Облыстық әкімдікте

Кемшілікке кеңшілік жоқ

Written by Aray2005

Осы жылдың алты айында облыстың экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіші былтырғыға қарағанда жоғары, республика бойынша салыстырғанда да жүзіміз жарқын болмағанымен, жекелей алғанда кейбір аудандарда өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі кеміген. Сол секілді бөлшек сауда айналымы, құрылыс, шағын және орта бизнес, инвестиция тарту секілді бірқатар салалар бойынша да кемшіліктер кеткен.
Кейбір ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында құрылыс жұмысы жүріп жатқан нысандарға жергілікті адамдарды тарту деңгейі де көңіл көншіпейді. Тіпті бірқатар ауылдық округтерде соңғы екі жылда әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар салынбаған, жұмыссыздар саны артқан. Бір де бір тұрғыны мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие қаражатын, не мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алуға талпынбаған ауылдық округтер де бар. Осы тектес тағы да басқа олқылықтар облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісте әйгілі болды. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаетың төрағалығымен бейне байланыс арқылы өткен жиында негізінен өңірдің жарты жылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы, өңір тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы барысында жұртшылықтың жұмыспен қамтылу деңгейі қаралған еді.
– Бірінші жартыжылдықтың қортындысын аппараттық мәжілісте талқылағанбыз. Жалпы экономиканың өңірдегі дамуы осы жарты жылдықта 101,5 пайызды құрады. Бұл жөнінде үкіметтің соңғы өткен кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысына да баяндалды. Десе де біз алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция, эконмика, өндіріс, қайта өңдеу, шағын және орта бизнес салаларын дамыта түсуіміз керек. Осы жұмыстарды атқарумен қатар, ең бірінші кезекте індетпен күрес жүргізу ісін ширата түсуіміз қажет. Тұрғындар арасында дертті жұқтырғандар санын азайту маңызды міндет. Бірақ, өкінішке қарай, өңірде дерттің таралуы әлі де ушығып тұр. Соңғы мәлімет бойынша, өңірде дертке шалдыққан 2896 науқас тіркелді. Оның көрсеткіш белгісі тәулігіне 104 науқас. Әсіресе, Тараз қаласы мен Қордай, Сарысу, Байзақ, Жамбыл аудандарында ауруға шалдыққандар көптеп тіркелуде. Еліміз бойынша біздің облыстың атына жерлестеріміздің санитарлық талаптарды сақтауға құлқы болмауы, жасырын жиын-тойлар өткізуі жөнінде сын айтылуда. Бұны өзгелер айтпаса да өзіміз жүргізген рейдтер арқылы көріп-біліп отырмыз, – деді Бердібек Машбекұлы.
Бұдан бөлек өңір басшысы облыстағы дәрі-дәрмек қорының көлемі және оған бөлінген қаражат пен демеушілер тарапынан көмек ретінде аурухана мен емханаларға таратылған препараттар, құрал-саймандар жайын сөз етті. Науқастарды емдеу, оларға көмек, кеңес беру жайын бақылауда ұстауды, ең үлкен мәселе індепен күрес жүргізу және экономиканы да ұмытпау екенін еске салды. Наурыз айында барлық деңгейдегі әкімдерге ауыл шаруашылығында игерілмей жатқан суармалы жерлерді есепке алып, оны пайдаға асыру керектігі жөнінде тапсырма берілгенін, бірақ мыңдаған гектар жерлер әлі игерілмей жатқанын, жер жағдайы картоп өсіруге қолайлы деген Жуалы ауданы да бұл үдеден шыға алмай отырғанына қынжылды.
Есепті мерзімге орай облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің талдау қорытындыларын облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова тәптіштеді. Ол сауда мен көліктен басқа өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында ілгерілеу бар екенін, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірісі де артқанын, жұртшылықты баспанамен қамтуда 250,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш 10,9 пайызға ұлғайғанын, 139,2 миллиард теңгеге инвестиция тартылып, оның да көлемі 6,4 пайызға өскенін сөз етті.
– Өнеркәсіп құрылымындағы 73 пайыз өнім өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Саладағы өсімге кен өндіру өнеркәсібінде 3,1 пайызға, электрмен жабдықтау 8,6, сумен жабдықтау 11,6 пайызға артуы есебінен қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі өткен жылдың тиісті кезеңінің деңгейінде 100 пайыз қалыптасты. Өңірлер бөлінісінде өнеркәсіп өндірісі көлемінің өсуі 8 ауданда байқалады. Оның ішінде Тараз қаласы 100 пайыз деңгейінде. Ал, бұл көрсеткіш Меркі ауданында 1,3, Мойынқұм ауданында 3,6 пайызға төмендеген. Меркі ауданының әлеуеті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде де қуанарлық жағдайда емес. Қойдың саны Қордайда 10,9 пайызға, Мойынқұмда – 2,5, Сарысуда – 4,8, түйе Байзақта – 1,7, Меркіде – 7,7, құс Жамбыл ауданында 6,7 пайызға азайып отыр, – деген Г.Жауынбекова жетістіктермен қоса осы тектес өзге де бірқатар кемшіліктерді атап өтті.
