Халық қалаулылары – ел ішінде

0 2

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Мейрамбек Төлепберген мен Гүлдара Нұрымова Жамбыл ауданының Гродеково ауылындағы «Тимофеев» шаруа қожалығына арнайы ат басын бұрды.

Тоқсаныншы жылдары құрылған, Андрей Тимофеев жетекшілік ететін шаруа қожалық бүгінгі таңда аяғына нық тұрып, ауданның, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қосуда. Жеке кәсібін шошқа өсіруден бастаған кәсіпкер кейін келе егін және мал шаруашылығына басымдық берген.
Халық қалаулыларына атшаптырым аумақты алып жатқан қожалықтың қора-жайын аралатып, тыныс-тіршілігімен таныстырған Андрей Николаевич алғашында қиындықтар көп болғанын, дегенмен қажырлы еңбектің арқасында бүгінде табыс тайқазанын тасытып отырғанын айтады.
– Шаруашылықты алғаш құрған кезімізде мал ұстайтын қора-жайымыз тауда орналасқан болатын. Сонда екі күннің бірінде ұрылар қорамызға түсіп, маза бермеді. Салдарынан үлкен шығынға ұшырадық. Тіпті қарақшылық шабуыл да жасалған кездері болды. Осылайша ілгері басқан қадамым кері кетіп, тауым әбден шағылды. Амал жоқ, бәрін тастауға тура келді. Шынын айтқанда, жұмыс істеу мүмкін болмады. Дегенмен арада бірнеше жыл өткенде Гродеково ауылында қайта кәсібімді жолға қоюға тырыстым. Егер құрылған күннен қазіргі уақытқа дейінгі қиындықтарды, кедергілерді айтсам, таңды-таңға жалғауға болады. Ең бастысы, бәрі артта қалды. Қиындықтар бізді күйретпеді, керісінше қайрады.
Қазіргі таңда шаруашылықтың іргесін кеңейтіп, ет және сүт бағытындағы үш жүз елуге жуық сиыр ұстаймыз. Одан бөлек шошқа шаруашылығын да дамытып отырмыз. Айта кету керек, сиырлар жыл он екі ай бойы қорада тұрады. Жемшөбін өзіміз дайындаймыз. Сол үшін егіс алқаптарын ұлғайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 2500 гектар жерге бидай, арпа, жүгері, жоңышқа, пияз, сәбіз ектік. Қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымыз да жеткілікті,– деген Андрей Тимофеев кейінгі жылдары сүт өнімдерін өңдеуге күш салып жатқанын жеткізді.
Айтуынша, арнайы цехта айран, сүзбе, құрт, қаймақ секілді сүт өнімдері өндіріліп, Жамбыл ауданының, Тараз қаласының сауда нүктелеріне өткерілуде. Тіпті табиғи таза өнімдер Нұр-Сұлтан, Қызылорда қалаларына да жөнелтіледі екен.
Сондай-ақ шаруа кәсібін кеңейтуге кедергісін келтіріп тұрған бірқатар мәселелерді де бүкпесіз ашық айтты. Мемлекеттік қолдаудың игілігін көре алмай келе жатқанын және өнімдерін сататын дүңгіршектерге берілген жер көлемінің құрқылтайдың ұясыдай тар екенін жеткізген А.Тимофеевтың сауалына орай Гүлдара Алданышқызы мәселені өз бақылауына алатынын айтты.
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқанын зерделеуді, сондай-ақ сайлаушылармен, тұрғындармен кездесіп, талап-тілегіне, толғандырған мәселелеріне құлақ асып, оң шешілуіне ықпал етуді басты мақсаты еткен халық қалаулыларының жұмыс сапары енді аудандарда жалғасады.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.