Халық қалаулылары алғыс арқалады

0 72

Көктем шығып, ел қыстың қыспағынан құтылып, арқа-бас кеңейетін шаққа жеттік пе дегенде табиғат тосын мінез танытты. Әсіресе Талас ауданында бірнеше күн бойы боран соғып, бірқатар елді мекендер қалың қардың құрсауында қалды. Қардың көп жауғаны соншалық, елді мекендер арасында көлік қозғалысы қиындады. Табиғаттың тосын мінезі қарапайым халықпен бірге шаруаларды да айтарлықтай әбігерге салуда.

Дегенмен қазақ халқының бойындағы кеңдігі мен қайырымдылығы ауа райының апамның мінезіндей мың құбылып, талайды тығырыққа тіреген сәтінде де айқын көрініс тапты. Атымтай жомарт, жақсылық жасауға жаратылған қайырымды азаматтарымыз ел әжетіне жарауда қарап қалмады. Атап өтер болсақ, облыстық мәслихаттың депутаттары Ғалымжан Сағынтаев пен Әлімбек Жұмабаев кез келген жағдайда халықпен бірге екенін көрсетті. Ғалымжан Таймасұлы Талас ауданының Үшарал, Көшек батыр және Бөлтірік шешен ауылдарына, ал Әлімбек Әсембекұлы Ойық ауылына жүк көліктерімен шөп жіберіп, қиын кезде халыққа демеу болуда. Жалпы қайырымдылық керуенімен 1,5 мың түк шөп жеткізілген. Ауыл әкімдері комиссия құрып, мал басына және қажеттілігіне байланысты шөпті үйлерге таратуда.
Ал тұрғындар халық қалаулы­ларының көмегі қиналғанда сүйеу, демеу болғанын айтып, ағынан жарылуда.
– Биыл Ойық ауылында қыс қатты болды. Әсіресе ақпан айында қалың қар жауып, бірнеше апта бойы малды өріске шығара алмадық. Нәтижесінде ала жаздай жинаған шөбіміз де түгесілуге шақ қалды. Әйтеуір шөпті қысып беріп, наурызға іліндік. Енді қысыла қоймаспын деп жүргенде күтпеген жерден қалың қар жауып, ақ түтек бораннан көз аша алмай қалдық. Малды өріске шығарған былай тұрсын, өзіміздің үйден шығуымыз мұң болды. Ең қиыны – мал азығының тапшылығы. Сөйтіп, бірнеше күн бұрын көрші ауылдан 1 500 теңгеден жиырма шақты түк шөп сатып алдым. Оның өзі көпке жетпейтін еді. Тағы қайдан шөп тапсам екен деп шақшадай басым шарадай болып жүргенде ауылға шөп келе жатқанын естідім. Тіпті тегін берілетінін естігенде таңғалдым. Мына заманда тегін дүниені кім берсін. Бірақ малымның амандығын ойлап, қанша теңгеден болса да сатып алуға бекіндім. Сөйтсем, шынымен-ақ шөп ауыл тұрғындарына тегін таратылды. Кеше тиесілі шөбімді алып, ашығын айтсам, арқамнан ауыр жүк түсті.
Естуімше, шөпті облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Әсембекұлы жіберген екен. «Жаным – арымның, арым – малымның садағасы» деген ауыл тұрғындарының депутатқа айтар алғысы шексіз. Халыққа жасаған жақсылығы өзіне еселеп қайтсын, – дейді Ойық ауылының тұрғыны Ербол Көпжігіт.
Расымен, халық қалаулы­лары­ның бұл әрекеті өнегесі мол іс болды. Әсілінде, қайырым­­дылық – халқымыздың бойын­да бар, қанымызға сіңген қасиет. Жаратқан Иеміз енді қараша­да­ғы халықты мұндай қысымен сына­ма­сын деп тілейік. Әйтпесе ел ішінде қолы ашық, жаны жомарт жандар қашанда табылады ғой…

Leave A Reply

Your email address will not be published.