"Сырғалым"

Киіз басу өнері – көшпенділер мұрасы

Written by Aray2005

Рухани және тәрбиелік мазмұндағы құндылықтарды үлгі ету мақсатында Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Бауыржан Момышұлы ауылы әжелерінің қатысуымен «Киіз басу өнері –көшпенділер мұрасы» атты шеберлік сабағы өткізілді.

Ұмыт болып бара жатқан киіз басу өнеріне жан бітірген әжелеріміздің басты мақсаты – халқымыздың қолөнерін жаңғырту, ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа аманат ету.
Осы орайда «Ұлттық өнеріміз басқа елдің меншігінде қалмас үшін жастарға жиі насихат етіп айтып, үйретіп отыру – біздің негізгі парызымыз», деп білген Қоныскүл Мамекова, Базаркүл Ысқақова есімді әжелеріміз сырмақ пен текеметтердің, алаша мен тұскиіздердің қолданылуын, қадір-қасиетін, әр ою-өрнектің тарихын түсіндіруден шаршаған емес. Іс-шараны жүргізген ақын Нұржан Әліш өзінің қаламынан шыққан:
Өлмес мәңгі бабалардың нұрлы ісі,
Текеметте әжелердің тұр күші.
Киіз басу қолтаңбасы ананың,
Салт-дәстүрі қазағымның, үрдісі, деген жыр шумағы да шеберлік сабағының мән-мазмұнын аша түсті.
Шара соңында әжелер ұйымдастырушыларға ақ батасын беріп, қазақ қолөнерін дамытуға, ұлттық салт-дәстүрге берік болуға тілек білдірді.

Аида Қошаева,
Жуалы аудандық «Рухани жаңғыру» офисінің менеджері

ПІКІР