Жалын Жастар.kz Сұхбат

«Халықтың игілігіне қызмет жасау – үлкен абырой»

Written by Aray2005

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Тараз екі мың жылдық тарихын сәулет өнеріндегі соны серпінмен астастырған көрікті қалаға айналып шыға келді. Өз кезегінде қаланы көркейту жұмыстары жалғасын тауып, көпшіліктің көзқуанышына айналатын орындар бой көтеретін болады.
Өңір басшысының қолдауымен ашылған «Сәулеттік бюро» мекемесіне қарасты «Ландшавты дизайн және сәулет» бөлімінің басшысы Қуаныш Тұрсынбаевпен болған сұхбатымыз көне шаһардың сәулеттік келбетін жетілдіру бағытында қолға алынатын шаруалар төңірегінде өрбіді. 

– Қуаныш Алтынбекұлы, жалпы қала сәулеті саласында еңбек етіп келе жатқаныңызға қанша уақыт болды?
– Қала сәулеті саласында еңбек етіп келе жатқаныма биыл 7 жыл болады. Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінен «Сәулетші» мамандығы бойынша жоғары білім алып шыққан сәттен осы салаға бет бұрдым. Мамандықты таңдаудан қателеспегеніме сенімдімін. Жас сәулетші ретіндегі барлық қызметімде қалаларды көркейту ісімен айналыстым.
Бұған дейін Шымкент қаласының сәулеттік келбетін жақсартуға өз үлесімді қостым. Шымқалада да бірнеше жаңа саябақ салынып, қала тұрғындары мен қонақтарына қарбаласқа толы шаһар тіршілігінен алаңсыз демалатын орындар бой көтерді. Өзім сондағы Қазақстан халқы Ассамблеясы монументінің сәулеттік жобасын әзірледім. Ал Тараз қаласында Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты жаңғырту жұмыстарына атсалыстым. Саябақтағы «Желтоқсан толқыны» субұрқағы мен «Тәуелсіздік ұшқыны» стеласының эскиздік жобасын әзірлеумен айналыстым.
– Жалпы, қаланы көріктендіру, көгалдандыру ісінде «Ландшавты дизайн және сәулет» бөлімі қандай қызмет атқарады?
– Әлгінде айтқан нысандардың құрылысы басталмастан бұрын олардың эскиздік жобасы дайындалады. Өз жұмысымызда әуелі қала құрылысы кеңесінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің ұсынған идеяларын басшылыққа аламыз. Бөлім мамандарымен дайындалған жобалар қала құрылысы кеңесінде мұқият талқылаудан өткен соң ғана бекітіледі. Кейде толықтырулар мен өзгерістер енгізу үшін бөлімге қайтарылады. Тиісті толықтырулар енгізілгеннен кейін барып құрылысшылар эскиздік жоба негізінде нысан құрылысына кіріседі. Сәйкесінше нысандардың әу бастағы жобадан ауытқымай, талапқа сай салынуы да жіті назарда болады.
Қазір бөлімдегі 2 сәулетші мен 2 дизайнер өздеріне жүктелген аса жауапты міндеттің үдесінен шығу үшін аянбай еңбек етіп жатыр.
– Жақында «Жастар» аллеясын жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Қала келбетін жетілдіру бойынша жүргізілетін жұмыстың ендігі бағыты қандай?
– Облыс орталығының сәулеттік келбетін жетілдіру жоспарына сай, ендігі кезекте бұрынғы «Шахристан» сауда орталығы мен 15-ықшамауданда жаңа нысандар салынбақ. Оған қоса қаладағы тозығы жеткен саябақтар да жаңғыртуды қажет етеді. Қазір бөлім мамандары аталған нысандардың құрылысы мен саябақтарды жаңғырту бойынша жүргізілетін жұмыстардың эскиздік жобаларын әзірлеуге жұмылдырылған.
Әлгінде айтылған нысандардың құрылысы мен саябақтарды жетілдірудің өз ерекшеліктері бар. Мәселен, 15-ықшамауданның аумағында неке қию сарайы, Конгресс-холл, бизнес орталықтары, спорт кешендері бой көтереді. Сәйкесінше мұндағы құрылыста заманауи стиль сақталады. Әлемдік қала сәулеті тәжірибесіндегі озық үлгілер ескеріледі. Бір сөзбен айтқанда, жаңа ықшамаудандағы әкімшілік-іскерлік орталық өзінің заманауи келбетімен дараланбақ. Сәулеттік кескін-келбетті жақсартудан бұрын бұл нысандар ең әуелі халықтың игілігіне қызмет көрсетеді.
Ал бұрынғы «Шахристан» сауда орталығының аумағында көне Таразды көз алдымызға әкелетін ортағасырлық шығыс стилі қолданылады. Сол арқылы Таразға көптеп туристер тарту мүмкін болмақ. Сәулет өнеріндегі орта-ғасырлық шығыс стилі Самарқан, Ташкент қалаларының құрылысында жақсы көрініс тапқан. Сондықтан бір топ сәулетшілер Өзбекстан мемлекетінде болып, ондағы ортағасырлық сәулет өнерінің ерекшелелігімен танысып қайтты. Бұл тәжірибені біз жұмыс барысында мақсатты пайдаланып келеміз.
– Айтыңызшы, қала сәулетіндегі дизайнерлік жұмыстың ерекшелігі неде? Бұл қызметке жастардың қызығушылығы қай деңгейде?
– Расында, қала сәулеті саласындағы дизайнерлік жұмыстың өз ерекшеліктері бар. Бұл жұмыста ең әуелі қаланың немесе оның жекелеген бөліктеріндегі ғимараттардың орналасуы, тақырыптық мазмұны сынды факторлар ескеріледі. Мәселен, «Жастар аллеясының» ортаңғы бөлігінде «Білім алаңы» бой көтерді. Өйткені мұнда облыстағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының кейбірінің оқу ғимараттары орналасқан. Аталған саябақтағы «Кітап» стеласының да өз мазмұндық ерекшелігі сақталған. Эскиздік жобалар басқа сәулеттік нысанды қайталамауы керек. Демек, бұл орайда сәулетшіге мықты дизайнерлік қабілетпен бірге, ұшқыр идея да қажет-ақ.
Ал жастардың бұл салаға қызығушылығы өте жоғары. Алайда маман тапшылығы байқалады. Өйткені 4-5 жыл бойы сәулетшілік мамандықты игерген жастар тәжірибесіздіктен жұмысты бірден алып кете алмай қиналып жатады. Сол себептен де қазір біз оқу орындарының соңғы курстарында оқып жүрген жастарды өзімізге тартып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштауға баулып жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР