Халықты жұмыспен қамтуға не кедергі?

немесе мемлекеттік бағдарламалардың бағы байланып тұр

0 10

Мемлекетіміздің ұстанған басты саясатының бірі – еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыра отырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл тұрғыда қазір елімізде бас-аяғы 10 мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатқаны белгілі. Мақсат – еңбек нарығының қажеттілігіне сай өңірлерде тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу.

Десе де биыл жыл басынан бері аталған он бағдарламаның ішінде тек екеуі бойынша ғана бар-жоғы 25 жұмыс орны ашылған. Ал қалған 8 бағдарлама бойынша бірде-бір жұмыс орны құрылмапты. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы мен атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және берілу барысы сөз болған аппараттық кеңесте айтылды.
– 4 айдан бері өңірде «Индустриалды-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі» секілді барлығы
8 мемлекеттік бағдарлама аясында бірде-бір жұмыс орны құрылмаған. Бұл жерде бағдарламаның жүзеге асырылуының түп-төркіні елді жұмыспен қамту екені ескерусіз қалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бізге берген негізгі тапсырмаларының бірі – халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздардың санын көбейтпеу. Ол үшін Қазақстанда іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың барлығын тиімді пайдалана отырып, бөлінген қаржыны толығымен игеруге мүдделіміз. Үкіметтің кеңейтілген отырысында нақ осы мәселе жөнінде бірқатар тапсырма берілді. Ал сол тапсырманың уақытылы орындалуы маңызды, – деді Бердібек Машбекұлы.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Кенжебек Олжабайдың айтуынша, биыл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасына 40 008 адам қатысады деп жоспарланса, оның ішінде
14 794 азамат аталған бағдарламаның шарапатын көріп үлгерген. Жұмысқа орналастыру жоспары 29 875 адамды құраса, есепті мерзімде еңбек дүбіріне араласқандардың саны 12 789-ға жеткен. Оның ішінде 4 670 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты.
– Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу жұмыстарын 31 мамандықпен 4 колледж және 16 оқыту орталығында жүргізу жоспарлануда. Екінші бағыт аясында ағымдағы жылы 602 адам шағын несие алады деп күтілуде. Осы мақсатта қазына қаржысынан 2,9 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күнге 148 адам 552,8 миллион теңгеге шағын несие алып, өз ісін бастады. Сондай-ақжоспардан бөлек қайта инвестицияланған қаржы есебінен 109 адамға 472,9 миллион теңгенің несиесі берілді. Осы бағыт аясында кәсіпкерлікті дамытуға 3 780 адамға 2205,3 миллион теңге мемлекеттік гранттарды беру қарастырылып отыр. Бүгінгі күнге 1 552 адам 905,4 миллион теңгенің грантын алды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қосымша 2 820 адамға грант беруге 1645,2 миллион теңгеге сұраныс берілгенімен, алайда бұл өтінішіміз қанағаттандырылмай отыр, – деген Кенжебек Мамашбайұлы қанша адамның әлеуметтік, ақылы қоғамдық, тұрақты жұмысқа тартылғанын, қанша отбасы атаулы әлеуметтік көмек алғанын бүге-шігесіне дейін баяндады.

Осы ретте өңір басшысы бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен арада қайтарымсыз қаржы үшін бөлінетін қаражаттың көлемін ұлғайту, қосымша қаржы бөлдіру жөнінде келісім жасалғанын айта келе, осыны құнттамаған сала басшыларына ренішін білдірді. Сонымен қатар К.Олжабайдың жасаған баяндамасына көңілі толмайтынын, мониторинг жүргізгенде өткен жылғы көрсеткіш пен республикалық меже қаперге алынбағанын, дерек салыстырмалы түрде жасалмағанын ескертті.
– Біз көрсетілген межені орындауымыз керек. Берілген несиенің игерілуі жөнінде де кейбір ауданның жұмысы нашар. Жұмыссыздарға қайтарымсыз қаржы беруді де тоқтатпауымыз керек. Негізінен гранттың бос жүрген азаматтар үшін көмегі мол. Ең негізгі мәселе – өңірде атаулы әлеуметтік көмек алатындардың санын азайту. Ол үшін біз АӘК алатындарды кәсіптік негізде оқытып, бизнеске тартуымыз немесе жұмыспен қамтуымыз қажет. Сонда ғана өңірде жұмыссыздар саны азаяды, – деді Б.Сапарбаев.
Бұдан кейін облыстың спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков баяндама жасап, өңірде атқарылып жатқан шаруалар мен спортшылардың жетістігін әңгімеледі.
– Бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Мақсат – облыс тұрғындарының бұқаралық спортпен шұғылдануына, әсіресе жастардың спортпен айналысуына жағдай жасау. Спортпен тек он екі мүшесі сау адам ғана айналыспауы керек. Мүмкіндігі шектеулілердің спорттық шараларға тартылуында жұмысты жүйелі жүргізе алмай отырған аудандар істі ширатуы қажет. Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайға ұшыраған балалар мен жайсыз отбасылар балаларын да спортқа тару маңызды. Олардың арасында талабы, қабілеті мықты, спортқа деген қызығушылығы басым балалардың көп екеніне сенімдімін. Жалпы кез келген баланы өнерге, спортқа, әдебиетке тарта білсек, бос сенделіс азаяды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс та кемиді. Былтыр барлық аудан әкімдеріне арнайы тапсырма берген болатынмын. Өйткені өңірдегі бірқатар мектептің ауласында жап-жақсы спорт алаңшалары бар. Бірақ соның кейбірінде доп жоқ. Негізінде әрбір спорттық нысандарда қажетті құрал-жабдықтар болуы шарт.
Тағы бір айта кетер мәселе, тек қана спорт саласында ғана емес, өңірде биыл құрылысы жүріп жатқан кез келген нысан жыл аяғына дейін пайдалануға берілсін. Бұл Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай берген тапсырмасы,– деді Б.Машбекұлы.
Аппараттық жиыннан кейін өңірде індеттің өршуі қарқын алуына байланысты облыстық штаб отырысы өтті. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне сүйенсек, өткен тәуліктегі жағдай бойынша облыс аумағында КВИ-дың 57 жағдайы тіркеліп, тәуліктік өсім 0,7 пайызды көрсеткен.
– Қазір біздің өңір сары аймақта. Апта ішінде облыста КВИ-дың 449 жағдайы тіркеліп, апталық өсім 6,3 пайызға көтерілді. Республика бойынша апталық өсім – 5,6 пайызды құрап отыр, – деген Әсет Әскерұлы өңірдің коронавирус инфекциясының кезекті толқынына қатысты дайындық жайын сөз етіп, облысқа 44 мың вакцина жеткізілгенін, оны күніне 7 жарым мың адамға салу жоспарланғанын тәптіштеді.
Бұдан кейін сөз алған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев індеттің өңірде қарқынды таралуына қатысты қалааралық автобустар мен сауна, монша, жабық кафелер мен тағы да басқа нысандар бойынша бірқатар шектеу шарасы енгізілетінін жеткізді.
Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев облыс орталығында мониторингтік топ рейд жүргізгенде кейбір мейрамхана, тойхана иелері есікті іштен жауып алып, жиын-той өткізетінін, олардың қожайындары мониторингтік топқа есікті ашпай, тіпті келемеж қылатынын атап өтті. Бұл тұрғыда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері рейдке қатыспайтынын, әлгіндей тойханалардың есігін бұзып ашу жөнінде төтенше жағдайлар департаментіне жасаған өтініштері үнемі аяқсыз қалатынын мәселе етіп көтерді. Өз кезегінде Б.Сапарбаев артық адам жинап, жиын-той өткізіп жатқан тойханалардың есігін бұзып ашу жөнінде тиісті министрлік қолдау көрсетіп отырғанын атап көрсетіп, бұдан былай облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының бір орынбасары нақ осы шаруамен айналысуы қажеттігін аталған департамент бастығы Ермек Момбаевқа айтты.
Сондай-ақ аймақ басшысы өңірде оқушы, мұғалім, зейнеткерлер арасында індеттің таралуы кең етек алғанын сөз етті. Жасы үлкендердің жиын-тойдан, ауызашардан қалмайтынын, індет осылайша ел арасына тарайтынын айта келе, тұрғындардың екпе алуы, екпе салдыратын орындардың санын арттыру секілді бірқатар мәселе бойынша жауаптыларға тиісті тапсырма берді.

Н.БОЛАТҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.