Киелі Талас қойнындағы Қарақожа мешіті

0 58

Ел ішінде ескілікті әңгімелер көп. Есте тұтып, естелік ретінде пайдалануға да болады, әрине. Ұлы даламыздағы әрбір белгінің, ескерткіштің де өзінің тарихы мен тағдыры бар. Тарихи Талас жерінде, Талас өзенінің оң жағалауында, Сейілбек елді мекенінің аумағында орналасқан Қарақожа мешіті көптің таңданысын тудырған көрнекті кешен. Мешіт тарихи деректер бойынша ХХ ғасырдың бас кезінде ортағасырлық Бұхара және Самарқан мешіттеріндегі сәулет өнері үлгісінде салынған екен. Ал Қарақожа мешітінің тарихы қандай, не себепті бұлай аталды? Сол заманнан осы уақытқа дейін жеткен аңыздарға сенсек  Қарақожа мешітін Жұпан ана салуға ықпал еткен екен. Енді ол кісі мұндай сауапты іске қалай бел байлады десек, қазақтың «Батамен ел көгерер» деген аталы сөзінің текке айтылмағанын түсінуге болады. Малдыбайдың баласы Күдері жүз жастан аса жасайды. Сол қария ұлы Райдың әйелі Жұпан келініне бата берген. Жұбайынан жастай жесір қалса да қайсарлық үлгісін танытып, осы тарихи нысанды салдыруға басшылық жасайды. Әуелі қайнысы Сәмбетбайды ертіп, Ташкентке барады. Сол жерден ұста-шеберлер әкеліп, осы мешітті салдырады. Әрине, сол мешітті салдыру үшін жұрттан жылу да жинаған.

 Мешіт құрылысы аяқталған соң, он төрт жасар Қарақожаны сол жерге имам етіп тағайындайды. Ал мешіттің атауы оның алғашқы имамы болған 14 жасар Қарақожаның құрметіне қойылады. Жастығына қарамай жұртты жаппай имандылық пен діни сауаттылыққа баули алған имам мешітті Кеңес одағы шындап күшіне енгенге дейін қасиетті діни орын ретінде ұстап тұра алды. Алайда азаматтық соғыстан кейін белең алған жаппай тәркілеу, ұлы жұт, қуғын-сүргін жылдары мешіт жамағатынан айырылды.  Арада уақыт өтіп заман тынышталған соң, ел тәуелсіздігіне қол жеткізіп Қазақстан әлемге зайырлы мемлекет ретінде үн қатқан жақта тарихи орынның мән-мазмұны артты. Бұл мешіттің де заманның аумалы-төкпелі шағында бұзылмай қалғандығына қатысты түрлі аңыз бар.

Бүгінде Қарақожа мешітінің маңы қалың қорым. Сол жерден Жұпан ана да мәңгілік орын тапқан. Алайда кімнің қабірі қай жерде екені белгісіз. Уақыт өткен сайын зираттардың орныда тегістеліп кеткен. Қарақожа мешіті Әулиеата өңіріне ғана емес, бүкіл елімізге белгілі тарихи орын. Талас аңғарынан орын тепкен нысанның нақты тарихы осындай. Бұл да ұлт құндылығын құрмет тұтатын ұрпаққа қажет.

Өмір жолын ислам дініне арнаған Қарақожа Ишан осы аумақтағы Қарақожа мешітінің жанында орналасқан ауыл шетіндегі қорымда жерленген. Қазіргі таңда, осы Қарақожадан тараған ұрпақтарының барлығы дін жолын ұстанған және Талас ауданының ауылдық мешіттерінде имамдық қызметтерін атқарып отыр. Мешіт ғимараты 1909 жылы салынған және ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында салынған Шу-Талас аумағының монументалды құрылысының үлгісі. Мешіт толығымен күйдірілген кірпіштен салынған.

Қыш кірпіштен тұрғызылған жобасы төртбұрышты, көп күмбезді құрылыс сыйыну залы мен айваннан тұрады. 1980 жылдың соңында күмбездері, қабырға жақтаулары біртіндеп бұзылып, бірнеше жарықтар пайда болған. 1985 – 1989 жылдары жүргізілген қайта қалпына келтіру жұмыстары( «Қазжобалауқайтажаңғырту» институтының қайта жаңғырту жобасы) аяқталмады. Нәтижесінде, 1998 жылы жүргізілген жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары ескерткіштің сәулеттік – көркемдік құндылықтарын жоғалтты. 2006 -2007 жылдары РМК Қазқайтажаңғырту институтының Тараз филиалы мешітті қалпына келтіру жұмыстарын толық жүргізді.

Мешіттің үсті тоғыз бірдей биіктіктегі күмбезбен көркемделіп жабылған. Тек залдың михраб қуысы орналасқан тұсының үстіндегі күмбез біршама биіктеу. Бұл діни құрылыстың көлемді жобадағы маңыздылығын ерекше көрсетіп тұр. Биік емес қасбеті қыш кірпіштен қаланып, сыланған. Батыс қабырға мен айванның батыс қабырғасының ортасындағы михраб қуыстары қыр (түрлі – түсті гипс) техникасымен орындалған полихромды өрнекті гипстік жапсырмамен безендірілген. Залдағы михрабтың  эпиграфиялық мәнерінде діни тіркес, осы ғимараттың тұрғызылған мерзімі деп қабылданған хиджра бойынша 1327 (1909) жылы жұмыстың орындалғандығы жазылған. Ғимарат күмбезді – галерея типті құрылыс тобына жатады. Өкінішке орай Кеңес үкіметі тұсында жергілікті тұрғындар  мешітті түрлі қоғамдық негізде пайдаланып келген.

Мешіт құрылысына 1945 жылдан бастап әр кезеңдерде тарихшы-ғалымдармен ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бөлтірік шешен мемориалымен қатарлас орналасқан мешіт бұл күндері жергілікті тұрғындардың тәу ететін қасиетті орындарының бірі саналады. Тіпті бұл мешітке арнайы ат ізін салатындар да баршылық.

Мешітті 1945 жылы археолог Г.П.Пацевич,  1945 жылы Г.Б. Ысқақов, 1949 жылы Л.И. Ремпель, 1979 жылы Т.Қ. Қуандықов, Ж.А. Шайкенов басқарған ғылыми-зерттеу экспедициялары, 1975-1980 жылдары «Қазжобажаңғырту» сәулетшілерімен зерттеген.

Қарақожа мешіті республикалық маңызы бар тарихи – мәдени ескерткіштерінің тізіміне енгізілді. Толық  қайта жөндеу жұмыстары республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007-2008 жылдар аралығында жөнделіп ел игілігіне қайта пайдалануға берілді. Қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін мешіт Қазақстанның Діни Мұсылмандар басқармасына берілді. 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне алынған.

Қарақожа мешіті сағымды далада өткен ғасырлардан сыр шертіп тұр. Енді ұлттық жәдігерлерімізге үлес болып қосылған Қарақожа мешітінің тарихы ұрпаққа мұра болып қалуға тиіс.

 

Мадина Ибадильдаева,

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени корық-музейінің тарихшысы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.