Қоғам

«Қиын сәтте көмек толастамайды»

Written by Aray2005

Бақыт Сырлыбаев,
Жамбыл аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

– Дүниежүзін дүрбелеңге салған пандемия салдарынан туындаған дағдарыс кесірі елімізді де тығырыққа тірегені белгілі. Әйтсе де бұл қиындықты еңсеруде Мемлекет басшысы аса көрегенділікпен батыл шешімдер қабылдап, соның арқасында жағдай айтарлықтай тұрақтанды. Бұл мемлекеттің және қоғамның, қиындықпен күресуде көп болып жұмылуының арқасы. Негізінен біздің аудан еліміздегі төтенше жағдай жарияланған алғашқы сәтте-ақ, карантинге жабылған Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының халқына қолдау көрсетуде тартынған жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге ала отырып, төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Күрделі кезеңнің талабына орай Заңға сәйкес 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталатын болды. Десе де елдегі жағдайға байланысты әлеуметтік салаға, оның ішінде табысынан айырылған азаматтарға алдағы айда да қолдау көрсетілетінін көптің көңілінен шықты деп ойлаймын.
«Тағы да қайталап айтамын қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде көмек береді. Қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады. Мұқтаж отбасылар азық-түлік ала береді» – деді Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде.
Президентіміздің осы сөздері жалпақ жұртқа демеу болды десем артық айтқандық емес. Себебі дәл қазіргідей қиын-қыстау кезеңде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау әлі де қажет екені анық.
Осы орайда төтенше жағдай режимі аяқталғанша жұртшылықты сабырлы болуға, сақтық шараларын барынша ұстануға шақырамын. Себебі қазақта «Алла сақтансаң, сақтайды» деген жақсы сөз бар. Бұл ауыртпашылықты да еңсеретін күн жақын!

ПІКІР