Жастар.kz

Киберспорт ермек пе, әлде?..

Written by Aray2005

Бүгінгі жаһандық өзгерістерден спорт саласы да тыс қалып жатқан жоқ. Жайшылықта физикалық тұрғыдан бәсекеге түсетін спортшылар қазір виртуалдық әлемде де күш сынасуда. Қоғам өміріне етене кірген бұл үдеріс – киберспорт деп аталады.
Жалпы, киберспорт дегеніміз – бір адамның екінші біреумен компьютерлік ойын арқылы жарысқа түсуі.

Алдымен қоғамда қарқынды дамып келе жатқан киберспорттың тарихына тоқтала кетсек, командалар мұндай спорт түрінен сайысты «Doom 2» ойынынан бастаған екен. Мұнан кейін ғаламторда «Quake» ойыны пайда болады. 1997 жылы кеңінен тарала бастаған ойынның WCG, ESL деген бөлімдері де құрылды. Бір қарағанда баланың ермегі іспетті көрінетін компьютерлік ойындардың бүгінгі аяқ алысы жаман емес. Белгілі бір командалар құрылып, нақты бір мақсат жолында ұйымдасқан адамдар экранның келесі бетіндегі қарсыласын жеңу үшін түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Жалпы, бұл спорт түрінің миллиондаған аудиториясы бар. Коммерциялық тұрғыдан да өте әлеуетті. Онымен тұрақты айналысатындар киберспортты ақыл-ой мен ұшқырлықтың ойыны деп атайды.
Осы орайда, физикалық белсенділікті еш талап етпейтін киберспорт ермек пе, әлде расымен спорт түрі ме деген орынды сұрақтың туындайтыны белгілі. Мәселен, былтырғы 25 маусымда Мәдениет және спорт министрлігі киберспортты ресми түрде спорт деп танып, «Qazaq Cybersport Federation» атты киберспорт федерациясының жұмысына кіріскенін мәлімдеді. Қазақстанда бұл федерацияның 9 филиалы жұмыс істеп, халықаралық жарыстарға қатысуда. Бізден бұрын бұл спортты батыс елдері мен Қытай, Үндістан мемлекеттері мақұлдап үлгерген.
Негізі бұл спорт түрі тамырын мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тан тартады. Ең алғашқылардың бірі ретінде 1997 жылы «Cyberathlete Professional» лигасы құрылып, Quake ойыны негізінде жарыс ұйымдастырылған. Кейін лига кооперативті жарыстарға көшті де, «Doom 2» ойынын ойната бастады. Бірақ киберспорттың нағыз кемелденген шағы «Counter Strike» симуляторының кең таралуымен тұспа-тұс келеді. Әлі күнге дейін ең көп ойналатын бұл ойын функционалдығы жағынан киберспортшыларға қолайлы болды. Нәтижесінде «Cyberathlete Professional League» 2001 жылдан бастап «Counter Strike» симуляторын негізгі ойын ретінде қабылдады.
Бұл спорт түрі біздің өңірде де заман ағымына қарай дамып келе жатыр. Түрлі компьютерлік клубтарда тек әуесқой ретінде ойнайтындар ендігі жерде оған кәсіби түрде қарап, біліктіліктерін шыңдай түсті. Ол үшін облыс орталығында түрлі жарыстар ұйымдастырылып, жүлдегерлер аймақ намысын қорғайтын дәрежеге жетті. Мәселен, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы шаһардағы 23 колледждің жастарын киберспортқа баулу мақсатында түрлі жарыстарды ұйымдастыруды қолға ала бастапты. Ресурстық орталықтың директоры Нұрлан Қанатовтың айтуынша, осыған дейін өткізілген жарыста 14 колледжден 70 команда бақ сынаған. Аталған жарыстың жеңімпаздары 68 команда қатысқан республикалық турнирде 5-орын алып қайтқан екен. Облыста киберспорт енді ғана дамып келе жатқандығын ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес. Сонымен қатар Нұрлан Қанатов өңірде киберспортты дамыту мақсатында федерация құру туралы жоспарлары бар екендігін де айтып отыр. Сондай-ақ осы уақытқа дейін жұмыс жасап келген «Мирас» спорттық орталығының да жұмысы киберспортқа негізделіп, онда өңір намысын қорғайтын ойыншылардың құрамасы жасақталмақ. Әрине, ол үшін орталықтың техникалық базасын нығайту қажет.
– Киберспортты нағыз спорттық тәртіп ретінде тануға негіз бар. Киберспортқа бап керек, машық қажет. Жарыстарға жаттығып, қолды үйретіп бару міндетті саналады. Киберспорт көп қимылды талап етпейді, бірақ ойыншылар кәдімгі спортшылар жаттығуға жұмсайтын уақыттан да көп дайындалады. Компьютер спортының өзіме ұнайтын тұсы, оған мүмкіндігі шектеулі адамдар да еркін қатыса алады. Бастысы – ақыл-ой ұшқырлығы. Сондай-ақ бұл жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға таптырмас дүние. Осылайша олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзіндік орта қалыптастырады, – дейді Н.Қанатов.
Киберспорт жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлкен септігін тигізеді. Бос уақытын киберспортқа арнап, өңір намысын қорғап жүрген жастың бірі М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 2-курс студенті Бексұлтан Кеулімқосов. Мектеп жасынан компьютерлік ойындарға қызыққан ол 2015 жылдан бері «PlayStation» ойынындағы футбол жарыстарына қатысып келеді. Нәтижесінде қаладағы үздік ойыншылардың бірі атанған. Атап айтқанда, былтыр қалалық біріншілікте топ жарып, «Setanta-Қазақстан» арнасының «Setanta-CUP» турнирінде облыс намысын қорғаған. Айта кетерлігі, бұл турнир аталған арнадан кәдімгі футбол ойыны секілді көрсетіледі.
– Осыған дейін ұйымдастырылған «Setanta-CUP» турнирінде бағым жанбады. Бірақ былтыр осы арнаның «Setanta Pro liga» жарысының топтық кезеңіне шықтым. Бұл жарысқа еліміздің әр өңірінен іріктелген мықты ойыншылар қатысады. Сондықтан ол додада барымды салып, жеңіске жетуге күш саламын. Бізде кәсіпқойлар аз. Көпшілігі әуесқой ретінде ойнайды. Сондықтан республикалық турнирлерде төмен нәтиже көрсетіп қалатынымыз жасырын емес, – дейді Бексұлтан Кеулімқосов.
Иә, талай талантты энтузиаст ойыншыларды біріктірген киберспорттың өз әлемі қалыптасып үлгерді. Қазақстанның сол әлемнің бір бөлігіне қосылып отырғаны дау тудырмайтын ақиқат. Ендеше, әлемдік деңгейде қазақстандық киберспортшылар әлі талай биіктерден көрінетіндігі сөзсіз. Бұл тұрғыда жамбылдық өрендердің де қосатын үлесі орасан боларына сенім мол.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР