Қоғам

Химиктерге рух сыйлаған әнұран

Written by Aray2005

Өңірімізден 30 мемлекетке өнім жіберетін Жаңа Жамбыл фосфор зауыты өткен жылы 40 жылдық мерейтойын атап өткен еді. Сол мерейтойға орай «Фосфорлы өлкем» атты әнұран жазған Асхат Абдиев бүгінде осы зауытта бункерші қызметін атқарады. Мерейтой аясында ұйымдастырылған өнер байқауында осы әні топ жарып, І орынды иеленіпті. Бүгінге дейін 50-ге жуық әнді дүниеге әкелген Асхат Әділханұлы өнер еңбектің қай саласында да өрісін кең жаятынын дәлелдеп жүрген жандардың бірі.

Алғаш еңбек жолын химия саласынан бастаған Асхат Әділханұлы белгілі себептермен біраз жыл өнер саласында еңбек етеді. Бірақ араға бірнеше жыл салып қайтадан өзіне жақын еңбек ортасына оралып, 2008 жылы Жаңа Жамбыл фосфор зауытына аппаратшы болып жұмысқа орналасады.
– Зауыттың жүрегі саналатын пеш цехында фосфорды жинап, өндіру барысымен толықтай таныстым. Бір жыл осы цехта жұмыс істегеннен кейін шикізат тиеу бөлімшесіне аға аппаратшы болып ауыстым. Екі жылдан соң бункерші қызметіне өттім. Сырттан келген шикізат 1-цехқа түсіп, кокс, көмір, кварцит өнімдерін берсе, 2-цехтан агломерат шығады. Сол өнімдерді тиеу бөлімі қабылдап, пеш цехына жібереміз. Одан ары қарай сары фосфор өндіріліп шығады. Осы салада еңбек еткеніме 10 жылдан асты. Бізде ауысымдық жұмыс тәртібі. 12 сағат жұмыс істеп, соған қарай демалысын да аламыз. Міне, осы демалыс күндерімде шығармашылықпен айналысуыма үлкен мүмкіндік бар. Өзім сөзін жазған өлеңдеріме ән де жазып, біразын орындаушылар сахнаға алып шығып жүр, – дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз химиктердің де ақын, сазгер бола алатынын айқындап.
Қызыл жалынды алып пештің қасында, химиялық шикізаттардың ортасында ауыр еңбекпен айналыса жүріп, халықтың рухани байлығына да үлес қосып жүрген Асхат Абдиевтің фосфорлы өлкеге арнаған өлеңін химиктер мерекесі қарсаңында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Фосфорлы өлке,
Жалыны қуат,
Жалындаған фосфор алауы.
Қазығын қаққан,
Ең алғашқы еңбек адамы.
Бақытқа бөлеп,
Шаттандырып дархан қаланы.
Қырыққа толды,
Зауытымыз құт боп қадамы.

Қайырмасы:

Жырдан шашу шаштым бүгін,
Әнге бөлеп көгін.
Еңбекшілер абыройын,
Асқақтата келдім.
Химияшылар, мерекеңмен!
Масаттансын елім.
Құтты болсын қуанышың,
Құтты болсын қуанышың,
Жаңа Жамбыл Фосфор зауыты!

Фосфорлы өлкем,
Даңқың өрлеп кетті алысқа.
Өнімін өңдеп,
Экспорттап жеттік табысқа.
Ғажайып неткен,
Еш кетпеген еңбек еленіп.
Космоспенен,
Көкке самғап ұшқан ғарышқа.

Қамар Қарасаева

ПІКІР