"Дін"

Халқымыздың төл діни мектебін қалыптастыру қолға алынуда

Бүгінде ел аузында «Дін ұстай білсең – қасиетің, ұстай білмесең – қасіретің» деген сөз жиі айтылады. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені, соңғы жылдары қой терісін жамылған қасқыр кейіптес теріс пиғылды діни ұйымдар ел ішіне іріткі салудан тайынар емес. Олардың алдауына еріп, арбауына түсіп жатқан қаракөздерді көргенде етжүрегің еріксіз езіледі. Сондықтан да, әрбір адамның дін мен дәстүр туралы түсінік-танымы ізгілікке бағытталғаны абзал. Бұл тұрғыда ислам дінінің ұстанған бағыты қандай? Қазақтың дәстүрлі діні дегенді қалай түсінуіміз керек? Осы мәселелер төңірегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Құдайберді Бағашаровпен кездесіп, сұхбаттасқан едік.

– Құдайберді Сабыржанұлы, соңғы кездері әлемде орын алып жатқан жантүршігерлік оқиғаларды Ислам дініне теліп, «Діни экстремизм», «Ислам содырлары», «Исламист» деген ұғымдар пайда бола бастады. Осы қаншалықты дұрыс?
– ХХІ ғасырға жетсек те, адамдардың тыныштық көрмей, беймаза күй кешіп отырғаны өкінішті-ақ. Экстремизм мен терроризм ұлт та, дін де таңдамайтын құбылыс. Оның қатерлілігі де сонда. Ең алып держава деген АҚШ та, Еуропа елдері де осының зардабын тартып отырғандықтан, Қазақстанның да бұдан шет қалуы қиын. Дей тұрғанмен, ислам дін ретінде ешқандай террорлық әрекетті қолдамайды. Құран түсінігіне салсақ, жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты қырғанмен тең. Ислам өз ұстанушыларынан әрдайым бейбіт, тату ұстанымды талап етеді. Тарихта мұсылман билігіне қараған өзге дін өкілдері оның әділеттілігіне тәнті болып, сол мұсылман билеушілердің амандығын тілеген. Алайда, бүгінде әлемдегі геосаясатты өз қалауынша бұра алатын күштер баршылық. Ақпараттық заманда сондай алпауыт күштер өздеріне жау ретінде исламды таңдағаны әрі осы бағытта түрлі саяси ойындар жүргізіп, соған жұртты сендіріп отырғаны қынжылтады. Шын мұсылман ешқашан террорист бола алмайды. Енді бір жағынан, экстремистік әрекеттер өзге де діннің өкілдерінен шығып жатыр. Бірақ, оларды дінімен атау кездеспеуде. Сондықтан, бұл жерден қитұрқы саяси ойындар жүріп жатқанын аңдау қиын емес.
– Ең жас, әрі таза дін ретіндегі ислам неге қауіпке айналды?
– Ислам – кемел жүйеге ие дін. Оның иләхи жүйесінде адамның екі өмірін де бақытты етудің жолдары анық көрсетілген. Дей тұрғанмен, дін ретінде исламда кемшілік болмаса да, соны ұстанушылардың түсінік, білім деңгейлері бірдей емес. Кейбір мұсылмандар өз діндерін әлі де жеткілікті біледі, толық ұстанады деп айта алмаймыз. Сауаттылықтың төмендігі, алауыздық салдарынан артта қалып отырғаны да жасырын емес. Сондықтан, мұсылмандарға да өз жүріс-тұрысы мен іс-әрекеттеріне сыни көзбен қарайтын кез әлдеқашан жетті. Ал, шімірікпей адам өлтіріп, жарылыс жасап, бейкүнә жандардың қанын мойнына жүктегендерді бейбіт дін исламды ұстанушылар деп айта алмаймыз. Исламда адам өлтіру — үлкен күнәлардың бірі. Кісі өлтіру былай тұрсын, онда біреуді келемеждеп, ренжітуге де рұқсат етілмейтіні белгілі.
– Соңғы кезде пайда болған әсіре діншілдер мен теріс ағым өкілдері туралы не айтасыз?
