Диагноз

Кенеден келер кесел көп

Written by Aray2005

Дегенмен облыста сақтық шараларына барынша мән берілуде

Аса қауіпті дерттің бірі Конго-Қырым қызбасы көбіне маусымдық мезгілдерде, сәуір-тамыз аралығында көп кездеседі. Себебі де белгілі – ауруды тасымалдаушы кене адамды жылы уақытта шағады. Әрине, жыл сайын мамандар аурудың алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асырса да сырқатқа шалдығуды түбегейлі жою мүмкін емес. Биылдың өзінде облыста 1 науқас тіркеліп, ауруынан айыға алмай, көз жұмды. Ал облыс бойынша одан бөлек кенеден зардап шеккен 696 адам тіркеліпті. Олардың 109-ы эндемиялық аудандардан. Бұлардың барлығы 14 күндік медициналық бақылауға алынып, 423-і бақылаудан шығарылыпты.

Өңірдің табиғаты қыс айларында да жылы болатындықтан, сақтық шаралары жыл он екі ай жүргізіледі. Соның өзінде қатерлі қауіптің беті қайтар емес.
– Биылғы жылы тіркелген Конго-Қырым қызбасына шалдыққан 10 жасар қыз бала көз жұмды. Оның Өзбекстан Республикасының азаматы екені және сол жақтан науқастанып келгені белгілі болды. Осы жағдайдан кейін бүлдіршіннің отбасы еліне кері қайтарылды. Олар Байзақ ауданы, Ақшолақ ауылының маңындағы жол бойында орналасқан қараусыз қалған үйді паналап, тіленшілікпен айналысқан. Мамандарымыз дер кезінде сол маңның бәрін тексеріп, залалсыздандырды. Кенелер жиналып, зерттелді. Эпидемиологиялық тексерісте ешқандай ауру белгілері табылған жоқ. Олармен қарым-қатынаста болған кісілердің бәрі тексеріліп, 14 күн бақылауда болды. Ауылға санитарлық ағарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ол жерде ауру ошағының жоқ екені анықталды. Мұндай алдын ала тексеру, санитарлық ағарту жұмыстары жыл бойы жүргізіліп тұрады. Биылғы көктемгі барлау жұмыстары барысында облыс аумағындағы елді мекендерден 42 377 дана кене жиналып, оның 42 099-ы зертханада талданды. Зерттеу нәтижесінде 116 сынамадан Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышы анықталып, індеттену 2,8 пайызды құрады, – дейді облыс бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахимов.
Ұлттық сараптама орталығының мамандары ветеринарлық мамандармен бірлесіп, табиғи ошақ аумағында 15 сәуірден 16 мамырға дейінгі аралықта
1-кезеңдік залалсыздандыру жұмыстарын да жүргізіпті. Енді күзгі 2-кезең тамыз айына жоспарланған. Мұнда негізінен, табиғи ошақ аумағындағы 48 елді мекенде қорғаныс алқабы мен қора-жайлар, ауыл шаруашылық малдары залалсыздандырылады.
– Облысымыздағы тиісті медициналық мекемелерде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған адамдарға арналған дәрі-дәрмек, таңу, дезинфекциялық материалдардың және қан алмастырғыштардың, вирусқа қарсы препараттардың қажетті резервті қоры дайындалды. Науқастарды уақытылы оқшаулау, сонымен қатар емдеу және кене шаққаннан зардап шеккендерді 14 күн аралығында бақылауды қамтамасыз ету мақсатында 87 провизорлық бөлімдер ашылып, провизорлық төсектермен қамтылды. Тұрғындарды аталмыш індеттен қорғау мақсатында барлық мүмкіндікті пайдаланып, санитарлық ағарту жұмыстары өңіріміздің аумақтарында жүзеге асырылуда. Табиғи ошақта қоныстанған тұрғындарды сақтандыру үшін үстіміздегі жылдың 26 наурызынан 4 сәуірге дейін Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласында құзырлы мекеме мамандарымен семинарлар ұйымдастырылды, – дейді Күмісбек Рахимұлы.
Адамды ажал аузына апаратын бұл дерттен сақтанудың бірден-бір жолы – қорғаныс шараларын мұқият ұстану. Яғни мүмкіндігінше табиғи ошаққа шығуды шектеп, көкмайсаға серуендегенде жең, балағы ұзын, ашық түсті киініп, аэрозоль, репеллент секілді жәндіктерден сақтандыратын құралдарды қолданған жөн. Мал шаруашылығымен айналысатындар түлікті өріске шығарарда, қырықтық алдында қора-жайға кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын міндетті түрде жүргізуі керек. Малдарға күтім жасағанда жоғарыда айтылғандай киініп, қолға қолғап, бетке бетперде, көзілдірік тағып, қорғану қажет. Егер Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдыққан кісімен қарым-қатынаста болсаңыз, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгініңіз. Вирустың берілуін тоқтату, жұқтырудың алдын алу үшін жабысқан кенені мүмкіндігінше тездетіп, қысқышпен езіп алмай, ұқыптылықпен ажыратып, орнын йод тұнбасымен сүрту керек. Қандай жағдайда да дене қызуы көтерілсе, бірден дәрігерге қаралған жөн. Себебі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алғашқы белгілері дәл суық тигендей әсер береді екен.

«Сақтансаң, сақтайды» демекші, күн жылына салысымен жәндік біткенге жан бітіп, түрлі қауіптің төнетінін ескеріп, мамандардың кеңесіне құлақ түрейік. Сонда ғана аурудың алдын алып, қайғылы жағдайдың орын алмауына мүмкіндік тумақ.

Қамар Қарасаева

ПІКІР