Sport

Кімнің бағы жанып, кімнің сағы сынды?

Төрткүл әлем көз тіккен футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталуға жақын. Турнир басында-ақ бірқатар сенсациялар орын алып, көпшілік күтпеген нәтижелер тіркелген еді. Енді міне, жүзден жүйріктер анықталып, бірқатар құрамалар жарыс жолынан шығып қалды. Сонымен кімнің бағы жанып, кімнің сағы сынды?

Топтық кезеңдегі текетірес

Топтық кезеңнің соңғы айналымында биылғы доп додасында үлкен сенсация жасаған ресейліктер Уругвай құрамасымен күш сынасты. Алаң иелері плей-офф кезеңіне өтіп қойғандықтан, бұл жекпе-жек жолдастық кездесу сияқты көрініс тапты. Десе де, топтан бірінші нөмірмен шыққан құрамаларға екінші топтағы әлсіз командалар бұйыратындықтан, Уругвай жеңіске жету үшін барын салды. Екі кездесуде 8 гол соғып, әлем сарапшыларының өзін таңғалдырған Ресей құрамасын сабасына түсірді. Бірінші таймда екі голды торда тулатса, 90 минут түгесілер тұста есепті еселеп, Уругвай жеке-дара көш бастады. Екінші орында – Ресей. Ал, бұл «А» тобында өнер көрсеткен Сауд Арабиясы мен Египет елдеріне қайтты. Әлемнің үздік ойыншыларының бірі, ағылшындық «Ливерпуль» клубының сұрмергені Салах бастаған Египет құрамасы соңғы кездесуде, тіпті, Сауд Арабиясынан да ұтылып, айтулы аламанды сәтсіз аяқтады. Осылайша, биылғы «алтын допқа» басты үміткер ретінде көп айтылған «Перғауын» тақтан құлады.
«В» тобында Испания мен Португалия плей-оффқа өтті. Топтық кезеңдегі соңғы кездесуін Мароккоға қарсы өткізген испандықтар 2:2 тең тарқасқанымен, соққан голдарының есебінен өз тобында көш бастады. Ал, екінші орынға табан тіреген Португалия Иранды ұта алмады. Шындығы керек, бұл топта Иран сөзсіз ерлік жасады. Осы таңға дейін Сары құрлықтан шыққан бірде-бір құрама мұндай биікке жетпеген еді. Топтық кезеңде ирандықтар Марокконы 1:0 есебімен ұтса, азулы Испанияға тек бір ғана гол айырмашылығымен ұтылды. Ал, соңғы Еуропа біріншілігінің чемпиондары португалдықтармен тіпті тең ойнады. Осылайша, небәрі бір ғана ұпаймен Испания мен Португалияға жол берген ирандықтар Азия құрлығының сөзсіз қаһармандары.

«С» тобында да бәрі белгілі. Мұнда Гризман бастаған француздар плей-оффта. Және Дания да топ жарып шықты.

«D» тобында Хорватия көш бастады. Соңғы турда Нигерияны 2:1 есебімен ұтқан Аргентина болса, екінші жолдамаға иелік етті.

«Е» тобында Швейцария мен Бразилия сенімді тұр. Ал, Сербияға ұпай үшін жан салу қажет. Коста-Рика болса, тек ұпай үйлестірумен айналысатын шығар. Не де болса, екі жолдамаға жоғарыда аталған үш құраманың бірі ие болады.

«F» тобында Мексика топтық кезеңнен топ жарып шығуға аяқ аттам жерде тұр. Ал, «неміс машинасы» екінші айналымда шведтерді ұтып, турнир кестесінде екінші сатыға жоғарылады. Әйтсе де, гол айырма­шылығымен ғана Германияға жол беріп тұрған Швецияның да топтан шығуға мүмкіндігі мол. Ол үшін шведтер үшінші турда Мексиканы тізе бүктірулері керек. Немістерге болса, Оңтүстік Кореядан басым түсу міндеті тұр. Осы тұста плей-оффтың жолдамасы қолдарында тұрған мексикалықтар Германияны жарыс жолынан ығыстыру үшін шведтерге әдейі ұтылып қалуы әбден мүмкін. Мұндай қулық үлкен футболда жиі орын алады. Сондықтан, бұл топтың соңғы айналымы қызыққа толы болмақ.

«G» тобында Бельгия мен Англияның плей-оффқа өтетіні айдан анық болса, «Н» тобында Жапония мен Сенегал көпті таңғалдыруда. Олардың еншісінде төрт ұпайдан. Ал, бір ұпайға қалып келе жатқан Колумбияға соңғы кездесуде барын салу қажет. Әйтпесе, бір-бірімен күш сынасатын Жапония мен Сенегал тең ойнай салып, Колумбияны шаң қаптырып кетуі әбден мүмкін. Бұл топта ең сәтсіз өнер көрсеткен польшалықтар енді әлемдік доп додасын тек теледидардан тамашалайтын болады.

Мамандар қандай болжам айтады?

Осы орайда, биылғы Әлем чемпионатына деген футбол мамандарының пікірлері мен болжамын білген едік.

Ғабит Күзбеков, «Тараз» футбол клубы директорының орынбасары:
– Мен өзім Ресей құрамасының жанкүйерімін. Сондықтан, ресейліктердің ойыны қатты көңілімнен шығуда. Бірақ, Ресейдің әлеуеті плей-оффта белгілі болмақ. Әзірге, орыстарға «фарт» жүріп жатыр деп ойлаймын.
Ал, өзге құрамаларға келсек, Сенегал Польшаны 1:2 есебімен ұтып, таңғалдырды. Мен Сенегалдан ондай ойын күткен жоқпын. Ал, Испания құрамасы керісінше іш қынжылтуда. Олар әлі өз деңгейлерін толық көрсете алмауда. Португалия Криштиану Роналдудың арқасында азулы арыстанға айналып отыр.

Бельгия да жұлдызды құрамасымен ойындары қызықтырады. Бірақ, олар Әлем чемпионатында алыптармен бәсекелесуге тәжірибелері жетпейді. Сондықтан, олар Әлем чемпионы атанады деп айта алмаймын.

Меніңше, биыл Франция чемпиондық тәжді киетін сияқты. Себебі, Гризман бастаған жігіттер тактикалық ойынымен ерекшеленуде. Түбі, осы қорғаныс пен шабуылдағы сауатты ойын Францияны чемпион қылады деп ойлаймын.

Ермұхамед Мәулен, спорт комментаторы:
– Алғашқы айналымның соңғы күндері жапониялықтар жайлы көп айтылды. Жапония-Колумбия арасындағы ойынды Күншығыс елінде бүкіл халықтың 63,79 пайызы көріпті. Одан бөлек, басқа да елдердің жалпылама рейтингін есептегенде бұл матчты 36,62 миллион адам тамашалаған. Бұл әзірге Әлем чемпионатындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Әрине, егер Жапонияның орнында Қытай немесе Үндістан ойнағанда рейтинг одан да жоғары болар ма еді? Себебі, өз құрама командасының ойынын әр мемлекет тайлы-тұяғымен тамашалауға тырысуда.

Жапондықтар осы миллиондаған жанкүйердің үмітін ақтады. Атағын атан түйе тарта алмас Колумбия құрамасының өзін тізерлетті. Алғаш болып есеп ашқан Жапония бірінші таймның соңғы минутында гол жіберіп алғанымен, екінші 45 минуттықта ерледі. Есепті еселеп 2:1 жеткізген олар сөзсіз сенсация жасады. Дәл сондай, Сенегал да Польшаны ұтып айды аспаннан бірақ шығарды. Шынымды айтсам, Месси бастаған Аргентина плей-оффқа өтсе де, мен олардан мұндай әлсіз ойын күткен жоқпын. Аргентина сөзсіз бұл Әлем чемпионатының антиқаһарманы.

Ал, әлемдік доп додасында кім топ жарады дегенге келер болсақ, менің ойымша Бразилия биыл бабында. Техника тілімен айтар болса, олар әзірге «эконом режимде» ойнауда. Десе де, әлемнің кіл мықты ойыншылары шоғырланған Бразилия өз биігінен көрінеді деп сенемін.
Иә, мамандар осындай болжам жасауда. Демек, қызықтың бәрі әлі алда деген сөз. Және топтық кезеңнің соңына дейін әлем сарапшыларын таңғалдыратын тағы сенсациялар орын алады деп күтеміз. Өйткені, бұл әлемдік доданың ажарын аша түсетіні даусыз. Сондықтан, әліптің артын бағып, сүйікті құрамаларымызға жанкүйерлік етейік.

Бет қатталып жатқанда
Кеше Швециямен күш сынасқан Мексика ұпай жоғалтып, топтық кезеңді екінші болып аяқтады. Ал, соңғы Әлем біріншілігінің чемпиондары немістер Оңтүстік Кореядан 2:0 есебімен оңбай ұтылып, жанкүйерлерін жерге қаратты. Осылайша, бұл Әлем чемпионаты сенсацияға толы болуда.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР