«Хан базарынан» шыққан қағаз қалдықтар қайда кетіп жатыр?

0 21

Көзін тапқанға қағаз да – қазына. Десек те өңірде өндірістің осы түрі ауыз толтырып айтарлықтай емес. Айталық, облыс аумағында және Тараз қаласындағы базарлар мен үлкен сауда орындарынан, супермаркеттерден күнделікті шығатын қағаз қалдықтарын қайта өңдеумен дені алматылық кәсіпорындар айналысуда. Жергілікті жерде картондарды қабылдайтын орындар жоқ емес, бар, бірақ олар да қағазды арзан бағада қабылдап, оны оңтүстік астанаға екі есе бағамен жібереді. Себебі қазіргідей технология қарыштап дамымақ түгіл, саздан сарай, шаңнан шаһар тұрғызған он екі ғасырдан астам уақыт бұрын өз алдына қағаз өндіру ісін мықтап дамытқан тарихи Тараз қаласында бүгінде бұл іске ниет танытып отырғандар некен-саяқ.

Тарихи деректер қағаз өндірісінің Тараз топырағында ежелден дамығандығын көрсетеді. Десек те бүгінгідей тау қопарып, тас жаратын, адамзаттың табанын айдың бетіне таңбалаған қуатты технология заманында қағаз өндірмек түгіл, қалдығын да кәдеге жарата алмай отырғандығымыз жанға батады.
– Өздеріңіз білетіндей, халықтың басым көпшілігі келетін орынның бірі базар болғандықтан мұнда тауар айналымы күн сайын қарқынды. Әрбір тауар картон қаптамалармен келеді. Нәтижесінде тонналап қағаз қалдықтары жиналады. Бізде қағазды қайта өңдеумен мықтап айналысатын орындар жоқтың қасы. Сондықтан біз алматылық фирмалармен келісімшарт жасасқанбыз. Алматылықтар өздерінің жүк көліктерімен бізден картон қағаздарды күнделікті алып кетіп отырады. Олар өз кезегінде картондарды қайта өңдеп, жаңа картондар жасайды. Олардың тарапынан ешқандай мәселе туындаған емес. Егер жергілікті жерде қағаз өңдейтін орындар ашылса, біз олармен де жұмыс істейтін едік, – дейді «Ауыл Береке» базарының басшысы Эльмира Қарабекова.
Жалпы «Жасыл экономика» саясаты бойынша 2030 жылға дейін қоқыс өңдеу бойынша 14 пайыздық көрсеткішті 40 пайызға жеткізу көзделген. Осы жоспар жүзеге асса, еліміздің полигондарына шетсіз, шексіз төгілген қалдық энергия мен табыс көзіне айналуы ықтимал. Біз жоғарыда тек бір ғана базардағы жағдайға тоқталдық. Ал оған тағы ықшамаудандардағы шағын базарларды, ірі сауда орындарын, тұрмыстық техника сататын дүкендер желісін қосыңыз.
– Біз екі тараздық жеткізушімен жұмыс істейміз. Олар біздің әрбір дүкеннің маңына өздерінің арнайы дүңгіршектерін орнатқан. Ол әрдайым кілттеулі тұрады. Біз тек қағаз қалдықтарын салатын жерден сол дүңгіршекке күнделікті жинап отырамыз. Сол үшін бізге ай сайын 20 мың теңге төлеп отырады. Бізден алған қағазды олар қайда, қаншаға сататыны белгісіз. Біз үшін қағаз қалдықтары дүкеннің айналасында шашылып жатпағаны маңызды, – дейді «Дәмді себет» дүкендер желісінің директоры Алмазбек Шегебаев.
Осы ретте біз облыс орталығында қағазды қайта өңдеуге қатысы бар кәсіпкерлерді іздестірдік. Байқағанымыздай, олардың көбі жергілікті сауда орындарынан арзан бағада сатып алған қағаз қалдықтарын алматылық кәсіпорындарға екі есе бағамен саудалайтын көрінеді. Бұл жөнінде бізбен сұхбаттасудан бірден басын ала қашқан жеке кәсіпкерлер де табылды. Ал әңгімеге ниет танытқандар сатып алу құнын айтса да, сату құнын, аты-жөндерін барынша жасырып бақты. Осы бағытта жиырма жылдан аса тәжірибесі бар, «Қазақстан қағазы» компаниясының филиалы ретінде ашылып, 2012 жылдан бері өз алдына іспен айналысып келе жатқан Көшеней көшесіндегі «Ясар» жеке кәсіпкерлігі мамандарының айтуынша, олар картон қағаздарын 35-40 теңгеге сатып алады екен. Яғни өздері алып келсе, 40 теңгеге алады, барып алып кетсе, 35 теңгеге бағалайды. Ал сапалы ақ қағаздарды бас-аяғы 45 теңгеге қабылдайды. Сонымен қатар олар биылдан бастап газеттерді қабылдамайтын көрінеді. Қайта өңдеуге газет қағаздарының сапасы жарамайды дейді олар. Бұл облыс орталығында макулатураны ең қымбат қабылдайтын орындардың бірі. Әйтпегенде Таразда әлі күнге макулатураны 15-20 теңгеден қабылдайтын орындар да көп. Ал су тиынға сатып алған қағазды қайда, қанша бағада сататынын «коммерциялық құпия» деп, айтуға құлық танытпай отыр. Бұл ретте біз жергілікті сауда орын басшылары айтып отырған алматылық макулатура қабылдайтын орындардың сатып алу құнын да интернеттегі жарнамалар арқылы көрдік. Алматыда макулатураның әр келісін 80-90, тіпті 100 теңгеден қабылдайтын орындар да бар екен. Осыған қарап-ақ мәселенің мәнісін аңғару қиын емес.
Тағы бір айта кетерлік жайт, биыл қалдықтарды жинауға берілетін субсидия мөлшері екі есеге өсті. Яғни елімізде 14 маусымнан бастап қайталама шикізатты жинаушыларға берілетін ақшалай төлем екі есеге ұлғайып отыр. «EcoQolday» жобасында тарифтерді көтеру мәселесі
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген. Аталған қадам қайта өңделетін қалдықтарды жинау географиясын кеңейту және салалық бизнес үшін тартымды болу мақсатында қолға алынып отыр. Айталық, бұған дейін шынының тоннасына 22 344 теңге берілсе, қазір оның құны 44 688 теңгеге ұлғайған. Пластик қалдықтарын жинағандарға әр тоннасына 26 398 теңге берілсе, енді оның сомасы 52 797 теңгеге өсті. Макулатураға берілетін субсиядия 16 976 теңгеден 33 953 теңгеге дейін артты. Оған қоса «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы бағытты субсидиялаудан бөлек, көлік шығындарын да ішінара өтейді және «EcoQolday» платформасы арқылы шикізатты кәдеге жаратушы зауыттарға тікелей сатуға мүмкіндік береді. Орташа есеппен алғанда бірреттік тасымалдау үшін жинаушыға «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері Операторы» ЖШС 600 мың теңге төлейді және аймаққа байланысты әр шақырымына 8 теңгеден тасымалдауға беріледі. «EcoQolday» қолдаудың цифрлық моделі 2021 жылдың
27 қаңтарынан бастап іске қосылған. Бүгінгі таңда «EcoQolday» жүйесінде 343 қатысушы жұмыс жасауда. Жүйе іске қосылған кезеңнен бері 2 148 өтінім өңделіп, 33 255 тонна қайталама шикізат кәдеге жаратылған. Қазіргі уақытта «EcoQolday» тетігі шеңберінде жинаушыларға, тасымалдаушыларға және кәдеге жаратушыларға расталған төлемдер сомасы 480 миллион теңгені құраған. Статистика мен сарапшылардың пікірінше, қайталама шикізатты неғұрлым белсенді жинау Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы облысында жүзеге асырылуда. Аталған аймақтар осы аралықта 17 мың тоннадан астам қаптама қалдығын жинаған. Айта кету керек, «ӨКМ Операторы» жаңа тарифтік саясат бойынша 2021 жылы шамамен 100 мың тонна макулатура, шыны және пластиктен жасалған қалдықтарды жинауды жоспарлап отыр. 2021 жылға өтемақы төлемдерінің жалпы мөлшері 10 миллиард теңгеге жетуі мүмкін. «EcoQolday» жобасына қайта өңделетін қалдықтарды жинауды жүзеге асырып жүрген, сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер де қатыса алады.
Жалпы жыл сайын ел аумағында 6 миллион тоннадан астам қоқыс жиналса, соның 20 пайызын қағаз картондар құрайды екен. Бұған дейін қазақстандық жеткізушілер макулатураны шет мемлекеттерге сатып келгені де жасырын емес. Себебі онда қабылдау құны айтарлықтай жоғары. Көршіміз Ресей елінің өзінде осы бағыттағы ақша айналымы
4 миллиард АҚШ долларынан асып отыр. 10-15 теңгеден қабылдайтын біздегі жағдайдың оң нәтиже көрсетпей отыруы да заңдылық. Есесіне енді осы бағытта бөлінетін субсидияны тиімді пайдаланып, Қазақстанды «қағазстанға» айналдырмаудың жолы ашылып отыр. Еліміз бойынша қағазды қабылдап алу құны құлдырап тұрған Тараздағы жеке кәсіпкерлер де осы мүмкіндікті мүлт жіберіп алмаса игі.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.