмыс істеу керек. Керек болса, екі ауысыммен жұмыс жасаңыз. Таңертең жетіде келіп, кешкі тоғызға дейін жұмыс жүрсе әлдеқашан бітіріп қоятын едіңдер. Жұмысшылардың айлығын көтеріңдер. Олар таңғы тоғыздан кешкі 5-6-ға дейін істейді. Әрине содан кейін айлап-жылдап жүресіңдер. Жұрттан ұят қой. Тұрғындарды аясаңдаршы. Тұрғындардың күнделікті тіршілігіне, көлік қозғалысына қаншалықты кедергі тигізіп жатқандарыңды білесіңдер ме, – деген Бердібек Машбекұлы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құдайберген Қорғанбаевқа олқылыққа жол беру опа таптырмайтынын қатаң ескертіп, тиісті тапсырмалар берді.
Ал мердігер компания өкілі конкурс бойынша төрт ай берілгенін, дегенмен одан ертерек аяқтайтынын айтып, ақталып бақты.
Келесі кезекте өңір басшысы облыстық көпбейінді ауруханаcына ат басын бұрды. Аурухананың бас дәрігері Абай Нұржанов қазіргі ахуалды баяндап берді. Облыстың тұрғындарына жедел және жоспарлы стационарлық, білікті мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек пен емдеу-диагностикалық профилактикалық қызмет көрсететін көпбейінді емдеу мекемесінде бүгінде барлығы 1 552 медициналық қызметкер қызмет атқарады.
– Бәрін түсінеміз, қазір дәрігерлерге үлкен күш түсіп отыр. Күн-түн демей еңбек етіп жатырсыздар. Соған қарамастан халық тарапынан түрлі наразылықтар да туындауда. Кез келген мәселенің алдын алып жұмыс жасау қажет. Көңілі алаң халықты одан ары ашындырмау керек. Сіздерге өткенде де айттым, науқастардың хал-жағдайы, қандай ем-дом жасалып жатқаны жайлы туысқандарына хабарлама жіберіп отыру керек.
Ауруханада дәрі-дәрмек мәселесі қалай шешілген?! Емханалардағыдай қабылдау бөлмесінде тұрғындар сағаттап отырмай ма, – деп сұрау салды өңір басшысы.
Бас дәрігердің айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін «СК-ФАРМАЦИЯ» компаниясы шілде айына тапсырыс берілген дәрілерді әлі жеткізбеген.
– Компания әр айдың тапсырысын сол айдың соңына дейін жеткізсек болды деп есептейді. Дегенмен қазір ауруханада дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Антибиотиктер де, вирусқа қарсы препараттар да жеткілікті. Компанияға қосымша дәрі-дәрмек алу үшін 110 миллион теңгеге тапсырыс бердік.
Ал қабылдау бөлімінде күндіз екі дәрігер, түнде бір дәрігер жұмыс жасайды. Қосымша екі медбике және екі санитарлық жұмысшыларымыз да бар, – деді Абай Нұржанұлы.
Бердібек Машбекұлы дәл қазіргідей жағдайда бір сәтке де босаңсуға болмайтынын айтып, ауруханаға қайырылатын тұрғындар үшін барлық қажеттілік жасалуы керектігін тапсырды.
Сондай-ақ Төле би көшесінде орналасқан «Жасұлан» дәріханасына барған өңір басшысы мұнда да ең алдымен дәрі-дәрмекпен қамту ісіне назар аударды. Серіктестік директоры Қарлығаш Қаймолдаеваның айтуынша, дәріханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
– Дәл қазіргі уақытта тұрғындарға ең қажетті, сұранысқа ие дәрілердің барлығы да бар. Бірақ тез бітіп қалады. Күнделікті дәрі-дәрмек келеді. Мамандарымыз түнімен жұмыс істеп, жеткізіп жатыр. Бірақ таңертең сөреге қойылған дәрі түске дейін бітіп қалады. Егер «СК-ФАРМАЦИЯ» өз міндетін мүлтіксіз атқарса, дәріханалардың алдында ұзынсонар кезек болмас еді, – деді «Жасұлан» ЖШС директоры Қарлығаш Қаймолдаева.
Дәрі-дәрмекке қатысты туындаған барлық мәселені түбегейлі шешу үшін сала мамандарының бәрін жуырда арнайы жинайтынын айтқан Бердібек Машбекұлы түйінді мәселені уақыт оздырмай шешу керектігіне тоқталды.
Сонымен қатар бұл күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сатпаев-Қойгелді көшелеріндегі М7 жылу жүйесі құбырларын ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар «Ерко» 48 дәріханасына да барды.

 

ПІКІР