– Әр нәрсе өзінің шегінен, мөлшерінен аспағаны мақұл. Мөлшерінен асса, не нәрсенің де сиқы кетеді. Дін де солай. Ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларына әрдайым бұл тұрғыда ескерту жасап отырған. «Ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер. Жеккөрінішті етпеңдер, сүйдіріп үйретіңдер» деген өсиеті осының айғағы. Ғибадат, құлшылықта да әсірелікке салынған сахабаларына өзінің өмірін үлгі етіп, қалыптан аспауға шақырған. Құранда да Жаратушының пенделеріне көтере алмайтын ауыр салмақ артпайтыны нақты аталған. Сондықтан, мұсылмандар өздерінің қайткенде де діннен асып кете алмайтынын, дін көрсеткен қалыппен жүрсе ғана жүріс-тұрыстары өзгелерге үлгі болатынын жақсы білуі тиіс. Ал, теріс ағымдар конструктивті жолды емес, қиратқыш деструктивті жолды ұстануымен ерекшеленеді. Олардың арасынан «Ақша тапқың келсе, жаңа дін ойлап тап» деген атышулы идеологтарын да көруге болады. Қазір еліміз есін жиып, етек- жеңін қымтап, сондай теріс ағымдарды анықтап, бірқатарына заң жүзінде тыйым салды. Тізімдегілердің көбі мұсылмандық ағымдар. Жеке ойым, христиандық, протестанттық ағымдарды да осы орайда жіті бақылауға алған дұрыс.
– Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жазылып, көпшілік арасында кең талқылауға түсіп жүрген салафизм ұғымы мен дәстүрлі дініміздің айырмашылығы қандай?
– Ислам дінінің негізін насс құрайды десек, сол Құран мен сүннеттерді түрліше түсіну салдарынан әртүрлі ағымдар тарих сахнасынан қылаң берген. Бүгінгі салафизмді неоуаххабизм, неосалафизм деп атаған анағұрлым дұрысырақ болады. Өйткені, ол діни, саяси негізде пайда болған уаххабизмнің жалғасы. Негізі, «салафус салихин» деген қадірлі атау. Ол сахабалар, табиғиндер, одан кейінгі атбау табиғиндер деп аталған алғашқы үш буынға берілген. «Алғашқы ізгілер» деген мағынаны білдіреді. Ал, қазіргі неосалафилердің өздерін солай атауы соларға барынша еліктеп, исламды алғашқы таза қалпында ұстанамыз деген ұстанымдарымен байланысты. Бұл тек салаф деген атты жамылу ғана. Бүгін түзету мекемелерінде отырғандардың көбі осы ағым өкілдері екені көп жайттан сыр ұқтырса керек. Бұны бірақ өздері ол такфириттер деп, соларға ысыру арқылы аса мойындағылары келмейді. Қазір елде дүрбелең тудырып, халыққа үрей салып жатқандар көбіне осы неосалафизм ағымының өкілдері екені белгілі. Құран мен сүннеттің кейбір тұстарын үстірт түсіну: Аллаға мекен беру, антропоморфтты ерекшеліктер таңу, қазақ халқының бұрыннан келе жатқан бірқатар дәстүрлерін қабылдамау, хадисте айтылған жайтты үстірт қабылдап, балақты шорт кесу, әминге, намаз оқуға қатысты мешіттерде талас шығару, имамдармен ымыраға келе алмау, бірбеткейлік, неке, талақ мәселесіне жеңіл қараушылық, құқықтық, демократиялық, зайырлы мемлекеттің талаптарына оңайлықпен бас имеушілік секілді жағдайлар олардың негізгі ерекшеліктерін құрап отыр. Ал, анығында ислам зайырлы мемлекетте де өмір сүре білетін қабілетке ие. Өйткені, зайырлы мемлекетте Конституция негізінде ар-ождан бостандығы мен наным-сенім еркіндігі қамтамасыз етіледі.
– Жалпы, исламда дәстүрлі дін деген бағыт бар ма?
– Дәстүрлі деген сөз кейіннен қалып­тасты. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда елімізде ұлттық айқындалу мен діни айқындалу қатар жүрді. Бұған қоса, мұсылмандық, христиандық бағыттағы түрлі діни ағымдар қаптап кетті. Бұрынырақта «секта» деген атау кейіннен «жаңа пайда болған діни ағымдар», «дәстүрлі емес діни бірлестіктер», «теріс діни ағымдар» деген секілді сөзбен алмастырылды. Осы кезде дәстүрлі дініміз деген сөз көбірек айтыла бастады. Ол қазақ халқының тарихында орны бар, дүниетанымын қалыптастырған, салты мен санасына сіңісті, бұқара тарапынан мойындалған дегендей мәнде қабылданып кетті. Қазіргі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға енгізілмек өзгерістер қатарында «Деструктивті діни ағымға» нақты анықтама беру қарастырылып отыр. Ал, шынтуайтында сунниттік ислам үшін төрт мәзһаб қамтылған жол дұрыс болып есептеледі.
– Хакім Абайдың қарасөздерінде ислам діні, намаз оқып, ораза ұстау жөнінде кең айтылады. Халқымыздың ұлы ақыны қай бағытты ұстанған?
– Қазақ ойшылдары негізінен сунниттік, ханафиттік, матуриди ақидасында болған деп білеміз. Абай да бұдан тыс емес. Отандық белгілі теологтардан Қайрат Жолдыбайұлы Абайдан бастап бірқатар данышпан, ойшылдарымыздың діни еңбектері Ханафи, Матуриди бағытында екенін біршама дәлелдеді. Дегенмен, бұл арнайы зерттеуді қажет ететін кең тақырып. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен жуырда өткен Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы осы аядағы зерттеулерді тереңдете түседі деген сенімдеміз. Бүгін елімізде рухани жаңғыру аясында төл діни мұраларымызды түгендеу, қазақтың төл діни мектебін қалыптастыру қолға алынып жатыр. Бұл бағыттағы өзекті мәселенің бірі – осы.
– Қазір өңірлерде жат ағымдардың алдын алуға байланысты шаралар көптеп өткізілуде. Қалай ойлайсыз, осындай басқосулар мен жиындардың нәтижесі қандай болмақ?
– Зайырлы елміз, дін және діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген десек те, мемлекет ұдайы дінге қатысты мәселелерді үйлестіріп отырады. Егемен ел атанғаннан кейін қаптап кеткен жат діни ағымдар түбі тәуелсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, мемлекет дін саласындағы саясатын анықтап, бұл бағыттағы жұмыстарға серпін берді. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, облыстардағы діни басқармалардың жұмыстары айтарлықтай көзге көрініп келеді. Бүгінде облыстық дін басқармалары діни жағдайды жіті қадағалауға алып отыр. Елдегі түрлі тап өкілдеріне ақпараттық түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік органдар облыстық дін басқармасының ықпалын едәуір сезініп отырғанын айта аламын. Қайта тіркеуден өткен діни бірлестіктердің тең жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, діни экстремизм мен терроризм, радикализм, ксенофобия, сеператистік әрекеттерге жол бермеудің оңтайлы әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіру үстінде. Бұның бәрі, әрине, елдегі тыныштық пен тұрақтылық үшін жасалуда.
– Ұлтымыздың өсіп-өнуі, болашағы үшін дін қай бағытта дамуы керек?
– Елбасымыздың «Бізге діни дүмшелік те, діни фанаттық та жат» деген сөзінің өзі біраз нәрсенің мәнін аңғартып тұр. Мемлекет дінге қатысты теңдік, бейтараптық және толерантты ұстаныммен, зайырлылық қағидаттарына беріктік танытып, дінаралық диалог, ұлтаралық татулық, толеранттылық жолында нық қадам жасай береді деп сенеміз. Тұрақтылық пен тыныштық бар жерде прогресс те, алға ұмтылыс, даму да болады. Сондықтан, мемлекетіміздің бейбіт ұстанымы дін саласында да байыпты саясатты жолға қойып отыр. Осы бағыт бізді адастырмайды деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова

ПІКІР