Кең болсаң, кем болмайсың

0 13

«Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөзге арқа сүйеген қазақ әрқашан қайырымдылық жасап, қайырын көрген халық. Басынан қандай заман өтсе де жетім мен жесірін жылатпай, мұқтажға жәрдемдесіп, жығылғанға сүйеу бола білген ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін де осы алабөтен болмысы. Жомарт жүректі азаматтардың Алла Тағала берген мол несібесін құзғындай астына баспай, сұңқардай айналасына шашып жеп, қайырымдылыққа бет бұратыны – адамгершілік қасиеттің ең қадірлісі.

Халқымыздың қанындағы қайырымдылық, ізгілік қасиеттері, қиналғанға қол ұшын созу, барын бөлісу, жоқ-жітікке қанатымен су сепкен қарлығаштай болып көмекке ұмтылуы бүгінгі ұрпақ бойынан да жоғалған жоқ. Әсіресе дәл бүгінгідей ел бірлігі, төзімі сыналар шақта қарымтасыз қайырымдылық жасап, жабыққан жұртшылықтың жанына желеу, көңіліне демеу болуға тырысып баққан көңілі кең, жүрегі жұмсақ азаматтар қатары тіпті көбейе түск ендей. Күллі Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, басқа түскен қасіретті қайырымдылықпен жеңуге аянбай атсалысып келеді. Бұл қазақстандықтардың кез келген қиындықта жұдырықтай жұмылып, топтаса түсетінін аңғартты. Жамбылдық жомарт азаматтар да сын сағатта бұғып қалмай, тұтастығын танытып, ұйыса алатын ұлтжандылығын байқатты. Облыс орталығында, аудандарда түрлі деңгейде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, көпке көмек көрсетілуде. Мәселен Сарысу ауданында арнайы акция барысында аймақтағы қала, ауылдық округтердегі жалғызбасты көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік тұрмысы төмен 50-ге жуық отбасыға күнделікті қажетті азық-түлік үлестіріліп берілген.

– Бүгінде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты халық қиындықтарды бастан өткеріп жатыр. Осындай қиын шақта ауданымыздың қалталы азаматтары халыққа көмек қолын созуда. Арнайы қорға қыруар қаржы аударып жатқан кәсіпкерлеріміз де аз емес. Біз де осындай игі істен шет қалмай, мұқтаж отбасыларға аз да болса көмек беруді жөн көрдік. Ең бастысы – індеттің алдын алып, еліміз ауру-сырқаудан аман-есен шықса екен, – деген дархан пейілді сарысулық азаматтар игі істің алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтып, аты-жөндерін атамауымызды сұранды.

Коронавирус дерті өршіп тұрған қиын кезеңде мұқтаж адамдарға қол ұшын беру мақсатында талай дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғаған даңқты спортшыларымызда игі істің басы-қасынан табылуда. «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев «Bizbirgemiz» акциясы аясында өз қаражаты есебінен 100 отбасыға қайырымдылық көрсетті. Сол секілді еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров та 50 отбасыға көмек қол ұшын берді. Сондай- ақ «Bizbirgemiz» акциясы аясында Қордай ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев өз әулеті атынан Құран бағыштап, барлығы 60 аз қамтылған, көп балалы, мүкіндігі шектеулі жан тәрбиелеп отырған отбасы мен жалғызбасты аналарға тұрмысқа ең қажетті азық-түлік өнімдерін таратқан.

Тек елімізді ғана емес, жер бетін мекен еткен миллиардтаған халықты қорқыныш құш ағына қал д ырған қазіргідей қиын жағдайда қарапайым елге қайырым керек. «Кең болсаң – кем болмайсың» демекші, басқа түскен қиындық кезінде бай бол, кедей бол – қайырымды болу, қиналғанға көмек қолын созу баршамыздың азаматтық міндетіміз.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.