"Талаптың мініп тұлпарын..."

Кінәратшыл, кісікиік Көңілім, Кісенделер көз жасыңа бір тамшы!..

Written by Aray2005

Арқалы ақын Тыныштықбек Әбдікәкімовтің 2014 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Алқоңыр дүние» атты өлеңдер жинағын оқи отырып, сөз зергерінің өзгеге ұқсамайтын азаматтық һәм көркемдік әлемі неде деген сұрақтар төңірегінде ойланасың.
Сөз жоқ, Тыныштықбек Әбдікәкімов – қазіргі қазақ поэзиясына өзіндік үнмен, тың толғаныспен келген дара ақын. Оның өлеңдері қазіргі тынышсыз әлем секілді мейлінше күрделі. Бұрқ-сарқ қайнап жатады. Жұмбағы мол. Тұңғиығы терең. Кей өлеңдерін түсіне де, қабылдай да алмай жататының тағы бар. Өйткені, жаттанды ой, таптаурын тіркес жоқ. Бәлкім, ақынның өлеңдерін толықтай қабылдау үшін оқырманның белгілі дәрежеде ішкі дайындығы мен үндестігі болуы қажет шығар.
Қалай дегенде де ол суреткер-ақын ретінде дүниені тану өзгешелігімен, соны әдемі өрнектеп, оқырманына ширықтырып жеткізе алуымен дараланып жатады. Оның туындыларындағы тосын сөз құбылтулардың көптігі соншалықты, қолыңа қаламың мен дәптеріңді алып жаза бастасаң, көп қазынаға кезігетінің тағы шындық.
Мұның сыры неде дерсің, біздіңше, Тыныштықбек ақын әу бастан ақындық өнерде өзгеге ұқсамауды, біреудің көлеңкесінде қалмауды өзіне серт еткен тәрізді.
Қазіргі уақытта әлемдік поэзияда, оның ішінде қазақ өлең өлкесінде ақын қаламына ілікпеген тақырып жоқ болар. Алайда, соны өзгелерді қайталамай, өзіндік әлеміңмен жырлау, оқырманыңа тосын сыр айтып, қиялына қанат бітіру, сөйтіп тамаша сурет, полотно жасау – үлкен шеберлік.
Біз ақынның ауыл өмірінен жазылған жырларынан осыны аңғардық. Бұл үшін алысқа бармай-ақ кітаптың беташар өлеңіне көңіл аударып көрелік.
Ауылым, болушы еді күнде боран…
Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң.
Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап,
Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам.
Мендегі сөз – құлынды, көз – боталы.
Бұл дәурен қайталанса жазда тағы!..
Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп,
топырақ жапырағын маздатады.
Бір білсе жер қадірін, тау қадірін,
білер ме жусан емген марқа түлік…
Қыз-Көктем көл басына асығады,
бұрымы бұлт ішінде тарқатылып, –
дейді ақын.
Қазақ поэзиясында ауыл туралы жыр мол. Ауыл – қазақ өмірінің, салт-дәстүрінің, тіршілігінің тірегі. Ауыл – өткен күніңді, ата-анаңды сағыну. Сол себепті, ауыл тақырыбының ақындардың жырларынан орын алуының табиғи негізі бар. Ал, жоғарыда біз келтіріп отырған өлең жолдарын мына ақынның туындысына ұқсайды, не мына өлеңнің сөз қолданысы қайталанған деп айта алар ма едік. Бұл, біздіңше, ешкімге ұқсамайтын ақын көңілінің өз олжасы. Ақын нешеме жылдар алыстап кеткен ауылына деген сағыныш сырын әдемі суретке айналдыра жырлайды. Нақ осы тың поэтикалық суреттер өлеңнің бәсін еселеп көтеріп, оқырманының көз алдына бұрын білсе де, дәл мұншалық көркем сезінбеген тосын бейнелерді тосады. Ақын ауылымды сағындым, ауылым керемет деп жалаң жырламайды, соны поэтикалық сырмен аңдатады.
«Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап, Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам» дейді ақын. Дәл осы өлең жолдарынан ақынның суреткерлік қиялының соншалықты кеңдігі аңғарылады. Бұл ұғымдар қара сөзге, қарапайым түсінікке сыймайды, ал, поэзияда керемет жара­сым­дылық тапқан және де ақынның сурет­керлік дүниетанымының қуатын, кеңдігін айқындай түскен.
Жалпы, Тыныштықбек ақынның поэзия­сында поэтикалық кеңістік, бейнелілік бірінші кезекке шығатын тәрізді. Ондағы өмірдің талай ауыр соқпағынан туындаған ой, өмір тәжірибесінің өзі поэтикалық образға айналдырылып беріледі. «Мендегі сөз – құлынды, көз – боталы» дейді ақын. Мұндағы астарлы ойдың тереңдігі соншалықты, онда ақынның бүкіл өмірінің шындығы, қоғамға деген көзқарасы мен азаматтық-ақындық ұстанымы сыйып кеткен болар.
Ақынның өз ойын, сезімін ежіктеп айтуы шарт емес. Поэтикалық образбен жандүниесінің шындығын, сырын аңғартуы қажет деп білеміз. «Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп, Топырақ жапырағын маздатады», «Қыз-Көктем көл басына асығады, Бұрымы бұлт ішінде тарқатылып» дейді ақын қиялы шарықтап. Мұнда Тыныштықбек ақын түйсінуімен берілген туған жерінің, ауылының көркем бейнесі бар. Ақын қиялы туған ауылын сезімнің шуағына бөлеп, асқақтатып, ғажап өлкеге айналдыра суреттейді. Бәлкім, ол жер қазақтың көп ауылының бірі сияқты қарапайым да қарабайыр болар. Бірақ атамекен, кіндік қаның тамып, балдәурен балалығың өтіп, әкең мен шешеңнің, бауырларыңның мейірімі мен шынайы ықыласын, шапағатын сезініп өскен жер бәрібір айрықша. Ақынның көзімен, жүрек сезімімен, қиял дүниесімен қарай білсең, одан ғажап, одан асқақ, одан сұлу, одан құдіретті мекен жоқ. Сол себепті, өмірдің бұралаң соқпағымен одан алыстап кеткеніңмен, бәрібір іштей аңсайсың, сағынасың, оған деген мәңгілік сағыныш көңіліңнің бір түкпірінде қоламтадай маздап жатады. Ақынның мықтылығы да сол – бәрімізге ортақ сезімді, шындықты шашауын шығармай көркем жеткізеді.
Оқырман бір сәт перзентін тамсандырған ақын ауылын білгісі келетін болар. Ақын оны да жасырмайды, аңқылдаған ақ көңілмен жайып салады.
«Қылышбұлақ» – құты бар мекеніміз,
Жеке там үй – біздегі жеке мүйіс.
Марқа-көңіл қоймайды маңырауын,
Терезеден Ай қарап текемүйіз.
Болмаса егер бойдағы сабыр-ұстам,
Саған деген өлер ме ем сағыныштан.
Көгілдір нұр төгіп тұр Көкте жұлдыз,
Қой көзіндей, сәулеге шағылысқан.
Поэзиядағы ұлттық нақыш пен колоритті алыстан іздеудің қажеті жоқ. Тыныштықбек ақынның туындылары мазмұны мен көркемдік сөз қолданыстары жағынан болсын ұлттық бояуға толы. Әрине, ақын туындысындағы бұл ерекшелік автордың қанға сіңген қазақы дүниетанымынан бастау алып жатқаны тағы сөзсіз. Кейін әлемдік әдебиетті оқып, озық үлгілерді бойға жиды дегенмен, ол өзінің поэзиясындағы ерекшелік пен көркемдік әлемді сол баяғы қиялын шарықтатқан өз ортасының шындығынан, сондағы көңіл түкпіріне ұялап қалған суреттерден іздейді.
Сол себепті де бала күнінен қойлы ауылда өскен оның поэзиясындағы көркем образдардың табиғатын, төркінін аңғару қиын емес. «Марқа-көңіл қоймайды маңырауын, Терезеден Ай қарап текемүйіз» дейді ақын. Не болмаса, «Көгілдір нұр төгіп тұр Көкте жұлдыз, Қой көзіндей, сәулеге шағылысқан» деп өрістетеді. Мұндағы «марқа-көңіл» де, «маңырау» да, «текемүйіз» де, көгілдір нұр төгіп «сәулеге шағылысқан қой көзі» де, біздіңше, ақынға бала күнінен етене таныс суреттер. Мұны бала күнінен сезінбеген ақын ешуақытта өлеңіне тың үлгі етіп қоса алмас еді деп білеміз. Бұдан оның өлеңдеріндегі бүкіл поэтикалық ізденіс тек ауыл өмірімен байланысты екен деген шолақ пікір туындамаса керек. Біз ақын туындыларындағы арнайы сөз етуге тұрарлық көркемдік ерекшеліктің бір арнасына оқырман назарын аударып отырмыз.
Оның дәлелі жеткілікті. Соның кейбір үлгілеріне көз жүгіртіп өтелік. «Бүгін Аспан боталап, Тау тамсанды, Бүйен-сайға құйылып уыз тұман» («Ауыл кеші»), «Қошақандар тойып ап, балықтардай, Балтырымды түртеді тұмсығымен» («Көктем»), «Әзілқой, әпенділеу қойшымыз бар, Қойкөзді, текетанау, жылқыерінді» («Түз тағысы»), «Боз саулықтар сүзісіп жатыр сыртта, Бойларында арқардың қаны ойнаған» («Боран алдында»), «Төл науқаны ұлғайтар іс көлемін, Төбемізде – түйе-бұлт, кішкене Күн. Күні бойы қой бағып, түні бойы, Қозы исіндей қоңырқай түс көремін».
Мұндай үлгілер мол. Бір сүйсінерлігі – олар ешқандай көшірме емес. Ақын қиялының, өзгеге ұқсамайтын суреткерлік дүниетанымының жемісі болып өлең жолдарына сіңісіп кеткен және сөйтіп Тыныштықбек өлеңдерінің басты көркемдік белгілерінің біріне айналған.
Махаббат жырларынсыз ақын шығармашылығын көзге елестете алмаймыз. Бірақ, шындығы керек, көп ақындардың махаббат жырларын тұшынып оқи алмай жататынымыз тағы бар. Жаттандылық, жасандылық алдыңнан шығады. Ал, Тыныштықбек ақынның махаббат жырларын сүйсіне һәм тұшына оқыдық десек, бұл оқырман көңілінің шындығы деп қабылдаңыз. Неге? Өйткені, өлеңдерінде қалыптасқан стандарттар жоқ. Жақсы көрген сүйіктісіне қолы жетпей зар еңіреп, көз жасы көл болып та жатпайды. Не жалғыздықтың күйін кешіп, өмірден торықпайды.
Лирикалық кейіпкер үшін кездесудің, сүюдің өзі – өмір, тағдыр. Ақын туындысында онымен алғаш кездейсоқ кездесуі де айтылады. Кейін екеуі хат жазысып тұрған. Ал, оның хаттарын күтуі, не хат жазу сәтінің алдындағы көңіл толқыны мен сезім сырлары туындыларда әдемі өрнектеледі. Бір қызығы, лирикалық кейіпкер оның алдында төмендемейді, сөйте отырып ғашық болған қызын да төмендетпей, асқақтата жырлайды. Ғашықтықтың мың түрлі күйі, сағынышы мен күтуі лирикалық кейіпкердің басындағы халмен байланыстырыла суреттеледі. Лирикалық кейіпкер оны кездестіргені, сүйгені үшін бақытты. Оны ойлап, хат жазғаны, оның жауабын сарыла күткені үшін бақытты.
Бұл ретте ақынның фантазиясы бай. Қиял дүниесі ұшқыр. Өзге ақындардың қаламының ұшына ілікпеген тың образдар үсті-үстіне төгіліп жатады. Соның кейбіріне назар аударып көрелік.
Мен де бір – жақсыға жаршы ағамын.
Мамырға қарсы ағамын.
Жүзіңді көрген сайын,
Жүректі алақан ғып, қол соғамын (39-бет.).
•••
Көңілімнің көгіне
хаттарыңнан
батпырауық ұшырып мәз боламын (40-бет.).
•••
Маған, тіпті, сендегі сөз… тіл – таңсық,
Саған бәрі жарасады!
Бұлданшы!..
Кінәратшыл, кісікиік Көңілім
Кісенделер көз жасыңа бір тамшы!.. (56-бет.)
•••
Мен саған
сыйға тартар сырғада
дәні жатыр Жанымның.
Мен сол дәннен тіл қатам!..
Ал, дәл қазір суретіңнен жоқ басқадай түгім де,
Түн құлағы ілулі әр мұржаның түбінде (59-бет.)
Мұндағы ақын қаламына іліккен соны бейнелерді тізбектеп жатпайық. Оны көзіқарақты оқырман өзі-ақ аңғарады. Шындығы керек, ақын өлеңдеріндегі шынайы сезім мен терең ой осындай тың образдармен, метафоралармен ұштасқанда, біздіңше, Тыныштықбек ақынның өлеңінің бәсі биіктеп, өзіндік стилі айқындала түседі.
Т.Әбдікәкімов поэзиясының сараланар сырлары мол. Оны бір мақалада түгел ашу мүмкін емес. Оның өлеңдеріндегі мистикалық ұғымдардың қолданысының өзі үлкен зерттеуге жүк болады. Ал, ақынның философиялық танымына бойлау үшін үлкен ізденіс, дайындық қажет.
Біздіңше, әр дәуірдің поэзиялық биігін айқындап отыратын мықты таланттар болады. Қазақ поэзиясы ондай дарынды тұлғалардан кенде емес. ХІХ ғасырдағы Абай, Шәкәрімнің, ХХ ғасырдың басындағы Мағжанның, соғыс жылдарындағы Қасым мен 70-жылдардағы Мұқағали, Төлегендердің поэзиялары – қазақтың қара өлеңінің дара биіктері, құбылысы десек, олар өз дәуірінің жалғыз-жарымдары емес, талай талантты, мықты ақындармен көмкеріліп жатты. Сол секілді, қазіргі қазақ поэзиясындағы талантты жастардың туындыларына көз салсақ, Тыныштықбек ақынның өлеңдеріндегі тың ойлау жүйесі мен суреткерліктің іздерін сөзсіз табар едік. Олар ақынды құрметтей, үйрене, іздене оқиды. Ендеше, ол да, сөз жоқ, өз дәуірінің танылған, мойындалған мықты ақыны. Сондықтан, оның ұлттық поэзияға соны леп болып қосылған «Алқоңыр дүние» атты кітабы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына толық лайықты деп білеміз.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың профессоры

ПІКІР