"Көңілашар"

«Кинодан түскен алғашқы табысымызға көлік сатып алдық»

Written by Aray2005

Қасиетті Әулиеата топырағы талай таланттарды тудырғаны белгілі. Олардың қатарында жезтаңдай әншілер, он саусағынан өнер тамған күйшілер, жүрегіне жыр тұнған ақындар мен сазгерлер де бар. Сондай-ақ Жамбыл жері талай жас таланттардың қанатын қатайтып, үлкен өнер ордасына самғатты. Міне, сондай өнер иелерінің бірі – «Әдемі-ай» тобымен жақында сұхбаттасып, өнер жолындағы соңғы жаңалықтарын білген едік..

– Қазақ эстрадасында «Әдемі-ай» дуэтінің танымалдылығы артып келеді. Оны күнделікті теледидардан көріп, жетістіктеріңізге жамбылдық жұртшылық қуануда. Дегенмен өздеріңіздің ауыздарыңыздан естісек, топтың жеке шығармашылығында қандай жаңалықтар бар?
Әсел Бақытбекқызы: – Өткен жылға өкпе жоқ. Өте табысты болды десек болады. Жыл бойы гастрольдік сапарларға шығып, шығармашылығымызды шыңдай түстік. Сондай-ақ «Әдемі-аймен бірге» атты тұңғыш клипіміз көрерменге жол тартты. Одан бөлек «Алдараспан» әзіл-сықақ театрымен бірге еліміздің барлық өңірлерін аралап, өнер көрсеттік. Гастрольдердің арасында «Қош келдіңіз!» киносына шақырту алып, басты рольдердің бірін сомдап шықтық. Сол фильмнің түсірілімінен кейін «Көзайым», «Жаңа қоныс», «Келіндер» сынды бірнеше фильмдерге шақыртулар түсіп, бәріне үлгеруге тырыстық. Осылайша былтыр өзімізді әншіліктен бөлек, актрисалық қырымыздан да сынап көрдік.
– Иә, кино түсірілімі кезіндегі суреттеріңізді әлеуметтік желіден жиі көріп жүрміз. Алайда киноиндустрияға бет бұруларыңызға не себеп болды?
Әсем Бақытбекқызы: – Негізі қазір «Әнші көп, алайда Шәмші жоқ» деп жатады ғой. Сондықтан әншілерге айтылар сын да, тағылар мін де көп. Біздің топтың да өнерін сынап жататындар бар. Бірақ біз өзімізді тек әнші ғана емес, бойына бірнеше өнер дарыған талант ретінде көрсету үшін киноға түсу туралы ұсыныс түскенде қарсы болмадық.
Ең алғашқы кино әлеміне келуімізге режиссер Мақсат Оспанов ағамыз түрткі болды. Ол кісінің тәлімі мен сенім артуы үлкен қадамдарға жол ашты. Оған қоса «Қош келдіңіз!» фильміндегі басты рольге бірден Әсел екеумізді белгілеуі бізге үлкен жауапкершілік жүгін артты. Мен келіннің ролін сомдасам, Әсел ерке сылқым, пысық, кәсіпкер қыздың образын ойнады. Нәтижесі жаман болмаған сияқты. Себебі қазірдің өзінде бізге киноға түсуге бірнеше ұсыныстар келіп жатыр.
– Кино да шоу-бизнес екені белгілі. Алайда актерлік жолды таңдап, әншіліктеріңізді қойып кетіп жүрмейсіздер ме?
Әсел: – Жоқ, олай болады деп ойламаймын. Әншілік бойымызға қанмен дарыған қасиет. Қазір көптеген тыңдармандарымыз жеке шығармашылық кешімізді беруімізді сұрап жатыр. Алайда ол үшін әлі ерте сияқты. Себебі өнер адамы ең бірінші халықтың көңілінен шығып, туындыларын тыңдарманның жүрегіне жеткізе білуі керек. Сонда ғана сенің есеп беру концертіңе халық келеді. Ал «алсаң да аласың, алмасаң да аласың» деп билеттерді қинап сатқызып, залға көрермен жинау біз үшін қажет емес. Сондықтан жеке репертуарымыздағы әндерімізді көбейтіп, халыққа танытқаннан кейін барып концерт бермекпіз.
– «Әдемі-ай» дуэтін халық артисі Мақпал Жүнісова елге танытты дейтіндер көп. Айтыңыз­даршы, осы қаншалықты рас?
Әсем: – Жасыратыны жоқ, Мақпал апамыз үлкен сахнаға шығуымызға көп көмегін тигізді. Және алғашқы гастрольдік сапарымызды да ұйымдастырып берген сол кісі. Халық артисінің қасында жүргеннен кейін елдің де саған деген көзқарасы өзгереді екен. Ол кісінің концерттерінде ән салған күннен бастап бізге түрлі жобаларға шақыртулар қарша борай түсті. Әрине, екінің бірі Мақпалдай атақты әншінің ықыласына бөлене бермейді. Өнер майталманы біздің бойымызда бұғып жатқан талантты көріп, көзін ашты. Ол үшін Мақпал апамызға тек алғыс айтамыз.
– Жоғарыда өздеріңіз айтқандай, сіздерді кейінгі кездері «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының өнерпаздарымен жиі көретін болдық. Олармен белгіленген келісімшарт бар ма? Әлде сіздерді той тоғыстырып жатыр ма?
Әсел: – «Алдараспан» әзіл-сықақ театрымен шығармашылық байланыстамыз. Театр директоры Нұржан Төлендиевтен арнайы шақырту түскеннен кейін, концерттерінде ән шырқап жүрміз. Одан бөлек той-томалақтарға да шақырып, Нұржан ағамыз барынша қолдау білдіруде. Бір сөзбен айтқанда, нақты келісімшарт болмаса да, шымкенттік өнер иелерімен достығымыз берік.
– Жасырын болмаса, қазір «Әдемі-ай» тобы­ның гонорары қаншалықты өсті?
Әсем: – Құдайға шүкір, былтырғы табысымыз жаман болған жоқ. Кинодан алған алғашқы гонорарымызға су жаңа автокөлік сатып алдық. Одан бөлек той-томалақ, концерттерден түскен қаржымыз да біраз керек-жарағымызды түгендеді. Десе де, біз ешқашан ақшаға құныққан емеспіз. Қанағат етуді естен шығармаймыз. Кейде тіпті тойларға барып тегін ән салып береміз. Сондықтан бізде нақты «осынша» деген белгіленген баға жоқ. Халықтың қамына қарап, бәрін келісе отырып шешеміз.
– Өткен жылы Алматы қаласына қоныс аудардыңыздар. Сонда Тараздан түпкілікті көшіп кеттіңіздер ме?
Әсел: – Әсем екеуміздің жұмысымыз Алматы қаласымен тығыз байланысты, әрі өнердің нағыз ордасы осы шаһарда болғандықтан қоныс аударуымызға тура келді. Осы жақында ғана Алматы қаласынан пәтер сатып алдық. Енді шығармашылығымызға мықтап кіріспекпіз.
Алайда өзіміз Тараз топырағынан кетсек те, ата-анамыз, қарашаңырағымыз сонда. Біз ешқашан кіндік қанымыз тамған, туған өлкені ұмытпаймыз.
– Бір кездері «Әдемі-ай» зергерлік салоны сіздердің тікелей демеушілеріңіз болған еді. Қазір сол салонның құрылтайшыларының бірі өздеріңіз деп естіп жатырмыз. Бұл рас па?
Әсем: – «Әдемі-ай» компаниясы алғашқы жылдары бізге демеушілік көрсеткені рас. Кейіннен мекеме директоры Баһаргүл Төлеген қанатының астына алып, зергерлік салонның серіктесі болуды ұсынды. Ойлана келе, біз бұл ұсынысты қабыл алдық. Қазір компанияның теңдей төрайымдары ретінде Баһаргүл әпкемізбен бірге ұлттық зергерлік бұйымдарды насихаттау бағытында түрлі жобаларды жандандырудамыз. Бұл біздің бизнес саласындағы алғашқы қадамымыз.
– «Әдемі-айдың» қыздары «келін» болды деген хабарды жуырда естиміз бе? Сұлулардың жүрегін жаулаған жігіттер бар ма екен?
Әсел: – Жоқ, әзірге өнеріміз бен өмірімізді қатар түсінетін жанды кезіктірмедік. Алайда ұсыныс жасап, соңымыздан жүгіріп жүрген жігіттер көп. Бірақ біз оңтүстіктің қыздары болғаннан кейін, жат жұртқа ата-анамыздың батасымен ұзатылғымыз келеді. Ал әзірге дәл сондай шешім қабылдауға лайықты жігіт жолықпады.
– Әңгімелеріңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

ПІКІР