Облыстық әкімдікте

Кеселмен күреске кәсіпкерлер де күш біріктірді

Written by Aray2005

Апта басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, індетпен күрес шараларын талқылады.

Жиында өңір басшысы жартыжылдық қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы былтырғы жылмен салыстырғанда өскенін мәлім етті. Сондай-ақ облыс әкімі пандемияға қарамастан облысқа инвестиция тартып, жұмыс орындарын құрып отырған өңір кәсіпкерлерінің жұмысына оң бағасын берді. Сонымен қатар Бердібек Машбекұлы қауіпті індетпен күресте барлық мәселені тек мемлекетке артып қоймай, қоғам болып жұмылу қажеттігін тілге тиек етіп, оның ішінде жергілікті демеушілер арқылы науқастарға қол ұшын созу керектігін баса айтты. Бұл орайда, негізгі инвестор кәсіпкерлер екеніне тоқталған облыс әкімі бизнес саласы мамандарының бастамасын жоғары бағалап, мұндай жұмыстарды ары қарай да жалғастыра беру қажеттігін сөз етті.
– Былтырғы жылмен салыстырғанда облыстың әлеуметтік- экономикалық көрсеткішінде өсім бар. Бірақ бүгінгі эпидемиологиялық жағдай көңіл көншітпейді. Қазіргі таңда 3 мыңға жуық адам кеселді жұқтырған. Соған қарамастан жұмысты жүйелеп, күресті күшейте беруіміз қажет. Науқастарды инфекциялық ауруханаға жатқызу, провизорлық станционарларға орналастыру мен карантинге жабу секілді бағыттар бойынша шаралар қолданып жатырмыз. Өңірде 1500 дәрігер жұмыс істеп жатқанымен әлі де мамандар жетіспейді. Сондықтан біз зейнет жасындағы дәрігерлерді қайта қызметке шақырып, медициналық оқу орындарының жоғары курс студенттерін кеселмен күреске тартып жатырмыз. Расында осыған дейін дәрі тапшылығы сезілген болатын. Дегенмен қазір өңірді «СК-Фармация» компаниясы дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Бірінші кезекте ауыр халдегі науқастарға оттегі жеткізуіміз тиіс. Ашығын айтқанда, бұл мәселе бойынша сіздердің көмектеріңіз қажет-ақ, – деген Б.Сапарбаев пандемиямен күресте кәсіпкерлерді бірігуге шақырды.
Өз кезегінде жеке кәсіпкер, «Шұғыла» қайырымдылық қорының аймақтағы өкілі Айдар Байгелов аталған қор елдегі кәсіпкерлер арқылы 450 миллион теңге жиналғанын атап өтіп, оған оттегі концентраторы сатып алынатындығын жеткізді.
– 4 мың оттегі концентраторын Қытайдың Гуанчжоу қаласынан алдырып жатырмыз. Ол үшін мемлекет те қарайласып, тасымалдау үшін арнайы ұшақ жіберді. Жамбыл облысы аталған концентратордың 55 данасын алуға өтінім бергенімен жергілікті кәсіпкерлердің демеуі нәтижесінде өңірге бұл жабдықтың 240 данасын алып келетін болдық. Бұл орайда «Өркениет» қорының да айрықша үлесін атап өткен жөн. Оттегі концентраторы 4 лек бойынша келеді. Алғашқы лек осы аптаның аяғына қарай өңірге жететін болады, – деді Айдар Райымбеккұлы. Сол секілді «KAZ-IR AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Алинагиян Хамид та сөз тізгіндеп, өкпені жасанды демалдыру аппаратын сатып алу үшін алдағы уақытта 6 миллион теңге бөлетінін мәлім етті.
Кәсіпкерлердің індетпен күрестегі жұмыстарына көңілі толатынын жеткізген Бердібек Машбекұлы өзінің орынбасары Ержан Жылқыбаевқа олармен байланыста болып, жағдайды бақылауға алу туралы тапсырма берді. Сонымен қатар облыс әкімі жергілікті жердегі алпауыт компанияларда коронавирус жұқтырғандар саны артып кеткенін қатаң сынға алып, кәсіпкерлерге санитарлық талаптарды күшейтуге шақырды.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР