Қоғам

«Kiki»-дің қызығынан шыжығы көп

Қазіргі уақытта «instagram» желісінде «Kiki challenge» кеңінен тарауда. Канадалық рэпер Дрэйктің «In my feelings» әніне билеуге әуестенгендерден кейде тіпті өз өмірлеріне қауіп төндіріп алғандардың саны көбейіп келеді. Өйткені, челлендждің ережесі бойынша әуесқойлар баяу жүріп келе жатқан көліктің есігін ашып, аталған әннің қайырмасы шырқалған кезде ырғаққа сәйкес билеуі тиіс. Дегенмен, айтар ауызға оңай көрінетін бұл әрекетті орындау барысында түрлі сәтсіздіктер, жай ғана сәтсіздік емес, адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалар орын алуда.

Әйтсе де, «Kiki»-дің қызығына түскендерге бұл да кедергі бола алмауда. Есесіне, Дрэйктің дәл осы әні дүниежүзі бойынша сұранысқа ие болуда. Соңғы 1 айдың ішінде бұл туынды әлем бойынша «Ең көп тыңдалған 100 әннің» рейтингісіне енген.
Өз кезегінде індетке айналған бұл флешмобтан отандық жұлдыздар да қалыс қалмады. Алтынай Жорабаева, Мейрамбек Беспаев, Әбдіжаппар Әлқожа, Аша Матай, Арман Қоңыр, Жәмилә Серкебаева бастаған өнерпаздар арнайы видео түсіріп, челленджге қолдау білдірді. Жұлдыздардың бұл ісіне желі қолданушыларының пікірі қақ бөлінуде. Бірі заманнан қалыспау керектігін айтса, екіншілері жұлдыздардың бұл ісін жат қылық деп бағалауда.
Сондай-ақ, белгілі тараздық вайнер Файзулла Сағымбай да челлендждің қызығынан шыжығы басым екенін айтады.
– Кез келген адам қызық қуып жүріп, түрлі қатерге ұшырауы мүмкін. Қазір интернетте кеңінен белең алған бұл челленджді мүмкіндігінше қайталамауға кеңес берер едім. Себебі, ондағы артық қимыл адам өміріне зиянын тигізеді. Оның үстіне бұл челленджге қазір тыйым салынуда, – дейді ол.
Мәселен, өткен аптада Парламент Сенатының депутаты Дулат Құсдәулетов жол ережесін қадағаламайтын полицейлерді, ал, ішкі істер органдарының қызметкерлері «Kiki challenge» билейтін жүргізушілерді қатаң сынға алды. Флешмобты жол ережесіне көз жұма қарау деп санаған сақшылар бұдан былай тәртіп бұзған азаматтардың айыппұл төлейтінін немесе үш тәулікке қамауға алынатынын ескертуде.
Сонымен қатар, тәртіп бұзушылар 6 айға дейін жүргізуші куәлігінен айырылатын болады. Әзірге облыс аумағында «Kiki challenge»-ге байланысты тәртіп бұзу оқиғалары тіркелмеген.

Нұргүл Есмаханова

ПІКІР