Қоғам

Кеңес беретін кеңсе қаңырап тұр

Written by Aray2005

немесе бағдарламаның «бағын» қолдан байлап отырған кімдер?

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді дана қазақ. Расымен де басыңда басыбайлы баспанаң болмаса, ешқандай бабың болмайды. Ал бүгінгі таңда баспана мәселесі талайдың басын қатырып тұрғаны ащы да болса шындық. Үш адам бас қосқан ортада екеуі баспаналы болу бақыты бұйырмай жүргенін айтып, мұңын шағады. Әрине, соңғы жылдары мемлекет тарапынан өзекті мәселені шешудің түрлі тетіктері жүзеге асып, тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Дегенмен талайды толғандырған түйінді мәселе толықтай шешімін тапқан жоқ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жылдар­дағы Жолдауларында халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп, нәти­жесінде бұл бағыттағы жұмыстар жыл санап жандана түсуде. Мәселен, Мемлекет басшысы өткен жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқа­ты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» атты Жолдауында: «Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асыру­дамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетім­ді­лігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағ­дарламасы қолға алынды. Әкімдерге жер­гі­лікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара суб­си­дия­лау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бюджет есебінен салынатын жаппай құры­лыс алаңдарына арналған инженерлік инфра­құры­лым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматқа қолдау көрсетеді» деп жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Облысымызда көп ұзамай Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының алға қойған мақсат-міндеттеріне сай нақты жұмыстар басталып та кетті. Тіпті елімізде алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасы негізінде Тараз қаласы, Қойгелді көшесі №173 мекенжайында «7-20-25» бағдарламасы бойын­ша орталықтандырылған түсіндіру кеңсесі құрылды. Аталған орталықтың ашылу сал­та­на­тында сөз алған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров: Бұл кеңсені ашудағы басты мақсат – облыс, қала тұрғындарына «7-20-25» бағдарламасының шарттарын, жеңілдіктерін түсіндіріп, бір жерден хабардар ету. Тұрғындар ендігі жерде ешбір делдалсыз жергілікті атқарушы билік пен екінші деңгейлі банк арқылы пәтерлерін рәсімдей алады» деп сүйіншілей жеткізген еді. Шара барысында орталықтағы қаз-қатар тізілген мамандарды, кеңес алу мақсатында ағылып келіп жатқан тұрғындарды көріп, көңіл сүйсініп-ақ қалған болатын. Сонда көзбен көргеніміздей, аталған кеңседе алдағы уақытта жергілікті әкімдіктің қызметкерлерімен қатар, бағдарламаға қатысушы екінші деңгейлі банктер мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілдері қала тұрғындарына кеңестер беріп, жеңілдіктер туралы хабардар ететін болған. Сөйтіп, жиыннан желпініп қайтып, кейін кеңседен бағдарлама бойынша кеңес алуға таныс-білістерді үгіттеп те жүрдік.
Көпке көмегін тигізіп, баспана алуға аз да болсын септесер деген кеңсеге таяуда тағы арнайы ат басын бұрдық. Өкінішке қарай, бұл күні кеңес алу мақсатында келіп, кеңсенің есігін күзетіп тұрған қала тұрғындарының қатарын толықтырып қайттық. Түскі үзіліс уақытынан (түскі үзіліс 13.00-15.00) табаны күректей 45 минут өткенімен бірде-бір маман төбе көрсетпеді. Уақыт өткен сайын келушілердің қатары көбейе түсті. Өзін Тараз қаласының тұрғыны Сандуғаш Сартаева деп таныстырған келіншек бағдарлама туралы әртүрлі мәлімет естігенін, сол себепті де анық-қанығын мамандардың өз аузынан білуге келгенін айтады.
– Орталықтандырылған түсіндіру кең­се­сі­нің ашылғаны туралы бірнеше ай бұрын жаңа­лық­тардан көрген болатынмын. Қарбалас жұмыс­тар­мен келуге мұршам болмай, мұнда бас сұғудың бүгін ғана сәті түсті. Шыны керек, бағдарлама жайында көп нәрсе білмеймін. Ал білетіндермен сөйлесе қалсаң, әрқайсысы сан түрлі ақпарат береді. Сондықтан да бағдарлама туралы бүге-шігесіне дейін білмек оймен кеңсеге келіп отырмын. Мені «7-20-25» бағдарламасының бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасынан қандай өзгешелігі бар, үй қай ықшамауданнан беріледі, қандай құжаттар жинау керек» деген сынды бірқатар сұрақтар қызықтырады. Бірақ бүгін ешкімге жолыға алмай, босқа уақытымды жоғалтатын секілдімін, –
дейді С.Сартаева.
Осылайша күте-күте төзіміміз таусылып, күдерімізді үзіп, келген ізімізбен кері қайтуға тура келді. Күн ұзартпай келесі тәулікте тағы да кеңсе алдынан табылдық. Бағымызға қарай, бұл күні жолымыз болды. Алайда тым ерте қуанған екенбіз. Кеңседе әуелгідей қызу жұмыс жоқ. Екінші деңгейлі банк өкілдерінің орны қаңырап бос тұр. Ал біз барғанда алдындағы кеңес алушыны шығарып салып отырған Тараз қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманынан қанағаттанарлықтай жауап ала алмадық. Барлық мәліметті тек екінші деңгейлі банк өкілдері беретінін айтқан маман «7-20-25» бағдарламасы туралы там-тұмдап білгенімен бөлісті. Сөйтіп, керекті мәліметтің барлығын «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының облыстық филиалынан ала алатынымызды айтып, жөн сілтеді. Ал облыстық филиал мамандары «7-20-25» бағдарламасы бойынша банк лицензияны енді алғанын айтады.
Міне, былтыр алаулатып-жалаулатып ашылған кеңсенің бүгінгі тынысы осындай. Кеңес беруге арналған кеңсе қаңырап бос тұр. Ал тұрғындар кеңседен қанағаттанарлықтай ақпарат ала алмаған соң әр банкке сабылып, табанынан таусылып әлі жүр.

Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгиннің айтуынша, бағдарлама жүзеге аса бастаған алты ай ішінде облыстағы банктерде жалпы сомасы 721 мил­лион теңгені құрайтын несие қаражаты бойынша 80-нен астам өтінім қабылданған екен. Оның ішінде 400 миллион теңге көлеміндегі 45 өтінім мақұлданып, 35 азаматқа 300 миллион теңге несие беріліпті. Бәлкім, ақпараттық орталық өздеріне жүктелген міндетті тиянақты орындаған болса, көрсеткіш бұдан да жоғары болар ма еді?! Әйтеуір, орталықтың жұмысы тәп-тәуір басталып, соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе деп тілейміз.

Талғат Нұрханов

ПІКІР