Қиындыққа қайыспаған қазақтың қайсар қызы

0 21

Қазақта тағдыр талай тезіне салып, сынаса да жігері жасымаған, қайраты қайтпаған қайсар қыздар бар. Солардың сынбайтын сағы небір қиын-қыстау сәттерде ұрпағын аштықтан да, азаптан да аман алып қалды. Сондай қайсар жанның бірі Сүйінгүл Бәрменқұлова 13 баламен жастай жесір қалса да балалары үшін еңбектен қашпай, бүгінде ұлдарын бір арнаға біріктіріп, отбасылық кәсіпті іргелі шаруа қожалыққа айналдырды. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылындағы «Сүйін» шаруа қожалығының бал қымызын тіпті қалалықтар да біледі.

Құдай қосқан қосағымен құрған отауында ел қатарлы күн кешкен Сүйінгүл Мамытқызы 15 құрсақ көтереді. Алайда екі нәрестесі жүрімі болмай шетінепті.
– Қазіргілер «Көпбалалы анамын» десе, ішімнен Тәңіріме тобамды айтып отырамын. Бұрын бізге үлкен кісілер баламыздың саны түгілі аттарын шұбырта айтсақ, «Тәйт әрі, Алла көпсінбесін! О несі-ай, баласының санын шұбырта сөйлеп…» деп тыйып тастайтын. Көкем-ау, көпбалалымын деп Құдайдан қорықпай қалай айтасыңдар? Күпірлік етпеңдер, қарақтарым. Тәңірге тәубе деңдер. Әр бала өз нәсібімен туылады. Әрине, өмір оп-оңай олжаға кенелте қоймайтыны бесенеден белгілі ғой. «Жүргенге жөргем ілігеді» деген. Еңбектенбесең, ештеңе де түспейді. Шүкір, балаларымды мен жеткіздім демеймін, шексіз мейірімді Жаратқан Ием өзі жеткізді, – деп әңгімесін тәубешіл ниетімен бастады Сүйінгүл апа.
Жастық шағын жұбайымен бірге Абай кеңшарында мал бағып, қызылша алқабында тер төгіп, тынымсыз еңбекпен өткізген алтын құрсақты анамыз қосағын қайтпас сапарға аттандырғанда ең кенже баласы небәрі 1 жаста
болыпты. Тұңғыштары 22 жасар жігіт екен. Отағасынан айырылған соң 4 ұл, 9 қызын қатарынан кем қылмай жеткізу үшін ана барлық тауқыметке төзе білген.
– Қазір әңгіме етіп айтсам, оп-оңай секілді көрінеді ғой. Ол заманда қазіргідей тұрмыстық техника да жоқ, барлық істі қолмен атқарамыз. Үйелмелі-сүйелмелі балалар да кішкентай, оларға қарайтын да естияр адам керек. Әйтеуір, балаларымның алды ержетіп қалған еді. Оларды мектептегі сабағынан қалмасын деп кеңшардағы үйге қалдырып, өзім бірер баламмен мал бақтым. Әрине, қолым қалт еткенде балаларыма келіп, кір-қоңын жуып, ас-суларын әзірлеймін. Ол кезде шаршау дегенді білмейміз, тіпті тынығуға уақыт та жетпеуші еді ғой. Шүкір, жастығымда көрген бейнетімнің қазір зейнетін көріп отырмын. Ұл-қыздарымнан 30 немере, 20 шөбере сүйіп, 10 шөпшектің қолынан май ішу де бұйырды. Барлық ата-анаға осындай бақыт тілеймін, – деп 83 жастағы кейуана ақ батасын берді.
Әңгімемізге араласқан қолындағы келіні Әйгерім:
– Қазір анамыз отырған қарашаңырақта біз отырмыз. Күйеуім Әлихан ата-апаның оныншы балалары. Шүкір, апам 80-нен асса да тың. Балаларының үйлеріне өзі барып-келіп, ортамызда ақыл-кеңесін айтып отырады. Қазір 13 баладан үлкен әулетке айналдық. Қай-қайсысымыз болсақ та жаңа іс бастарда міндетті түрде әулетімізбен ақылдасып, апамыздың рұқсатымен ғана кірісеміз. Асыл анамыз – біздің әулетіміздің алтын тұтқасы, қазынамыз. Анамыз біздің шаңырағымызда отырғандықтан босағамыздан қонақ үзілмейді. Ал мейман дегеніңіз құт қой. Біз үшін апамыздың ортамызда жүргенінің өзі береке.
Анамыз балалары үшін тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезде балаларының қолға ілінген бірін ертіп Балқашқа барып, арзандау жерінен балық алып, сатумен де айналысқан. Ауылда өсірген картоп, пиязын арқалап, базарға апарып сатқан. Менің күйеуім тірлікке жарайтындай жасқа жеткенде ілестіріп алып, ұн тасыған. Әйтеуір, балаларын аш қалдырмау үшін еңбектің қайсыбірінен де тартынбаған. Ауырды да көтерген. Шүкір, қайыспай қиындыққа қарсы тұрып, балаларын бүгінге аман жеткізген анамызға бәріміз де қарыздармыз, – деп көргені көп, өнегелі енесімен мақтанатынын жеткізді.
Кейіпкеріміз осыдан 15 жыл бұрын төрт ұлының басын қосып, отағасынан қалған азын-аулақ малды құрап, «Сүйін» шаруа қожалығын ашқан екен. Қазір осы қожалықта 150 гектар жер, 400-ден аса ірі қара, ұсақ мал бар. Шаруаны әр баласына бөліп беріп, үлкеніне малды бордақылап, еттей сатуды, екінші ұлына ұсақ малмен айналысуды, үшінші баласына ірі қараны бағуды, ең кіші ұлына бие сауып, қымыздың түр-түрін өндіруді тапсырған. Әлі күнге дейін шаруаның күйін байқап, жайын айтып, балаларына бағыт беріп отырады.
Перзенті үшін ешбір ауыртпалықтан қашпаған, белі бүгілсе де жаны жасымаған, білегі талса да жігері жығылмаған ананың ерлігіне пара-пар келер бұл фәниде ештеңе жоқ шығар, сірә. «Баламның табанына кірген шөңге өзімнің маңдайыма қадалсын» дейтін асыл аналар аман болсын!

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.