Облыстың барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жоғары деңгейде қалыптастқанымен, өңірлер бөлінісінде Талас ауданынан басқа Сарысу ауданы 3, Меркі, Мойынқұм аудандары 2, қалған аудандар 1 көрсеткіштен орындай алмағаны айтылды. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану жайын тарқата айтып берді. Босалқы жерлердегі егістіктің әлеуетін қозғай отырып, осы жылы 85,4 мың гектарды айналымға енгізу жоспарланса, І-жартыжылдық бойынша жоспар 24,2 мың гектар, ал нақты айналымға қосылғаны 35,2 мың гектарды құрағанын жеткізді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан 36,4 мың гектар жер мемлекет меншініне қайтарылғанын, үй іргесіндегі егістік жердің игерлуі өткен жылмен салыстырғанда 1569 гектарға артқанын, яғни 11 689 түтін әуіл ішіндегі бау-бақшасынан өнім алуға ден қойғанын тілге тиек етті.
– Былтыр ауыл шаруашылығы дақылдарын егетін 715 мың гектр егістік жер болса, биыл оның көлемі 27,9 гектарға артты. Мұның көлемін арттыра түсуге бізде толық мүмкіндік бар. Оның екі жолының бірі жерлерді конкурс арқылы айналымға енгізу, екіншісі жайылымдық жерді егістік жерге айналдыру. Ол үшін барлық аудандар бекітілген жоспарды уақытында орындауы керек. Біз мал зақым келтірмейтін және дала өртінің алдын алуды ескере отырып, тиісті министірліктен орман қорындағы 1,1 миллион гектарға шөп шабу, мал жаю жөнінде келісімін алынып, нәтижесінде 2,1 миллион гектар орман қоры жерін жайылым ретінде пайдалануға қол жеткіздік, – деді Берік Болатұлы.
Өз кезегінде облыс әкімі егіс үшін суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологиясын пайдалануды жүзеге асыру керектігін айта келе, қырғызға тәуелді болмас үшін су бөгеттерін, дамбы салу мәселесіне де назар аудартты.
Кеңейтілген алқа мәжілісінде тұрғындардың жұмыспен қамтылуына ықпалы тиетін бағдарламалардың жүзеге асырылуы да талқыланды. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өңірде 826 жоба жүзеге асырылуы тиіс болса, Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов ауданында 1 нысаннан, Жуалы ауданында 3 нысанның жұмысы әлі қолға алынбағанын жеткізді. Жүзеге асырылып жатқан жоба аясында өңірде 16 мың 400-ден аса жұмыс орны ашылғанын, Талас, Мойынқұм, Қордай, Сарысу, Т.Рұсқұлов, Меркі аудандары ғана тиісті міндеттемені толық орындап отырғанын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, ең төменгі көрсеткіш бойынша Тараз қаласы алда тұр екен. Сондай-ақ ол «Еңбек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылға арналған» және «Нұрлы жол» бағдарламасының да жүзеге асырылу барысын да егжей-тегжейлі баяндап берді.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы Тараз қаласында 5 665 жұмыс орны ашылу керек болса, меже әзірге 2 624 жұмыс орнын ашумен ғана шектелген. Шарт бойынша жұмысқа тартылған азаматтардың кем дегенде 50 пайызын жергілікті тұрғындар құрауы тиіс болса, өңірде бес аудан бұл үдеден шыға алмай отыр. Оның ішінде ең төменгі көрсеткішке ие болып отырғаны – Жуалы ауданы, – деді Жорабек Нұрмергенұлы.
Жиында Бердібек Машбекұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін орындауда үш ауданның нәтижесі өте төмен екенін алға тартты. Тиісті басшыларға көрсеткіштің құлдырауына талдау жасау қажеттігін меңзеді. Барлық мүмкіндігі бола тұра, кейбір салалар бойынша көрсеткіші кері кеткен аудан әкімдерінен жауап алды. Өзімен-өзі самарқау күн кешіп жатқан, соңғы 1-2 жылда жұмыссыздар саны көбейген, мемлекеттік бағдарламаларға қатыспаған, несие немесе мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алмаған, демеуші тарапынан болса да әлеуметтік нысандар салынбаған, тұрғындар атынан арыз толастамайтын және басқа да кемшілігі бар Байзақ ауданындағы Көктерек, Жамбыл ауданындағы Ерназар, Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ, Т.Рысқұлов ауданындағы Қорағаты, Қордай ауданындағы Қақпатас ауылдық окруктерінің аты аталып, кейбір ауылдық округ әкімдерінен жұмысты жүргізе алмауының сыры сұралды. Олардың жауабына қанағаттанбаған өңір басшысы облыс әкімі апараты мен тиісті аудан әкімдері бірігіп, аталған ауылдық округтердің әкімдерінің өз қызметіне жауапкершілігін, жұмысының нәтижесін, керек болса, «Ол ауыл әкімі өз қызметіне лайық па?» деген мәсмелені де қарау керектігін тапсырды.
Жиын соңында Бердібек Сапарбаев межені орындауда, талап үдесінен шығуда кеткен кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша аудан әкімдеріне арнайы тапсырма беруден бөлек, малдың қысқы азығын дайындау, халықтың тұрмысын жақсартуда аянып қалмау, қазіргі ақуалға байланысты демеушілердің көмегін пайдалану, шақарлардың жылыту маусымына дайын болуы қажеттігін де еске салды. Бір ауданда жіберілген қателік, кеткен кемшілік, атқарылуы тиіс жұмыстардың шатқаяқтау мәнісі өзге ауданда қайталанбауы үшін, жауаптылар ол мәселені өз ауданында саралауы керектігін, кемшілік байқалса, олқылық орнын толтыру қамына қарай жұмыс істеуді назарға алуды тапсырды.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР