«Халық санағынан бірде-бір азамат қалып кетпеуі керек»

0 2

Халық санағын жүргізуде кездескен кедергілер мен оларды реттеу мәселелері және жұмыспен қамтудың Жол картасы облыс әкімдігінің аппараттық жиынында талқыланды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен басқосуда облыстық статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев санақтың 1-кезеңінде алдын ала халық саны 1 120 293 адамды құрағанын айтты.

– Маусым айының 1-і мен 30-ы аралығында халық санағының 1-кезеңінде тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың тізімдерін құру жүргізілді. Қазіргі уақытта деректерді өңдеу жүріп жатыр. Алда өткізілетін халық санағының негізгі 2-кезеңін екі әдіспен, яғни Интернет-сауалнама (ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында) және Жалпылама сауалнама (ағымдағы жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін) өтеді. Бір сұхбат алушыға 833 адамнан келеді.

Аудандар мен Тараз қаласының әкімдері, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Jas Otan» жастар қанаты» қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалы санақ персоналын тамыз айынан бастап жинақтап бастаулары қажет. Өйткені екінші кезеңдегі халық санағы персоналының саны шамамен 1 600 адам болады және екінші кезеңнің басталуына аз уақыт қалды. Халық санағының 1-кезеңіндегі тәжірибе көрсеткендей, жұмыспен қамту орталығынан компьютерлік бағдарламаларды білмейтін, планшеттерде жұмыс істей алмайтын мамандар жіберілген. Бұл жұмыс үшін студент, оқытушы секілді білімді жастар қажет. Барлық санақ персоналы вакцинациядан өтуі керек.

Халық санағының 1-кезеңі «Beeline» ұялы байланысы барлық елді мекендерді қамтымағанын көрсетті.

1 қазанға дейін «Beeline» байланысының провайдерлерімен елді мекендердің барлығын қамтуды пысықтау қажет. Мысалы, Жуалы ауданының 20 елді мекені, Қордай ауданының 14 елді мекені, Т.Рысқұлов ауданының 11 елді мекені «Beeline» желісімен қамтылмаған,– деген Сырым Өскенбайұлы нұсқаушы-бақылаушылардың, интервьюерлердің қауіпсіздігі мен қоғамдық көлікте тегін жүрулерін қамтуға назар аудартты.

Ұлттық санақтың 1-кезеңінде Тараз қаласындағы автобус жүргізушілерінің тарапынан түсінбеушілік салдарынан кедергілер болғанын жеткізді. Бұл бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев облыс орталығындағы барлық автопарктермен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты.

Сонымен қатар Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында әкімшілік-аумақтық объектілер жіктеуіші мен мекенжай тіркелімі арасындағы сәйкессіздік мәселесінің шешілмегені де сөз болды. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданындағы Мамай ауылы келесіде Мамай-Қайыңды деп тіркелсе, Сарысу ауданында Үшарал– Әбілда, Буденное– Арыстанды, Таласта Аманкелді ауылы– Тамабек, Есей би – Есей хан деп тіркеліпті. Бұл атауларды 1 тамызға дейін сәйкестендіру ісі жергілікті атқарушы билікке тапсырылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Санақтан бірде-бір азамат қалып кетпеуі керек. Себебі әрбір тұрғын үшін көрсетілетін мемлекеттік қызмет, оған жұмсалатын қаржы бар» деп, жұмыстың тиянақты жүргізілуін тапсырды.

Жиында қаралған екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсел Шаймерденова биылғы жылға облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында барлығы 18,7 миллиард теңге қарастырылғанын айтты.

– Жалпы құны 9,5 миллиард теңгені құрайтын 29 инфрақұрылымдық жоба іріктелді. Оның ішінде 2,9 миллиард теңге облигация есебінен жүзеге асырылатын жобалар, 5,9 миллиард теңге ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен және 0,7 миллиард теңге – облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылатын жобалар. Бүгінгі күнге 28 жоба бойынша конкурс жарияланып, оның 27-сінде конкурс аяқталып, мердігерлері анықталды, 22 жоба басталды.

Инфрақұрылымдық жобалардың 9-ы әлеуметтік-мәдени нысандары, 20-сы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 704 уақытша (487 тұрақты) жұмыс орны құрылып, оның 560-cы халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы тартылатын болады. Бүгінгі күнге 109 жұмыс орны құрылып, оның 87-сі халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы тартылды.

«Жұмыспен қамтудың жол қартасының» ІІ бағыты бойынша микрокредитке 1,8 миллиард теңгеге 227 жобаны қаржыландыру жоспарланып, онда 295 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен жобалары бойынша 7,4 миллиард теңгеге 2 жобаны қаржыландыру жоспарланып, онда 215 жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деді Әсел Уалиқызы.

Өңір басшысы Бердібек Машбекұлы аталған 29 жоба тек Тараз қаласы мен 5 ауданда, одан басқа аймақтар ешқандай жоба ұсынбағанын сынға алып, себебін сұрады.

– Егер жоба ұсынбасақ, қаржыны қалай сұраймыз? Әр ауданда белсенді, ойы ұшқыр кәсіпкерлер бар. Олар мемлекеттің қамқорлығын алуы керек. Тараз, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұловтан басқа аудандарға инфрақұрылым қажет емес пе? Тағы бір көңіл аударатын мәселе – жарты жылда игерілген қаржы 11-ақ пайыз. Егер берілген қаржыны игермесек, қосымша қаржыны қалай сұрамақпыз? Кәсібін ашуға қолдау таппай жұмыссыз жүрген азаматтарға грант беру керек. Әр отбасының жағдайы мемлекет үшін маңызды. Аудан әкімдері осы мәселелерге көңіл бөліп, зерделесін,– деп жиын қорытындысында тиісті тапсырмаларды жүктеді.

Қмар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.