Хоббиін кәсіпке айналдырған Қайрат

0 10

Қазақ ұсталықты қатты құрметтеген, оның қыр-сырын барынша меңгерген халық. Көшпелі өмірдің бір бөлшегіне айналған ұсталық ұлтымыздың ықылым заманнан бергі ата кәсібіндей болып кеткен еді. Дегенмен, индустрия революциясы салтанат құрған кейінгі ғасырларда бұл өнер түрінің, оның бұйымдарының тұрмыстық қажеттілігі төмендей бастады. Ал бүгінде, үйінде ағаш қасықпен ас ішіп, ағаш пияламен шай ұрттап отырған адамды күндіз шаммен іздеп таппайсың. Бірақ бұл ұсталық кәсіп бабаларымызбен бірге мәңгілік келмеске кетті деген сөз емес. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, еліміздің әр аумағында темірден түйін түйіп, ағаштан түрлі бұйым, кәдесыйлар жасап, қайысты да кәдеге жаратып жүрген шеберлер әлі де баршылық.

Жеке қызығушылығымен бойындағы өнеріне қиянат жасамай ұсталықты жанына серік етіп келе жатқан жандардың бірі – жамбылдық Қайрат Қадырбаев. Жамбыл ауданының тумасы Қ.Қадырбаев негізінен ағаштан бұйым жасауға жастайынан машықтанған екен. Көбіне ол қарағаш пен кәдімгі қайыңды қажетіне жаратып жүр. Қарағаш ұсталар үшін қолжетімді материал болғанымен одан қандай да бір зат жасап шығаруға екінің бірінің тісі бата бермейді екен. Өйткені Қайрат ұстаның айтуынша, табиғатынан қатты қарағашты икемге келтіріп, одан жылтыраған дүние жасап шығару үлкен еңбекті талап етеді. Бірақ жасалған бұйым сапалы әрі әдемі болып шығады.
Міне бойындағы өнері мен қайратын ұштастырып, өнерін тастамай жүрген Қайрат Қадырбаевтың хоббиін кәсіпке айналдыру арманының орындалуына облыстық кәсіпкерлер палатасының Жамбыл аудандық филиалы себепкер болыпты. Онда арнайы тестік сынақтан сүрінбеген энтузиазист «Бастау Бизнес» жобасы бойынша толық курстан өткен. Осылайша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы болашақ кәсіпкерге 4,6 миллион теңге көлемінде шағын несие рәсімдеп, оның кәсіпкер атануына жол ашқан.
– Мен ол қаржыға ағаш өңдейтін қондырғы сатып алдым. Мүмкіндігім артқан соң қолымнан келеді-ау деген ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарды ойып жасауға кірістім, – деген ұста ет тағамына арналған астау, қымыз, көже құятын кесе, қасық, шөміш сынды ыдыс-аяқ коллекциясына кірісіп кеткен.
Жамбылдық шеберден ағаш ыдыстардың артықшылықтары жайлы сұрап білгенімізде, ол олардың асқа ерекше дәм беруіне атсалысып, тіпті емдік қасиеті де болатынын айтып берді. Әрине, ол үшін кез келген ағашты емес, ерекше түрлерін таңдаған жөн екенін ескертті ұста.
– Өздеріңіз білесіздер, қарағаш қанша дегенмен қатты келеді ғой. Оның үстіне оны табу үшін алысқа барудың да қажеті жоқ. Айнала толған қарағаш. Бірақ, оны өңдеп, сапалы да жылтыраған бұйым шығару үлкен шеберлікті, маңдай терді қажет етеді. Оның бар артықшылығы беріктігінде, уақыт өте келе одан сайын қатая түсетіндігінде. Дегенмен мен өз жұмысымның жөнін білгендіктен, қарағашты өңдеуге бар өнерімді салып келемін, – дейді ұстаның өзі.
– Кейінгі жылдары елімізде ұлтымызға тән әдемі де ыңғайлы ыдыс-аяқ түрлеріне деген сұраныс артып келетіні қуантады. Сәйкесінше, кәдесыйлар мен ыдыс-аяқ сататын дүкендер мен бутиктерге барсаңыз қазақы нақыштағы бұйымдардың да көздің жауын аларлық түрлерін кездестіретін болдық. Бұл жақсылықтың нышаны. Мен ертеректе «Уақыты келгенде мен де қарап қалмай, бұйымдарымды дүкен сөрелерінен көретін боламын деп» іштей ой түйіп, мақсат қойған едім. Сол жоспарым іске аса бастады, – деген Қайрат Қадырбаевтың да ұсталық туындылары үлкен дүкендердің сөрелерінен табылатын күні алыс емес. Өйткені оның заттарына да жұрттың қызығушылығы артып, сұраныс аясы кеңейіп келе жатқан көрінеді.
Осылайша Жамбыл ауданындағы танымал ағаш шеберіне айналып шыға келген Қ.Қадырбаевтың жоспар-сызбалары жүзеге аса бастады. Алда ол қалдықсыз өндіріске бет бұрмақшы. Яғни, ағаш жаңқаларын да керегіне жаратып, өнім түрлерін көбейтпек ниетте.

Жасұлан Сейілханов

Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.