"Сырғалым"

«Халықтың көңілінен шығу үшін үнемі ізденісте болу қажет»

Бүгінде Тараз қаласында тойда жүрген бишілер тобы аз емес. Олардың денін би өнерінің нағыз шеберлері деп айту қиын. Десе де, өз талантымен танылып, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген бишілер тобы да баршылық. Міне, сондай өнер иелерінің бірі – «Сұлутөр» би тобы. Құрылғанына көп уақыт болмаса да халықтың көзайымына айналып үлгерген топтың жетекшісі Аяужан Жандосқызымен жуырда сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Аяужан, әңгімемізді би әлеміне алғаш қалай қадам басқаныңыздан бастасақ. Не себепті бұл өнерді таңдадыңыз?
– Мені негізі өнерге әкем, әнші-сазгер Жандос Омаров әкелді. Үйдің тұңғышы болғаннан кейін, әкем 6 жасымда ең алғаш би үйірмесіне алып келіп, талантымды шыңдады. Уақыт өте өз біліктілігімді көрсетіп, «Үркер» би тобына қабылдандым. Ол топта 6-7 жылдай биледім. Алайда, «Үркер» тобы белгілі себептерге байланысты таратылып, араға екі жыл салып «Сұлутөр» би тобын құрдым. Әкем рухани демеушім, өзім топтың жетекшісімін. Топты 16 жасымда жасақтадым. Қазір 3 жыл болды құрылғанымызға. Алғашқы кезеңде қиын болғанын жасырмаймын. Себебі, топтағы қыздардың дені өзімнен үлкен болатын. Жетекші ретінде оларды жұмсау, тапсырма беру, талап қою деген мәселелер оңайға соқпады. Десе де, жауапкершілік жүгін сезініп, бишілерімді елге танытуға барынша күш салдым. Еңбегім жеміссіз емес. Бүгінде «Сұлутөр» бишілер тобының Тараз эстрадасында өзіндік орны бар.


– Шыны керек, 16 жастағы қыздардың қазір топ құрмақ түгілі, әлі қуыршақ ойнап жүргендері жетерлік. Айтыңызшы, мұндай тәуекелге баруға не түрткі болды?
– Мен бала кезімнен тәуекелшілмін. 10 жасымнан түрлі би байқауларына қатысып, республикалық, облыстық додаларда жеңімпаз атандым. Сондай-ақ, өңірде өткен ірі концерттерде өнер көрсетіп, әрдайым өз күшіммен танылуға тырыстым. Әрине, көпшіліктің көңілінен шығу қиын. Қазір би тобыммен тойларға барғанымда халық әрқалай қабылдап жатады. Кейде бізге киім ауыстырып, дайындалатын бір бұрыш бұйырмайтын кездер де болады. Осындай қиындықтардың бәрін еңсеріп, өз өнерімізді ортаға салып келеміз. Бұл бізді үлкен өмірге дайындап, шыңдай түсуде деп білемін.
– Репертуарларыңызда қандай билер бар?
– Топ билейтін биді жеке өзім таңдаймын. Қазір қоржынымызда онға жуық биіміз бар. Барлығына арнайы костюмдер де тігілген. Және сондай әдемі киім үлгілерін әзірлеп беретін тігіншімен де келісімшартқа отырғанбыз. Тойға шақырушылардың дені бидің өзіне емес, киіміне көп мән беріп жатады. Тұтынушының талғамын қанағаттандыру үшін біз әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, биімізді де, киімімізді де жаңалап отырамыз.
– Бишілер дене пішімдерін қалыпты, әдемі сақтау үшін жаттығумен қатар, қатаң диета да ұстанатын шығар. Сіз диета ұстайсыз ба?
– Шыны керек, қазіргі таңда диета ұстамаймын. «Үркер» тобы тараған соң биді қойдым. Тек, «Сұлутөр» тобының құрамындағы бір қыз ауырып қалса, оны ауыстырып, өзім билеймін. Ал, былайғы кезде тек үйретемін, топтың жұмысын үйлестіремін. Содан болар, кейінгі кезде бірнеше келі салмақ қосқаным да рас.
– Өзіңізге би өнерінен кімді үлгі тұтасыз?
– Жамбыл өңірінен шыққан небір талантты бишілер көп қой. Дегенмен, мені биге баулып, барлық тәсілін үйреткен алғашқы ұстазым Бибігүл Телжанқызын әрдайым үлгі тұтамын. Ол кісінің өткізген әрбір дәрісі мен үшін құнды болды. Ұстаз ретінде де, кәсіби биші ретінде де ол кісі маған идеал бола білді.
– Болашаққа жоспарыңыз қандай?
– Әкем өнер адамы болған соң тобымызға жаңашылдық, ерекшелік енгізіп тұруды талап етеді. Мәселен, Таразда алғаш рет қыз ұзату рәсімін театрландырылған көрініспен өткізуді біздің тобымыз жасаған болатын. Кейін бізге қарап басқа да бишілер тобы осындай көрініспен шыға бастады. Сол секілді, алдағы уақытта тобымызбен ешкімді қайталамайтын дүние жасауды жоспарлап отырмыз.
Тағы бір айта кетерлігі, өзім тырнақ әрлегенді ұнатамын. Бала кезімнен сол істі қосымша алып жүрмін. Енді алдағы уақытта жеке салон немесе қыздарды оқытатын арнайы мектеп ашқым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова

ПІКІР