Кестеден кешігуге не себеп?

0 9

Аймақта алғаш рет «Анаға тағзым» орталығы бой көтеруде. Оған қоса биылғы оқу жылында қаладағы білім ошақтарының қабырғасы қайта қаланып, қатары жаңармақ. Оның біреуі қайта соғылып, енді біріне қосымша жаңа ғимарат салынса, тұрғындар көптен күткен «Шалғай Қарасуда» заманауи еңселі мектеп ел игілігіне берілетін болды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған нысандардың құрылыс барысымен танысып, жауаптыларға жұмысты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Өңір басшысы алдымен Қайрат Рысқұлбеков саябағының маңынан салынып жатқан «Анаға тағзым» орталығында болды. Жалпы құны 560 миллион теңгені құрайтын бұл орталық толығымен демеушілердің қолдауымен жүзеге асуда. Мердігері «Елім-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дəурен Жаужүреков қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталғанын жеткізді. Нақты уақытта орталықтың алдында жергілікті сәулетшілердің қолынан шыққан сәби ұстаған ананың көркем мүсіні орнатылыпты. Облыс əкімдігі сəулет жəне қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Əбдешовтың айтуынша, былтыр құрылысы басталған нысан алдағы қыркүйек айында толығымен аяқталмақ. Сонымен қатар іске қосылғаннан кейін орталық қыз-келіншектерге ұлттық тағам әзірлеу, тігін тігу және психологиялық кеңес беру секілді игі бағыттарда жұмыс жасайды екен. Нысанды уақытысында аяқтау үшін мұнда қазір елу құрылысшы еңбек етуде. Ендігі таңда тек ғимараттың ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары мен ауласын абаттандыру жұмыстары қалған. Төрт қабаттан тұратын нысанның құрылысымен жан-жақты танысып шыққан Бердібек Машбекұлы ғимаратты ұлттық нақышта безендіруді тапсырды.
Бұдан әрі облыс басшысы Төле би даңғылының бойындағы Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының құрылысымен танысты. Мердігері «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын былтырғы шілдеде бастаған. Жоспар бойынша бұл нысан да алдағы қыркүйекте аяқталуы тиіс. Десек те мұндағы құрылыстың қарқыны көңіл көншітпейді. Себебі құрылыс жұмыстары бірінші қабаттан аспай тоқтап қалған. Себебі бетон плиталар уақытылы жеткізілмепті. Өңірде осындай бетон плита дайындайтын екі зауыт болса, тапсырыстың көп болуынан қажетті құрылыс қабырғалары уақытылы жөнелтілмепті. Оған қоса мердігер тарапынан қаржы төленбегендіктен де зауыт тапсырысты орындамай отырған көрінеді. Бердібек Сапарбаев салалық басқарма басшыларына мәселені шұғыл шешуді, ал мердігерге қаражатты дереу қарастырып, құрылысты уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Сол секілді №2 мектептің құрылысы да өткен жылы басталған. Мердігері «Талас құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдері мұндағы жұмыс 75-80 пайыз аяқталғанын жеткізгенімен облыс басшысы мектептің жобасына көңілі толған жоқ. Себебі мектептің кейбір бөлмелері өте тар, тіпті асханасының өзі ыңғайсыз орналасқан. Сол секілді жоғарғы қабаттарындағы жарық, жылу жүйелері дәліздің төбесімен жүргізілген. Өз кезегінде бұл дәлізге қолайсыздық тудырып тұр. «Жобаға қол қоярда осының барлығын қарап, облыс əкімдігінің сəулет, қала құрылысы мен білім басқармалары өзгеріс енгізулері керек еді. Жобалауда көп кемшіліктер кеткен. Алда мұндай кемшіліктерге жол бермеу керек. Ал мектепті бірінші қыркүйекке беру үшін оның құрылысын 10 тамызға дейін талапқа сай, яғни сапалы аяқтауды тапсырамын», – деді облыс əкімі.
Ал №22 орта мектептің құрылысы қарқынды. Нысанның құрылысын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жобаның құны 1 миллиард 376,6 миллион теңгені құрап отыр. Былтыр басталған мектеп құрылысын мердігер алдағы қараша айында тапсырмақ. Бердібек Машбекұлы құрылысы аяқталуға жақын нысанды тамыздың ішінде аяқтап, мерзімінен бұрын тапсыру қажеттігін айтты. Бұл туралы «Бірінші қыркүйекке мектепті бітіруге мүмкіндік болатын болса, оны жыл аяғына дейін созбай-ақ берейік. Алғашқы білім күні балалар жаңа мектепте білім алсын», деді облыс əкімі.
Сапар соңында Бердібек Машбекұлы «Шалғай Қарасу» алқабында жаңадан салынып жатқан зәулім мектептің құрылыс жұмысымен де танысып шықты. Жасыратыны жоқ, алқап тұрғындары осы уақытқа дейін мектеп мәселесін талай мәрте көтерген болатын. Мұндағы оқушылар қысы-жазы қала мектептеріне қашықтан қатынап оқитын. Енді бұл мәселе де түбегейлі шешімін табатын болды. Десек те мұндағы құрылыстың қарқыны мәз емес. Екі жылға жоспарланған нысан құрылысына 2 миллиард теңге бөлінген. «ТемірСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 600 орынға арналған жаңа мектептің тек жартысын енді ғана аяқтап үлгерген. Жұмыстың не себепті кестеден кешігіп келе жатқанын сұраған өңір басшысына серіктестік өкілдері де сенімді жауап бере алмады. Серіктестік басшылығы уақытында аяқтаймыз деп айтқанымен, бірақ нысанға электр желілерін тарту мәселесі шешілмеген де. Бердібек Машбекұлы аталмыш мектепті бақылауға алып, құрылыс қарқынын арттыруды жауаптыларға тапсырды. Одан кейін облыс басшысы жаңа мектептің маңайында асарлатып салынып жатқан жеке үйлермен де танысып шықты.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.