Диагноз

Кене шақты дегенше…

Көзге көп көріне қоймайтын кенеден де қауіп бар екені соңғы жылдары жұрттың мазасын ала бастады. Себебі, кененің шағуынан Конго-Қырым қанды безгегін жұқтырып, салғырттықтың салдарынан артынша адам өлімі тіркеліп жатқаны жасырын емес. Бұл деректер сақтық, алдын алу шараларының маңыздылығын одан әрі еселей түсуде. Әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірлерінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық жағдайы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Республиканың жазы ыстық келетін аумағында орналасқандықтан Жамбыл жерінде кенеден қауіп көп. Сол себепті облыста Мойынқұм, Сарысу, Талас, Жамбыл, Байзақ аудандарындағы 77 елді мекен және Тараз қаласының 6 шағын ауданы қауіпті қызбаның табиғи ошағы ретінде белгіленген. Өйткені, күн ысыса болды жыл сайын аталған табиғи ошақ аумағында қауіпті індетті сақтаушы және тасымалдаушы иксодты кенелер эпидемиологиялық белсенділігін танытып келеді.

Осы орайда облыс әкімдігі биылғы 21 ақпанда арнайы қаулы қабылдап, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының тұрғындарын қорғау жөніндегі шаралардың жоспарын бекіткен болатын. Соған сәйкес, бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда.

– Осы қаулы бойынша атқарылуы тиіс жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес сәуір айында басталған. Кенеге қарсы дезинфекциялық дәрі-дәрмектер сатып алуға биыл облыстық бюджеттен 99 миллион 591 мың теңге қаралды. Ал, малдарды және мал қоралары мен аулаларды дезинфекциялық дәрілеу үшін Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының жергілікті бюджетінен 77 миллион 622 мың теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржыға жоғарыда айтып өткен табиғи ошақ ретінде танылған жалпы көлемі 9 817 219 шаршы метрді құрайтын 30 042 аула, қора-жайлар залалсыздандырылып, 673 238 ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы егілетін болады. Бүгінге аумағы 7 221 927 шаршы метр болатын 24 298 қора-жайда тиісті дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, 552 278 ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы дәріленді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда, – дейді облыс әкімдігі ветеринария басқармасының бас маманы Айжан Оразбекова.
Сондай-ақ облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары да биылғы наурыз-сәуір аралығында мүдделі мекемелермен бірлесіп, ауыл шаруашылық малдарындағы және табиғаттағы кенелердің індеттену пайызы айқындалып, тұрғындар арасында санитарлық ағарту шараларының жүргізілгенін айтады. Қорытындысында эндемиялық аудандардан 25 мыңнан астам кене жиналып, оның барлығы зерттеліп, 74 сынамадан қанды безгектің қоздырғышы анықталыпты. Кенелердегі КҚГҚ қоздырғышының жұқпалылық пайызы 3-ті құраған. Бұл үш пайыз әзірге аса қауіпті бола қоймаса да, бар-жоғы білінбейтін кенеге жүрдім-бардым қарауға болмайтынын ескертіп тұрғандай. Өйткені, алда жаздың аптап ыстығы келе жатыр. Соған байланысты бұл көрсеткіш әлі де өсуі әбден мүмкін.

– Зерттеу жұмыстарының қорытындысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эндемиялық ошағының белсенділігін дәлелдейді және кез келген уақытта жергілікті тұрғындардың осы індетке шалдығуының қаупі бар. Бүгінгі күнге облыс бойынша кенеден 463 адам зардап шегіп, былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 1,8 есеге артып отыр. Кене шаққан адам санының көбеюі эпидемиологиялық болжам бойынша күтілген жағдай еді. Себебі, былтыр халыққа ақпарат берудің жаңаша тәсілдері енгізіліп, ауқымды санитарлық ағарту жұмыстары атқарылған болатын. Есесіне жұртшылық бұл аурудың қаншалықты қасіретті екендігін түсіне бастады. Қысқасы кененің шаққанына бейжай қарамайтындар қатары артып келеді, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті карантинді және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Айдын Қалматаев.

Кенеден зардап шеккен адамдардың барлығы 14 күндік медициналық бақылауға алынған екен. Оның ішінен 202-сі медициналық бақылаудың 14 күні өткендіктен және клиникалық белгілері мен шағымдары болмағандықтан есептен шығарылыпты. Қалған 261-і әлі медициналық бақылауда, шағымдары жоқ.

Департамент мәліметіне сүйенсек, биыл сәуір айында Сарысу ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен сырқаттанған 1 жағдай тіркелген. Қазіргі таңда сырқаттанушы тиісті емін алуда.
Қалай десек те бізге ақпарат берген қос маман да облыстың дәл қазіргі эпизоотиялық жағдайы тұрақты екенін жеткізді. Бірақ, бұл еш алаңсыз, қам-қарекетсіз жүре берсе болады екен деген әңгіме емес. «Сақтансаң сақтайды» дегендей, әрбір азамат Конго-Қырым қанды қызбасынан сақтану, аурудың алдын алу жолдарын жіті назарда ұстағаны абзал.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР