Мәдениет

Кеншілер шаһарының келісті тойы

Written by Aray2005

Дана қазақ «Елу жылда — ел жаңа» дейді. Бұл тәмсілдің қай кезеңде айтылғанын бағамдау қиын. Бірақ Сарысу ауданының орталығы — Жаңатас қаласының бүгінгі көрінісіне қарап, осы бір аталы сөздің ақиқатпен астасқандығын ұғынасың. Расында, құлпыру мен құлдырау кезеңін бастан өткерген кеншілер шаһары кейінгі жылдары адам танымастай өзгеріп, көркейген үстіне көркейіп келеді. Осылайша Жаңатас жартығасырлық белесін жемісті жетістіктермен қарсы алып отыр.

Өткенге шегініс жасасақ, шағын қаланың шежіресі 1964 жылдан бастау алады. Сол жылы бұрынғы Бүркітті қыстағының аумағында «Жаңатас» кеніші ашылып, оны өндірістік тұрғыдан игеруге басымдық беріледі. Осылайша қарт Қаратау қойнауында қауырт жұмыс қарқын алады. Кен қазумен қатар, кент құрылысы да қатар өрбіді. Жаңатас кенді алабы Бүкілодақтық құрылыс алаңы деп жарияланды. Жұдырықтай жұмылған жерде жұмыс өнімді болмай ма? Аз ғана уақыттың ішінде әлеуметтік нысандар бірінен кейін бірі бой көтеріп, халық саны да едәуір артып шыға келді. Ал 1969 жылы 25 маусымда Жаңатас поселкесіне қала мәртебесінің берілгендігі жөнінде Жарлық шықты.
Міне, осылайша жас қала тікелей Мәскеудің қамқорлығының арқасында қанатын кеңге жая түсті. Тіпті 1989 жылы шағын шаһар тұрғындарының саны 60 мың адамға жуықтады дегенге біреу сенсе, біреу сенбейді. Осы тұста тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырауды тілге тиек етпей өте алмаймыз. Жаңатас та еліміздегі өзге моноқалалар сияқты дағдарыс «дауылын» сезінді. Бұрынғы одақтас мемлекеттер арасындағы байланыстың үзілуінен өндірілген өнімдер өткерілмей, тау-тау болып үйіліп жатты. Соның салдарынан жұмыссыздық белең алды. Ашуға булыққан тұрғындар аштық жариялап, ереуілге шықты. Күнкөріс қамымен сыртқа қарай көшетіндер көбейді. Оның үстіне қалада жылу, су, жарықтың тұрақты берілмеуі жығылғанға жұдырық болды. Мұның соңы көптеген тұрғын үйлердің қаңырап бос қалуына алып келді.
Мойындау керек, 1997 жылы Жаңатас қаласының Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Сарысу ауданының орталығы болып бекітілуі тұралаған тірліктің тіктелуіне жол ашты. Шағын шаһарды үлкен үміт кернеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейе түсті. Араға он жыл салып, алғашқы үйлер қалпына келтіріле бастады. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында кеншілер шаһарының екінші тынысы ашылды. Мұның барлығы да берекелі бірлік пен жарасымды тірліктің көрінісі. 2013 жылғы дүлей дауылда да дүйім жұрт дүрліккен жоқ. Қашанда қиындықты еселі еңбекпен еңсеруге дағдыланған сарысулықтар табиғаттың тосын мінезіне де салқынқандылықпен тойтарыс берді. Есесіне билік тарапынан барынша жағдай жасалып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің шатырлары толықтай бүтінделді.
Жаңатас қаласы қазір тіптен жайнай түскен. Келісті көшелер, сәнді саябақтар, айшықты алаңдар кім-кімнің де көңілін марқайтары сөзсіз. Мұның бәрі айтуға оңай, әрине. Ал оның астарында жасымас жігер мен қажымас қайрат жатыр. Міне, кеншілер шаһарының 50 жылдық мерейтойын атап өтудің де мән-маңызы осында болса керек.
Расында да өткен аптада Жаңатастағы дүбірлі думан қалың көпшілікті қуанышқа бөледі. Әуелі Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлерінің шаңырақтарына арнайы ат басын бұрып, сый-құрмет көрсетті. Мұнан кейін марапаттау рәсімдері аудандық және қалалық әкімдіктерде де жалғасты. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «Еврохим» ЖШС ұйымдастырған Жаңатас қаласының мерейтойына арналған көрме де құнды фотолармен ерекшеленді. Әнші, «Парасат» орденінің иегері Татьяна Бурмистрованың торқалы тойға тарту ретінде аудандық Мәдениет үйінде жеке концерт өткізуі де жергілікті жұртшылықты бір желпінтіп тастады.
Сенбі күнгі салтанаттардың да салмағы бөлек болды. Мерекеге алыстан ат арытып келген қонақтарды аудан басшылығы ыстық ықыласпен қарсы алып, ізгі тілектерін білдірді. Жиылған көпшілік «Еңбек Ерлері» аллеясында болып, бокс мектебі жанынан жасалған «Street Workout» алаңшасындағы спортшылардың қойылымдарын тамашалады. Мұнан соң «Ұрпақтар» аллеясын аралап, жаңадан салынған баскетбол алаңында өтетін жарыстың ашылу салтанатына қатысты. Аудандық Мәдениет үйінің алдындағы алаңшада қойылған қолөнер және сурет көрмелері, кітаптар инсталляциясы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің таныстырылымы шараның шырайын арттыра түсті.
Осы күні аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында Жаңатас қаласының өткені мен бүгінін баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Ән әуелеп, күй күмбірледі. Көңіл толқытар келісті кеште аудан әкімі Қанатбек Мәдібек құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады. Шаһардың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарды сахна төріне шақырып, лайықты сый-құрмет көрсетті. Ал кешкісін қаланың орталық алаңында «Жаңатас – орындалған армандар қаласы» атты мерекелік композиция қойылып, отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Тамаша думан ғаламат отшашумен өз мәресіне жетті.

Бұл тойдан біз не түйдік? Халқымыздың «Елу – ердің жасы» деген тағы бір тәмсілі ойға оралды. Жалындаған жиырмасында жадап-жүдесе де жасымаған Жаңатас отызында оңалып, қырқында қайраттанып, елудің белесіне еңсесі тік қалпында жетті. Бұл мереке еңбек пен ерік-жігер тізе қосқан жерде еңсерілмейтін қиындық болмайтынын түйсіндіргендей. Жасай бер, жайнай бер, Жаңатас!

Тұрсынбек Сұлтанбек,

Сарысу ауданы

ПІКІР