Облыстық әкімдікте

Халық ыстық сусыз отырмауы қажет

Written by Aray2005

Көктем келіп, күн жылт етсе болды, Тараз қаласында жылумен бірге ыстық судың да қоса өшірілетіні қашанғы қалыптасқан әдет. Мұндай қадамға қала билігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырауда шарасыздықтан барғаны белгілі. Ал қазіргідей өркениетке бет түзген заманда жылдың қай мезгілі болмасын шаһарға ыстық судың берілмеуі «дамудың даңғыл жолына түстік» деген еліміздің атына үлкен сын.

Әсіресе әлемдік пандемия салдарынан монша біткеннің есігіне құлып салынған қазіргі жағдайда ыстық сусыз отыру санаға сыймайды. Тұрғындардың кез келгенінің су жылытқыш сатып алуына жағдайы келе бермейтіні тағы бар. Ал тиісті мекемелер ыстық судың жаз айларында өшірілуін шаһардағы жылу құбырлары мен қазандықтарды алдағы жылыту маусымына дайындау үшін жүргізілетін жөндеу жұмыстармен байланыстырады. Бұл жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізілсе де соңына жетер сиқы көрінбейді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыстық әкімдікте Тараз қаласы тұрғындарын ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралған жиында осы сауалды төтесінен қойды. Басқосу барысында Бердібек Машбекұлы тараздықтар көтерген ыстық суға қатысты мәселенің шешімін таппауын қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа да қарата айтты.
– Былтыр ыстық су жаз айларында да өшірілмейтіні туралы халыққа уәде берілген екен. Мұны біз емес, жұрт айтып отыр. Бұл жаңалықтарды кезінде жергілікті БАҚ-тарда жарыса жария еткен көрінеді. Ал тұрғындарға берілген уәденің сөз күйінде қалуы дұрыс емес.
Қазіргі таңда 2 миллиард теңгенің 17 жобасы игерілу үстінде. Бізде жөндеу жұмыстары ешқашан біткен емес. Жылу құбырлары өткен көшелер жылда қопарылып жатады. Бір қазылған жерді екінші рет тағы қазамыз. Ыстық суды өшіріп тастаудың сылтауы осы болып тұр. Халық қиналып жатқанда үйде отырған жұртты ыстық сусыз қалдыруға болмайды, – деді облыс әкімі.
Жалпы Тараз қаласында есепке алынған 1312 үйдің 1253-і көпқабатты тұрғын үй санатына жатады. Олардың барлығы да орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған екен. Облыс əкімдігінің энергетика, тұрғын үй жəне коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құдайберген Қорғанбаев жасаған хабарламаға сүйенсек, аталған тұрғын үйлердің 912-сінде ыстық су жүйесі бар. Ал 341 үйдің ыстық су алуға техникалық тұрғыдан мүмкіндіктері жоқ көрінеді. Өткен жылыту маусымы 20 сəуірде аяқталып, ауа райының қолайсыздығына байланысты ұзақтығы 184 күнді құрапты.
– «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының тұтынушылары бойынша жылу қазандықтары мен жылу жүйелерінде жоспарланған жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты 1 шілдеден бастап ыстық су беру тоқтатылды. Пандемия кезінде қала аумағында карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты жылыту маусымы аяқталғаннан кейін де 20 сəуірден 1 шілде аралығында 71 күн бойы ыстық су беріліп келді. «Жамбыл-Жылу» мекемесіне қарайтын «Қаратау», «Қарасу» ықшамаудандары мен «Қарасу», «Қант зауыты» тұрғын жай алқаптарындағы 91 көпқабатты тұрғын үйде ыстық су өшкен жоқ. «Таразтрансэнерго» кəсіпорны бойынша «Газовая» қазандығынан Байзақ батыр көшесіндегі 19 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су беру ағымдағы жылдың 20 мамырынан тоқтатылды. Жоспар бойынша аталған учаскеде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Байзақ батыр көшесі бойындағы «Газовая» қазандығын жəне Балуан Шолақ, Байзақ батыр көшелері бойындағы 470 метр жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Құдайберген Қорғанбаев.
Басқарма басшысы міндетін атқарушының берген есебіне қанағаттанбаған Бердібек Машбекұлы жөндеу жұмыстарының өте баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды. Облыс әкімі мұндай жұмыстар таңғы және кешкі салқында өнетінін сөз ете келе: «Қазір сағат 8-де жұмыс басына барып көріңіздерші, бұл мезгілде құрылыста ешкім болмайды. Айтыңыздаршы, жөнделіп біткен 100 метр жер бар ма? Бір мердігер бір өзі бірнеше нысанды алып алады да, істі созып үлгере алмай жүреді. Мынадай қарқынмен 5 тамыз түгілі, 5 қазанға дейін ыстық су бере алмауы мүмкін ғой. Одан бөлек қазіргі жағдайда коммуналдық төлемақының бағасын көтеруге болмайды», деді Б.Машбекұлы.
Бұдан кейін облыс əкімінің кеңесшісі Жандос Байырханов, Тараз қаласының əкімі Айтқазы Қарабалаев, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақберген Мəуленов атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Жиын соңында облыс әкімі Тараз қаласының əкімі мен тиісті басқарма басшылығына қаланы жылумен, сумен қамтамасыз ететін кəсіпорын жетекшілеріне ыстық су берудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруды, тараздықтарға ыстық су беруді мейлінше жылдамдатып шешуді, «Таразэнергоорталыққа» тиесілі үш қазандықтың қайсысын іске қосуға болатынын зерделеуді тапсырды. Бұл жұмысты үйлестіру облыс əкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке жүктелді.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР