Кемшіліктің салдарымен емес, себебімен күресу керек

0 12

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте бірнеше мәселе қаралды. Күн тәртібіне шығарылған алғашқы мәселе – еңбек қатынастарын реттеу және жалақы қарызы бойынша облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев баяндама жасады.

Жиынды ашқан Бердібек Машбекұлы мәселенің өзектілігіне назар аударып, бүгінгі таңда бірқатар кәсіпорында ұжымдық шарттың жоқтығынан еңбек даулары туындап жатқанын жеткізді.
– Жыл басынан бері бірнеше ірі кәсіпорынға арнайы барып, тыныс-тіршілігімен таныстым. Шынын айту керек, кейбір өндіріс орындарында ұжымдық шарт жасалмай, салдарынан сан түрлі мәселелер туындап отыр. Егер ұжымдық шарттың орындалуы бақыланып, кәсіподақ жұмысы жүйелі болса, кемшіліктерге жол берілмес еді, – деді Б.Сапарбаев.
Ал Қайрат Досаевтың айтуынша, есепті мерзімде облыста еңбек шиеленістері тіркелмеген. Өңірдегі ахуалды ұдайы бақылауда ұстап отыру мақсатында «Ыстық нүкте» картасы әзірленіп, еңбек даулары туындау қаупі бар кәсіпорындар енгізіліпті.
– Дегенмен ағымдағы жылдың 24 ақпан күні «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір топ жұмысшысы наразылық акциясын өткізген. Наразылыққа шыққандардың талабы – жұмысшылардың жалақысын көтеру. Көп ұзамай жұмысшы топ құрылып, мәселенің мән-жайы анықталды. Сонымен қатар «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы облыстық филиалының Тараз қаласындағы, Қордай, Шу, Талас аудандарындағы бөлімшелерінің қызметкерлері ҚР Президентінің атына жалақы мәселесі бойынша хат жазған. Қазіргі таңда «Қазақтелеком» оңтүстік өңірлік басқармасының басшылығымен бірлескен шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субьектілеріне қатысты ұжымдық 4 арыз-шағым түскен болатын. Сіздің өкіміңізбен шағын кәсіпкерлік субьектілеріне тексеріс ашылып, тиісті шаралар қабылданды. Сондай-ақ өткен жылдың ішінде тікелей тексерістер ашылмай, аудандық және қалалық үшжақты комиссия арқылы 50-ге жуық арыз-шағым қаралып, татуластыру механизмдері арқылы 100-ден астам азаматтың еңбек құқығы қорғалған. Жалпы 2020 жылы 48 аудандық және қалалық, 5 облыстық комиссия отырысы өткізілген. Ал биыл барлығы 568 жұмыскердің алдында 44,7 миллион теңге жалақы қарыздары анықталып, бүгінгі таңда толығымен жойылды.

