"Топжарған"

Кітапқұмар өрендермен кездесті

Кеше Тараз қаласындағы Ж.Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназиясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының иегері Көсемәлі Сәттібайұлымен шығар­машылық кездесу өтті. Қаламгердің шығармашылығын насихаттап, өскелең ұрпақты кітапқұмарлыққа баулу мақсатында өткен шараға мектеп ұстаздары, оқушылар және ата-аналар қатысты.
Өзара еркін пікір алмасу түрінде өткен кеште оқырмандар көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған жазушы тарапынан жан-жақты жауап­тар берілді. Сондай-ақ, көрнекті қаламгердің шығарма­шылық жетістіктері кеңінен қозғалып, өмір жолына шолу жасалды.

Жалпы, Көсемәлі Сәттібайұлының «Елгезек бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар», «Шаншу, көк шелек, мен және Асқар ақын», «Шеткері үйдің жарығы», «Елгезек бағдаршамның басынан кешкендері», «Күнге ғашық өлкеде», «Тараздан тәбәрік» және басқа көптеген шығармаларын жұртшылық өте жылы қабылдаған. Кездесу барысында жазушының «Ғасыр дерті» атанған ауруға шалдыққан Бақытжан есімді баланың тағдыры суреттелетін «Шеткері үйдің жарығы» хикаясы талқыланды. Сонымен қатар, осы хикаят негізінде мектеп оқушылары көрініс ұсынып, әуезді әннен шашу шашса, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі Тоймұрат Қомамұратов өзінің арнау өлеңін оқыды.

Кездесуді қорытындылаған гимназия директоры Салтанат Төлеу сырлы сөз иесіне мектеп ұжымы және оқырмандар атынан алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР