Керей ханға кесене орнатылса…

0 13

Әлемде туризм саласын жан-жақты дамытып, негізгі табыс көзіне айналдырып отырған мемлекеттер аз емес. Басқаларды былай қойғанда, соңғы жылдары жоқтан бар жасап отырған көршілес қырғыз елінің «Ыстық көл» жағалауы жасарып, жылдан-жылға түлеп келе жатқандай көрінеді. Ал Бішкек – Тоқмақ бағыты күрежолында бой көтерген «Гавайи аралдары» кереметтей демалыс орнына айналып, онда өзіміздің Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан қыдырып келген жастар көптеп кездесуде. Осы жайттарға байланысты көптен бері толғандырып келе жатқан ойларымды ортаға салуды жөн көріп отырмын.

Киелі Шу өңірі табиғатының көркем, даласы дарқан да шуақты шапағатымен ел-жұртқа бақ-береке мен ырыс сыйлаған құтты мекен екендігі ел-жұртқа белгілі. Батысын облыстың тең жартысына жуық жерін қамтыған Мойынқұм алқабының құмды-қырқалы төбелері, шығысын Кіндіктас сілемінің батыс бөлігі, орталық және солтүстік бөлігін Шу-Іле тауларының Айтау, Хантау, Аңырақай таулары мен Жусандала үстіртті даласы алып жатыр.
Жыл санауымыздың бас кезінде сақтардың орнын Қаңлы мен Үйсін тайпалық одақтарының басқаны белгілі. Ал V ғасырдың орта тұсында Шу өңірінде де қалалық мәдениет бой көтереді. Орта ғасырда өмір сүрген арабтардың ұлы ғалымының бірі әл-Мақдиси өзінің бір еңбегінде Шу өзенінің қапталына орналасқан Баласағұн қаласы жайлы көп мағлұмат береді. Бүгінде ЮНЕСКО шеңберінде Баласағұн орны, яғни Ақтөбе қалашығы жүйелі түрде зерттеліп, аспан асты мұражайы құрылыстары жүргізілуде. Әсіресе Шу өңірінің есімі әлемге әйгілі Зұлқарнайынның өзін айлакерлігімен бітімге келуге мәжбүр еткен атақты Шу батыр есімімен тығыз байланысты. Сондықтан бұрынғы Ходжент өзені қаған Шу есімімен аталады. Жайсан даласындағы археологиялық ескерткіштер ғылымға жаңадан еніп және зерттеліп жатқандықтан, алдағы уақытта түркі тайпаларының көне тарихын оқып-білуде маңызды орынға ие. 2001 жылы басталып, қазіргі уақытқа дейін жалғасқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Жайсан ғибадатханасында 40-қа жуық культтік-мемориалдық кешен мен петроглифтер шоғыры анықталып, зерттелді. Көп жылғы археологиялық қазбалар барысында табылған құнды деректерді зерделеп талдасақ, Жайсан даласындағы көне түркі ғұрыптық ескерткіштері қазақ және түркі тілдес халықтарының ортақ мұрасы екені анық. Бұл ескерткіштердің хронологиялық шеңбері зерттеуші ғалым Айман Досымбаеваның болжамы бойынша VI-VIII ғасырларды қамтиды.
Уақыт өте келе, Шу өңірінің еліміздің шежіре­сінде аса зор маңызға ие болуы ХV ғасырдың орта тұсында Қазақ хандығының, яғни ұлттық мемлекеттігіміздің іргетасының қалану кезеңіне тұспа-тұс келеді. Атап айтсақ, 1428 жылы Барақ хан өлген соң Дешті Қыпшақтағы саяси билік Әбілхайыр ханға көшеді. Яғни 1457 жылы жаздың соңында Әбілхайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолстанға қарай көшеді. Тарихи аңыз бойынша көшуге Қобыланды батыр мен Ақжол би арасындағы дау-жанжал себеп болған деседі. 1457 жылы күз айының соңында көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойында қыстап шығып, 1458 жылдың ерте көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. (Б.Қойшыбаевтың дерегіне жүгінсек, бұл ұлы оқиға 1456 жылы жүзеге асқан).
Шудың төменгі бойын қыстап шыққанын ескерсек, Керей ханның таққа отырған жері Мойынқұм ауданының Хантауы екендігі шындық. Өйткені сол аймақта «Хан тақтары», «Хан қорасы», «Ханның жолы» сияқты жерлердің барлығымен қоса, таудың Хантауы аталуының өзі растап тұрған жоқ па?! «Жамбыл облысы топономикалық атауларының анықтамалығы» кітабында «Хантау, мұндай атау бекерден- бекер айтылмайды. Ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер болған соң айтылады. Ол таудың басында немесе баурайында халық Керей мен Жәнібек сұлтанды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты Қозыбасы болған. Хантауының басы шынында да қозының басына ұқсайды. Хантауының үш биігі бар, ең биік шоқысы – Сұңқар, екіншісі – Көкшоқы, үшіншісі – Қызылшоқы. Сұңқар тура қошқар болатын қозының дөң маңдайы, ал Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы тура қозының тұмсығына ұқсаса, Сұңқар шоқысының ту сыртында тұрған Көкшоқы мен Қызылшоқы қозының екі құлағына ұқсайды» деп суреттеледі. Расында да Бішкек – Нұр-Сұлтан күрежолымен Шу қаласынан Мойынқұм ауданына қарай автокөлікпен жүргенде Бәйдібек ауылынан өткеннен кейін ашық күндері оң жаққа зер сала қараған адамға солтүстік-шығыстағы Хантауының түстік беткейіндегі Сұңқар шоқысының қозыға ұқсас басы мен екі құлағы 50 шақырымдай қашықтықтан-ақ Айдарлы ауылына дейінгі аралықта анық байқалады.
2015 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында Шу ауданынан бірқатар тарихшы ұстаздармен Қазақ хандығының туы тігілген Хантауына аудан әкімдігінің қолдауымен автокеруен ұйымдастырғанбыз. Сапар барысында Хантау стансасынан 20-25 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Үлкен Хантағы», «Кіші Хантағы», «Бала Тағы» орындарымен танысып, даңқты шопан, Социалистік Еңбек Ері Шоман Шәріпбаев ақсақал мен жол көрсетуші Ғалым Құрманғалиұлының айтуы бойынша, Хан тағылардың ұшар басында хандар жан-жағын шолып, ақылгөй кеңесшілерімен ақылдасып, мінбер ретінде пайдаланып, көпшілікпен жиын өткізіп тұратын болуы керектігін білдік. Шу ауданының Далақайнар ауылынан 10 шақырымдай жерде 4-5 қарауыл төбе орын тепкен және солтүстік бағыттағы 50 шақырымдай жерде Хантауының түстігіндегі Сұңқар маңында 5 төбешік анық көрінеді. Жау әскерлері көріне бастағаннан-ақ, алғашқы қарауыл төбелерден от жағып белгі берілгеннен, Сұңқардағы төбелерден жағылған оттармен 30 шақырымдай қашықтықтағы Хан тағындағылар қарулы жасақтарын дайындай бастағаны анық. Өзім көп жылғы зерттеуге сүйеніп, ең биік шоқының бірі, Шыңғыс ханның заманында Шу өңірі Арқамен қоса Жошы хан ұлысының қарамағында болғандықтан «Үлкен Хан тағын» Жошының пайдалануы мүмкіндігін айта келе, өзімнің пікірімше, іргелес орналасқан «Кіші Хан тағына» Керей ханның отырғанын ұстаздар қауымына хабардар еткенмін. Ал оншақты шақырым жердегі ішкері үш жағынан баспалдақпен көтерілетіндей қашап жасалған «Хан қорасын» жаз жайлауында ел-жұртының басын қосып, қарасын көбейту үшін аса қолайлы орын болғандықтан Керей ханның пайдаланғаны айтпаса да түсінікті. Аңыз дерегінше, Жошының баласының өліміне байланысты «Ақсақ құлан» күйінің шығуына себепкер болған ордың да ізі сайрап жатыр. Жошы хан да көп тұрақтамай терістікке бет алып, кейінірек арқа төсіндегі Ұлытау баурайындағы Қаракеңгір өзенінің бойында қайтыс болып, оған кесене де тұрғызылған. Оншақты айтулы ғалымның редакциялық кеңесімен Алматыдан 2006 жылы жарыққа шыққан «Тарих. Ата Қазақ хандығы» кітабында: «Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген. Аңыз бойынша Хантауы етегінде жерленген» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. 1465-66 жылдары Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хан билікке келді десе, оны растағандай марқұм Шоман Шәріпбаев ақсақал көрікті жерлердің бірі – Хантауының баурайындағы Теректі өзенінің бойына алғашқы қазақ ханының жерленгендігін айтып кетіп еді. 1480 жылдары Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Керейұлы Бұрындық ханның өз әкесінің тағына жақындап, «Бала тағына» келіп таққа отыру рәсімін атап өтуі әбден мүмкін.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі тойланар қарсаңында сол кездегі облыс әкімі К.Көкірекбаевқа хат жазып, игі шараны киелі Шу өңірінде бастап, Хантауының баурайындағы Теректі өзенінің көрікті жеріне Керей ханға кесене орнату жайын қозғағанмын. Сондай-ақ «Хан тақтары» мен «Хан қорасы» жолдарын қалыпқа келтіру жайын айтқанмын. Өкініштісі, Кәрім Нәсбекұлы 400 шақырымдай қашықтықтағы Тараз қаласын таңдап, нағыз өзекті де деректі жайттарды елемеді. Сөйтіп, Ұлттық мемлекеттігіміздің алтын бесігі атанған Хантауындағы қасиетті мекендер Қазақстанның 100 киелі орны тізімінен де тысқары қалып қойды. «Ештен кеш жақсы» дегендей, әлі де қолға алуға болатындай сәт жақындаған сияқты. Өткен жылы «Меркі – Бурылбайтал» халықаралық автожолының құрылысы басталып кетті. Осы күрежол «Хан тақтарынан» небәрі 6-7 шақырым, ал «Хан қорасынан» 10 шақырымдай қашықтықтан ғана өтетінін ескерсек, табиғатымыздың өзі бізге сыйлаған баға жетпес құнды дүниелерді қазақстандықтар тұрмақ, шет жұрттық қонақтардың тамашалауына да мүмкіндік туғызған болар едік.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 3 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында «Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет», деп баса айтқан еді. Әрине, мұндай халқымыздың мәртебесін көтеретін игі шараны облысымыздың әкімі Б.Сапарбаев та қолдап, күрежолмен қиылысатын көрікті Теректі өзеніне алғашқы қазақ ханы Керейге кесене орнаттырып, Хан тағылар мен Хан қорасындай қасиетті мекендерді еліміздегі киелі орындардың қатарына енгізуге атсалысатын шығар деген үміттемін.

Мәкен УАҚТЕГІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы,
Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.