Керек 15 дерек

0 0

 

«ARAI» газетінің ең алғашқы нөмірі 2005 жылдың 13 қазанында жарық көрді. Тұңғыш нөмірде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлт руханиятының абызы Шерхан Мұртазаның «Мен ұлтым деуден қорықпаймын» атты көлемді сұхбаты басылды.

* * *

Жарыққа шыққан жастар басылымының алғашқы бас редакторының орынбасары Бақытжан Оспанов, жауапты хатшысы Марат Құлибаев, беттеуші дизайнер Асыл Қартабай, теруші Динара Естаева болған. Сонымен қатар газеттің алғашқы нөміріне Азамат Есалы кезекші редакторлық еткен.

* * *

Ақпарат саласында тәй-тәй басқан басылымның шығармашылық тобы сайдың тасындай іріктелген азаматтардан құралған. Мәселен 2006 жылдың қараша айында газеттің тілшісі Ерлан Жүніс ІХ халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдесін иеленген. Сондай-ақ басылымның алғашқы нөмірлеріне атсалысқан Азамат Есалы бірінші жүлдені олжаласа, тағы бір тілші Хамит Есаман фестиваль дипломанты атанды.

* * *

2006-2013 жылдары газетте белгілі балалар жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлдихан Қалдыбаев еңбек етті. Жазушының газетте жарық көрген «Мың түрлі ой» атты көлемді жазбалары кейін «Көңіл көмбесі» деген атпен кітап болып басылып шыққан.

* * *

Газеттің №3 саны шығып жатқанда белгілі ақын, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жақсылық Сәтібеков арнайы құттықтап, шығармашылық ұжымға сәттілік тілеген.

* * *

2006 жылдың қаңтар-ақпан айларында белгілі жазушы-журналист, елімізге танымал қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын мен газет тілшісі Азамат Есалы газет арқылы хат жазысады. Онда қоғамдағы өзекті мәселелер жан-жақты қозғалған.

* * *

Газет тарихында 2011-2012 жылдары жазушы Телғара Үсембаев еңбек етті. Осы жылдар аралығында белгілі журналист «Ауыл» бетін ұйымдастырып отырған. Тағы бір айта кетерлігі, журналист газет редакциясында еңбек ете жүріп, «Жалғыз қара» атты әңгімелер мен повестер жинағын жарыққа шығарды.

* * *

2012 жылдың қазанында тілшілердің шығармашылық тобы құрылып, оның жетекшісі Табиғат Абаилдаев болды. Ал 2014 жылдың жазында шығармашылық топ экономика, мәдениет және саясат бөлімдеріне бөлінген.

* * *

2013 жылы жастар газеті «Жылдың ең үздік басылымы» атанды.

* * *

2014 жылы газеттің фототілшісі Алтынбек Қартабай Рахымбай Ханалы атындағы халықаралық сурет байқауының лауреаты атанды. Сондай-ақ ол 2019 жылы ашық аспан астында облыста бұрын соңды болмаған «Мөп-мөлдір көздер қарасы» атты фото-поэзия көрмесін ұйымдастырды.

* * *

2014 жылы бұқаралық ақпарат құралдары күні қарсаңында «ARAI» командасы кіші футболдан чемпион атанған. Сол жолы журналистер арасындағы спартакиадада газет ұжымы жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді.

* * *

 

2015 жылдың қараша айында жастар басылымының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында газет тілшісі Есет Досалы «Жастар басылымындағы жылдар» атты кітабын шығарды.

* * *

2018 жылы басылымда «ARAI» аруы» жобасы қолға алынды. Басылымның айтулы сұлулар сайысына бас-аяғы 18-29 жас аралығындағы 17 үміткер қатысып, редакция оқырмандарының ой-пікір лебіздері, дауыстары сараланып, Тараз қаласынан Малика Аршабек жеңімпаз деп танылды.

* * *

2019 жылы Дәулет Төленді бас редакторлық ететін жастар газеті бұқаралық ақпарат құралдары күні қарсаңында «Жылдың ең үздік басылымы» атанды.

* * *

2005-2011 жылдары газетке Болат Бекжан бас редактор болды. Ал 2011-2012 жылдары «Арай» газетін белгілі журналист Оралхан Дәуіт басқарды. 2012-2017 жылдары жастар газетіне бастапқыда тілші болып келіп, бас редактордың орынбасары қызметін де атқарған Гүлнұр Ембердиева басқарды. Сондай-ақ басылымның жарыққа шығуына атсалысқан Масат Берік газетке 2017-2018 жылдар аралығында редакторлық етті. 2018 жылдың мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін Дәулет Төлендіұлы басшылық етіп келеді.
Дайындаған Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.