Облыстық әкімдікте

Кемшілікке кеңшілік жоқ

Written by Aray2005

Мемлекет қаржысын мақсатты игермегендердің маңдайынан ешкім де сипамайды

Кеше облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен алқа мәжілісі өтіп, күн тәртібіне төрт мәселе көтерілді. Оның алғашқысында құрылыс саласы бойынша 2020 жылға бюджетті қалыптастыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттардың дайындық барысы қаралып, бірқатар басқарма басшыларының баяндамасы тыңдалды.

Ең алдымен сөз алған облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров өз саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен орын алған олқылықтарға тоқталды.
– Жалпы, өңірдегі 368 жобалық-сметалық құжаттардың 278-і құрылыс басқармасына тиесілі. Оның ішінде бақылаудан алынған 173 жоба болса, соның 44-і мемлекеттік-жекешелік әріптестіктен өтіп, 63 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаржы бөлінді. Ал ауызсу бағытындағы 49 жоба энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына берілсе, 105 жоба бақылауымызда тұр. Міне, осы 105 жоба бойынша аудандармен жеке-жеке зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленбеген жобалар бойынша кемшіліктерді түзеуге 2 ай мерзім беріп отырмыз.
Ағымдағы жылдың жоспарына келсек, биыл 145 жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы қаралып, оның ішінде Мойынқұм ауданындағы қоршаған ортаға қатысты бір жоба бақылауымыздан алынып тасталды. Қалған жобалардың ішіндегі 51-іне мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталса, 58 жоба әлі өтуде. Ал 35 жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланбаған. Бұл кемшіліктердің орын алуына аудан әкімдері жобаға қатысты бюджетке өтінім беру кезінде жер учаскесін белгілеу және инженерлік құрылымын жасақтау сынды шарттарды орындамауы сеп болуда. Осындай олқылықтардың салдарынан биыл 35 жобаға әлі күнге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланбай отыр, – деді басқарма басшысы.
Бұдан кейін облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров мінберге көтеріліп, басқарма тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстарын мәлім етті.
– Басқарма тарапынан биылға 113 жоба әзірленуде. Оның 71-і ауызсу саласына тиесілі болса, 16-ы электр қуаты, 13-і жылу және 13-і табиғи газ бағытында.
2017 жылдан бері ауызсу жүргізу бағытында 22 жоба жүзеге аспай келеді. Оның ең көбі Тараз қаласында – 8 жоба болса, Мойынқұмда – 4 және Меркі мен Жамбыл аудандарында 2 жобадан бар. Жобалардың жоспарлы уақытта бітпеуіне басты себеп – бақылаудың жоқтығы. Құрылыс бөлімдерінен тиісті деңгейде тексеру жұмыстары жүргізілмеген. Және жобаларға өтінім бермей тұрып, құрылыс аймағы жіті зерделенбеген. Нәтижесінде осындай қиындықтарға тап болып отырмыз.
2018 жылы қолға алынып, ағымдағы жылдың 1 мамырына бітуі тиіс 20 жобаның да құжаттары әлі күнге дайын болмауда. Жауаптылар жыл соңына дейін аяқтаймыз деген уәж айтуда. Алайда біз бұнымен келіспей, жоспарлы жұмысты үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін бітіру туралы талап қойып отырмыз, – деді Нұрлан Жанұзақұлы.
Өз саласы бойынша сөз тізгіндеген облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Махашев те бірқатар түйткілдің бетін ашты.
– Жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу жобалары бойынша 2020 жылға республикалық бюджетке 8,5 миллиард теңгеге өтінім беріліп, қолдау тапқан болатын. Алайда Жол картасына сәйкес, 40 жоба ұсынылуы тиіс болса, соның 11-інің жобалық-сметалық құжаттары аяқталмаған. Атап айтсақ, Байзақ ауданында – 4, Т.Рысқұлов ауданында – 3, Меркіде – 2 және Шу мен Сарысу аудандарында бір-бір жоба қажетті сараптамадан өтпеген. Бұл өз кезегінде республикалық бюджетке берілетін өтінімнің жолын байлап, енді бұл жобаларды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мәселесін туындатып отыр, – деді басқарма басшысы.
Баяндамашыларды мұқият тыңдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов бірқатар аудан әкімдері мен жауапты тұлғалардан жауап алып, орынбасарларына жаза басқандарға шара қолдануға қатысты ұсыныс беруді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші кезекте «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының өңірде жүзеге асырылу барысы қаралды. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың сөзіне сүйенсек, жобаға барлығы 2,77 миллиард теңге бөлініпті. Және 163 перспективалы ауылдар тізімі бекітілген.
– 2019 жылға Байзақ, Жамбыл, Шу сынды үш аудан орталығы белгіленіп, онда 104 жоба іске асырылатын болады.
Өңірде мемлекеттік сараптама қорытындысы алынбаған құрылысы жүргізілуі тиіс екі жоба болатын. Оның біреуі Шу ауданы, Төлеби ауылындағы әмбебап залы бар спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы болса, екіншісі Төлеби ауылындағы Салтанат сарайының құрылысы. Бұл нысандардың құжаттары ағымдағы жылдың 15 мамырына дейін дайын болуы керек еді, алайда әлі күнге әзір болмай отыр. Бұдан бөлек Шу өңіріне тиесілі күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуі тиіс екі жоба белгіленген, бірақ мұнда да жергілікті билік жайбасарлық танытуда. Нәтижесінде енді ҚР Ұлттық экономика министрлігіне тиісті құжаттарды өткізе алмай отырмыз, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.
Түйіні тарқатылмаған түйткілге қаныққан аймақ басшысы Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақовқа бұл мәселені министрлікпен бірлесе отырып, біржақты шешуді жүктеді.
Мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалғаны маңызды. Және бөлінген теңгенің тетігін тауып игерілгені жүйелі жұмысты көрсетеді. Алқа отырысында келесі кезекте 2019 жылғы қаңтар-сәуірдегі облыс бюджетінің орындалуы және бюджетті игеру барысында орын алған кемшіліктер қаралды. Баяндамашы облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Роза Исаеваның сөзіне сүйенсек, есепті кезеңде облыс бойынша игерілген қаржы көлемі 98,6 пайызды құрапты. Игерілмеген қаржы көлемі республикалық қазына бойынша 362 миллион теңгені құраса, жергілікті бюджеттен бөлінген 822 миллион теңге тетігін таппаған. Мемлекет қаржысын мақсатты жұмсай алмағандардың көшін Тараз қаласы бастап тұрса, Қордай, Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу және Талас аудандары да кейін қалып келеді. Мұнда игерілмеген қаржы көлемі – 457 миллион теңгені құрап отыр. Және бұл фактор аталған аудандар мен қалада жылда қайталанатын көрінеді. Сол себепті Роза Әбдірқызы жарты жылдың қорытындысы бойынша жұмысты жүйелей алмаған жауаптыларды жауапкершілікке тартуды ұсынды.
Төртінші мәселе – «Қарапайым заттар экономикасы» жобасын іске асыру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және олардың жұмысын дамыту бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев есеп берді. Оның баяндамасынан білгеніміз «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша бүгінгі күнге жұмысшы тобымен 3 505 бизнес субъектілерінен сауалнама алынып, сомасы 28,3 миллиард теңгені құрайтын 71 жоба несиелендіру механизміне сәйкес келетіні анықталыпты. Қазіргі таңда екінші деңгейлі банктермен 5 жобаны қаржыландыру бойынша мәміле жасалып қойылған. Десе де бұл бағыттағы жұмыстарды Жамбыл, Жуалы, Шу аудандарында жандандыру қажет етілуде.
Ал ауыл шарушылығы кооперативтерін құру мен оларды қолдауға келсек, бүгінгі күнге барлық қаржы көздерінен 6,1 миллиард теңге көлеміндегі сома дайын көрінеді. Алайда нақты өтініштер келіп түспегендіктен бұл қаржы игерілмеуде. Міне, осы мәселені көтерген басқарма басшысы алдағы уақытта аталмыш бағыттағы жұмыстарды пысықтап, ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын күшейтетіндіктерін жеткізді.
Алқа мәжілісін қорытындылаған облыс әкімі күн тәртібіндегі барлық мәселелердің маңыздылығын баса айтып, әсіресе құрылыс саласындағы жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын дер кезінде әзірлеудің өзектілігіне тоқталды. Және аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бюджетке өтінім бермей тұрып, ең алдымен, құрылысқа қажетті жер мен инфрақұрылым мәселесін шешу қажеттігін қатаң ескертті. Және сөз соңында кемшілікке жол берген барлық жауаптыларға осы таңға дейін кешіріммен қарап келгенін тілге тиек етіп, енді жарты­жылдықтың қорытындысында жұмыс жүйесін таппаса, жазасыз қалмайтындарын тағы бір мәрте еске салды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР