Кез келген адам кіндік қаны тамған туған жерін ұмытпау керек

0 38

Талбесіктен нәр алған тәуелсіздіктің биыл отыз жылдығы. Осы уақыт аралығында еліміз, оның ішінде өңіріміз жеткен жетістіктер аз емес. Кеңестік жүйе ыдырағаннан бері керегесі тарылып, берекесі қашып, тозығы жеткен шалғай ауылдардың да тіршілігіне қан жүгіре бастады. Оған Елбасы бастамасымен қолға алынған «Туған жер» бағдарламасы мол үлес қосса, «Жомарт түлек» жобасының да ауылға берері аз емес. Десек те jambyl-tylek.kz сайты арқылы түлектермен жұмыс жүргізуде аудандар әлі де немқұрайдылық танытып отыр.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұнды мақаласында «Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», деген болатын. Ізін ала еліміздің түкпір түкпірінде «Туған жерге тағзым» бастамасы жүзеге асырылып, тың идеялар игі іске айналды.

Осы ретте ағымдағы жылдың ақпан айында түлектерді туған жермен қауыштырған «Жомарт түлек» атты алқалы жиынның республика бойынша бірінші болып Әулиеата топырағында ұйымдастырылғанын да ерекше атап өткен жөн. Бұл бастаманың, расында, мәні терең, маңызы бөлек. Өйткені елдің өркендеуі мен дамуы жолына ерекше атсалысып, әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп жүрген түлектеріміздің жетістіктері – туған жердің топырағымен тамырлас. Нәтижесінде еңбек ерлері, мемлекет қайраткерлері, мәдениет саласының майталмандары, спортшылар, ұстаздар мен кәсіпкерлер ел аумағынан ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерден де туған жермен байланыс орнатты. Десек те әлі күнге игі бастамаға атүсті қарап отырған аудандар баршылық.
Осы мәселеге орай апта басында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен жиын өтті. Басқосу барысында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова жоба аясында аймақта атқарылып жатқан және алдағы жұмыстарды атап өтті.
– Бүгінде облыста «ЖамбылТүлек.kz» сайты құрылып, жұмыс істеуде. Онда 106 100 түлек тіркелген. Ағымдағы жылы облыс әкімінің төрағалығымен өткен «Жомарт түлек – 2021» форумынан кейін түлектердің белсенділігі артып, туған ауылдарына, мектептеріне көмек көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында білім беру ұйымдарында 289 мотивациялық кездесу өтіп, оған 10 640 оқушы қатысты. Сондай-ақ мектеп әкімшіліктері жүргізілген жұмыстар бойынша түлектер тарапынан 75,9 миллион теңгеге демеушілік көмек көрсетілді. Тараз қаласындағы №51 орта мектептің базасында «Түлектер орталығы» ашылып, 24 сәуір күні Тараз қаласының түлектер форумы өтті. Білім басқармасы жобаның жүзеге асу барысын бақылауына алған. Аудандардан келіп түскен ақпаратқа сәйкес, биыл түлектердің қолдауымен 73 елді мекенде жалпы құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын 67 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар өңірімізден шыққан мұқым елге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, кәсіпорын, мекеме басшыларының, кәсіпкерлердің ұсыныстарын да тілге тиек етті. Қорыта келе, басқарма басшысы jambyl-tylek.kz. сайтына дені жетістігі бар түлектердің тіркеліп жатқанын жеткізді.
– Әңгіме жетістікте емес, мәселе тек қана ақшаға келіп тірелмейді. Ол ғалым, ақын немесе жазушы болуы мүмкін. Сондай кісілерді шақырып, мектептерінде кездесулер өткізіп, қазіргі жастарға тәрбие беруіміз қажет. Сондай-ақ түлектер орталығын тек Тараз қаласында ғана емес, аудандарда да қолға алу керек. Өкінішке қарай, бұл жұмыстар әлі толығымен көңіл көншітпейді. Аудандарда қазіргі таңда жұмыс нашар. Істі жүйелеп, жандандыру керек. Кез келген адам кіндік қаны тамған, туған жерін ұмытпауы керек. Оның өсіп келе жатқан ұрпаққа үлкен маңызы бар. Солардың арнайы кестесін жасауымыз керек. Жуырда бір кісіге «Өзіңіз өскен, білім алған мектепте қашан болдыңыз?» десем, білмейді. Осы отырғандарыңыздың көбіңіз біле бермейсіздер. Аудан әкімдері де жіті назарында ұстап, күнделікті осымен айналысып отыру қажет. Jambyl-tylek.kz. сайты тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Түлектер орталығы барлық ауданда ашылып, оның веб-сайттары да жұмыс істеуі қажет. Ол қомақты қаржыны талап етпейді, – деп облыс басшысы Жуалы, Сарысу, Мойынқұм аудандарына ілкімді бастаманы ілгерілетуді тапсырды.
Бердібек Машбекұлы басқосу барысында Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына биыл айтулы іс-шара жоспарланбағанын да сынға алды.Бұл ретте ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат Амановқа нақты тапсырма берді.
– Биыл біраз мерекелік шараларымыз бар. Соның бірегейі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 игі іс-шара жоспарлаған болатынбыз. Жамбыл Жабаев бабамыздың 175 жылдығы, Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығы да маңызды. Облыста Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған іс-шара жоқ деген ұят тірлік. Ауданның іс шарасымен ғана шектелгенсіздер. Сонымен қатар Жазылбек Қуанышбаевтың өнегелі өмірін Ыбырай Жақаевпен, Нұрмолда Алдабергенов, Кәмшат Дөненбаевамен байланыстыру керек. Олардың әрқайсысының өмірі, еңбектің арқасында абыройға жеткені – жастар үшін өшпес өнеге. Көбірек насихаттауымыз керек. Ауыл шаруашылығы басқармасы тиісті басқармалармен бірігіп, осыны қолға алыңыздар. Аудан әкімдері де берілген тапсырманы орындау үшін жұмыс істеңіздер, – деген облыс басшысы «Жомарт түлек» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың ай сайынғы есебі тыңдалатынын атап өтті.
Осы ретте біз сайттың жұмысына жіті назар салып, аудандардың көрсеткіштерімен де таныстық. Білім басқармасы мамандарының айтуынша, jambyl-tylek.kz. сайтына түлектер күн, тіпті сағат сайын тіркелуде. Расында да солай екен. Тек байқағанымыздай, көптеген түлектер туралы ақпарат толығымен қамтылмайды. Кейбірінің аты-жөні ғана жазылса, енді бірінің суреттері де енгізілмеген. Бүгінгідей ақпарат алмасу дәуірінде ең құрығанда түлектердің шағын өмірбаяны енгізілсе де артық етпес.
Хош. Сонымен түлектердің тіркелу саны жағынан облыс орталығымен иық тіресе Шу ауданы және көрсеткіштері жағынан Жамбыл, Байзақ аудандары көш басында тұрса, Қордай мен Талас аудандары ең соңғы қатардан орын алған сыңайлы.
Шу ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның айтуынша, аудандағы түлектердің сәуір айындағы көрсеткен көмек сомасы 2 жарым миллион теңгеге жуықтапты. Осы ретте біз Шу ауданының Ақсу ауылына өз қаражаты есебінен жалпы құны 30 миллион теңгеден астам қаржыны құраған саябақ салып жатқан Тілеужановтар отбасымен байланысқа шықтық.
– Менің әкем Әшімқұл Тілеужанов ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған майдангер. Осы ретте ардагерлеріміздің ардақты есімі мен өшпес ерлігі өскелең ұрпақтың мәңгілік есінде сақталып қалуы үшін ауылымыздан әкемнің атымен аталған саябақ салып беруді жөн көрдік. Оның ішінде осы ауылдан соғысқа аттанған барлық майдангерлердің есімдері жазылды. Бұрын бұл жер бос жатқан болатын. Саябақтың құрылысы былтыр сәуір айында басталды. Алла жазса, алда келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесінде, яғни 9 мамырда ел игілігіне беріледі. Менің бастамам болғанымен, жұмысты кәсіпкер ұлым Болат Тілеужанов жүргізуде. Саябақтың ішіндегі жолдарды, жарықтандыруды, мерекелік іс-шаралар ұйымдастыратын сахнаны да өз қаражатымызға жасап жатырмыз. Құрылыс жұмыстарына жергілікті ауыл азаматтары тартылды. 6 миллион теңгеге жуық қаражатқа жиырма түрлі ағаш көшеттерін отырғыздық. Сол ағаштарды қуратып алмас үшін арнайы құбыр тартып, суғару жүйесін де өзіміз жүргіздік. Соншама қымбат қаражатқа отырғызылғаннан кейін ол тал-дараққа күтім қажет. Жергілікті әкімдік саябақты қабылдап алғаннан кейін ағаштарын қуратып алмаса екен деп отырмыз. Сондықтан өздігімен өсіп кеткенше оларды күтіп-баптауға бір маманды өз қаражатыммен жалдаймын деп отырмын, – дейді Шу ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Бақытжан Тілеужанов.
Расында, өсіп-өнген өлкесіне қолдан келгенше көмегін беріп, бір тал ексе де қарайласып жүрген түлектердің игі ісі еріксіз көңіл қуантады. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өңір мектептерін 400 мыңға жуық түлек бітірсе, бүгінгі таңда соның төрттен бірі Jambyl-tylek.kz. сайтына тіркеліп, туған жердің тіршілігін түлетуге атсалысуда. Ендігі таңда облыс басшысы Бердібек Машбекұлы нақты тапсырғандай, яғни аудан әкімдері тарапынан бастамаға тиісті басымдық берілсе, алдағы жетістіктер бұдан да асып түсері сөзсіз. Нәтижесінде алтын бесік ауылдың әлеуеті артып қана қоймай, әрбір елді мекен ертеңгі ел тізгінін ұстайтын өскелең ұрпақтың тағылым ошағына айналар еді.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.