Ұжымдық шарттарды облыста жұмыс істеп тұрған 9 838 кәсіпорынның 5 960-ы немесе 60,5 пайызы қабылдады. Сонымен қатар ірі 23 кәсіпорынның 8-інде ұжымдық шарт бекітілмеген. Атап өту керек, жыл басынан облыстағы ірі кәсіпорындар 10 пайызға, орта кәсіпорындар
7 пайызға, яғни барлығы 21 764 жұмыскердің жалақысын көтеріп отыр.
Осы орайда «Луговой жылқы зауыты» серіктестігінде орын алған жағдайға тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Серіктестік жұмысшыларға 32 миллион қарыз екен. Көп ұзамай прокуратура органдарымен бірлесе тиісті жұмыстар атқарудың арқасында, 284 қызметкерге 100 миллион қарыз екені анықталды. Қазіргі таңда жалақы қарызының 85 миллионы төленді. Қалған
15 миллион да көп ұзамай төленетін болады, – деген Қайрат Әскербекұлы арнайы жұмысшы тобын құру туралы ұсынысын айтты. Басқарма басшысы жұмысшы топ арқылы кез келген төтенше жағдайдың алдын алудың мүмкіндігі туатынын тілге тиек етті.
Осы орайда Бердібек Машбекұлы басқарма басшысының жұмысшы тобын құру туралы ұсынысын қолдайтынын білдірді.
– Кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек. Өкінішке қарай, артылған жауапкершілікке немқұрайды қарайсыздар. Жауапкершілік жоқ. Аудан әкімдерінің елдің ішінде не болып, не қойып жатқанынан хабарлары жоқ. Міне, нәтижесі қалай болды?! Егер бақылауда ұстайтын болсаңыздар, жұмысшылар наразылық акциясын ұйымдастырып, төрт ай бойы жалақы алмай жүрмейтін еді.
Тағы да айтамын, еңбек даулары болмас үшін, жалақы дер кезінде төленуі үшін үшжақты комиссия дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Жұмыс берушілердің өздеріне алған міндеттемелерді орындауын қадағалау керексіздер. Кәсіподақпен бірге жұмыс жасаңыздар, – деді Бердібек Сапарбаев.
Ал көзінің астындағыны көрмей, кемшілікке жол берген Мойынқұм, Т.Рысқұлов ауданының әкімдері олқылықтың орны толтырылғанын, енді қайталанбайтынын айтып, уәдені үйіп-төкті.
Мұнан кейін облыс аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін сақтау және газ қондырғыларын қауіпсіз пайдалану жұмыстары туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаевтың баяндамасы тыңдалды.
Ермек Жамбылұлының сөзіне сүйенсек, жыл басталғалы екі айдың ішінде төтенше жағдай критерийлеріне жататын 88 оқиға (97 пайызы өрт) тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өрт саны 13 пайызға өскен. Сондай-ақ өрт салдарынан 7 адам қаза тауып, 3 адам жарақат алған. 2020 жылмен салыстырғанда адам өлімі 3,5 есеге, ал жарақат алғандар 3 есеге өскен.
– Маған баяндаманы оқып берудің қажеті жоқ. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін не істеу керек? Департамент тарапынан қандай шаралар қолға алынады? Естеріңізде болса, трансформаторларды қоршау, электр сымдарын ауыстыру бойынша тапсырмалар берген болатынмын. Өкінішке қарай, қоршаусыз жатқан трансформатор, салбырап тұрған электр сымдары көп. Сонымен қатар қанша үйге датчик қойылды. Маған соны айтыңыз, – деді өңір басшысы.
Ал Е.Момбаев қазіргі таңда тұрғын үйлерге көміртегі тотығының концентрациясын ерте анықтайтын
1 499 датчик орнатылғанын, бұл бағыттағы жұмыстар Сарысу, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Байзақ, Мойынқұм аудандарында жүргізілмегеніне тоқталды.
– Датчиктер орнату бойынша үш жыл бұрын тапсырма берілген еді. Қазір 10 пайызына ғана орнатылған. Сонда қалғанына орнату үшін қанша жыл қажет. Әлде жұмыс жүргізу үшін міндетті түрде төтенше жағдай орын алуы керек пе? Үй өртеніп, газ баллоны жарылғанда жұмыс істейсіздер ме?
Ұлан Еркінұлы, сіз төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның төрағасысыз. Үш рет отырыс өткізіпсіздер. Бұл тым аз. Ай сайын өткізу керек. Айтылған кемшіліктердің барлығы сіздің тараптан бақылаудың болмауы мен тиісті ұйымдастыру жұмыстарын жүйелі жүргізбеуіңізбен байланысты.
Ермек Жамбылұлы, жұмыс істеңіз. Тәжірибеңіз бар. Ұйықтап жүретін болсаңыз, ешкім басыңыздан сипамайды,– деді Б.Машбекұлы.
Сонымен қатар жиында мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек баяндама жасады. Қанатбек Қайшыбекұлының айтуынша, 2020 жылы 5 миллион 800 мемлекеттік қызмет көрсетілген болса, соның 92 пайызы электронды түрде көрсетілген. Көрсеткіш бұрнағы жылдармен салыстырғанда жоғары. Дейтұрғанмен 2020 жылы үш басқармада, барлық аудандарда 79 мерзім бұзу фактісі тіркелген. Бұл бойынша жауапты қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Жиынды қорытындылаған Бердібек Машбекұлы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасарларына, басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.