Кестелі сөз, пайымды пікір айтылған пікірсайыс турнирі

0 16

Жуырда Тараз қаласында «Тәуелсіздік толғауы – жастардың жарқын қолдауы!» aтты оқушылар мен студенттер арасында республикалық «Jambyl CUP I» пікірсайыс турнирі өтті. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас пікірсайысшылар қатысты.

Жастардың ұйымдастырушылық және критикалық ойлауын дамыта отырып, еліне елеулі қызмет ететін болашақ көшбасшыларды дайындауды мақсат еткен пікірсайыс турниріне әр өңірден келген 82 команда қатысты. Пікірсайыс барысында қатысушылар аз қамтылған отбасы мүшелерін жұмысқа алу, оларды қолдау, қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігі, құқықбұзушылықтар мен қылмыс деңгейінің өсуі, Таяу Шығыстағы мемлекеттердің тұрмыс-тіршілігі, адамзаттың этикалық көзқарастары жайында ой жарыстырып, пікір алмасты. Аталған мәселелер бойынша жастар тарапынан мәселелерді шешу механизмі мен тың идеялар ұсынылды.
Турнирдің жоғары деңгейде өтуіне «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі және Халықаралық Тараз инновациялық институты атсалысты. ХТИИ республиканың әр аймағынан келген пікірсайысшыларды тегін жатақханамен қамтамасыз етсе, жастар қоғамдық бірлестігі келген қатысушылардың денсаулық жағдайы мен ойынның тартысты өтуіне жауапты болды.
Тартысты өткен «Jambyl CUP I» пікірсайыс турнирі қорытындысы бойынша I орынды Алматы және Нұр-Сұлтан қаласынан келген «ЦугЦванг» фракциясы иеленіп, 300 000 теңге жүлде табысталды. Алматы қаласының «Жұмабек Ташенов» командасы II орынға лайық деп танылып, 200 000 теңгеге ие болды. Сондай-ақ алматылық «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» командасы III орынды қанағат тұтып, 100 000 теңгемен марапатталды. Турнирдің «Ең үздік спикері» номинациясына Жандос Әмре (Алматы), «Ең үздік төреші» номинациясына Бектас Саурамбаев (Тараз) лайық деп танылды.

Кәмшат КӘДІРБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.