«Қиындықтар күйретпеді, қайрады»

0 3

«Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге»…
Өмірден сан рет сүрініп, соққы көріп, жаны жабырқағандарды жұбатқан Мұқағали Мақатаевтың осы өлең жолдары талайлардың жүрегінде үміт отын алаулатқан болар. «Жығылған күреске тоймайды» дегендей, расында, көздеген нақты мақсаты бар, өмірді сүйген жан тағдыры қанша рет күресінге тастап, тығырыққа тіресе де күресуден жаңылмайды. Осы сөзіміздің дәлелі –
ісмер ана Айнұр Дәрменбаева. Бүгінде өзі ашқан «Келіндер академиясы» аталатын қыз-келіншектерге тегін тігіншілікті үйрететін курстың басшысы болып жүрген Айнұр Қаржаубайқызы: «Кездескен қиындықтар мені күйретпеді, керісінше одан әрі қайрады», – дейді. Байзақ ауданының Бурыл ауылында тұратын Айнұр Дәрменбаева басынан кешкен ауыртпалықтарды қалай жеңгенін былайша әңгімелеп берді.
– Біз де ел қатарлы қарапайым ғана тіршілік кешіп жүрген отбасы едік. Жолдасым бел омыртқасынан зақымданып, ІІ топтағы мүгедек болды. Жарты жыл қоларбаға таңылды. Асыраушымыз осындай күйге түскеннен кейін үйдің бар тіршілігі, сыртқы шаруасы түгел менің мойныма түсті. Балалар әлі жас. Әйтеуір әупірімдеп жүріп, отағасымыз ауруды жеңе бастағанда аяқ астынан жол апатына түсті. Бұл «жығылғанға жұдырық» болды. Аллаға шүкір, жаны аман қалды. Бірақ апат зиянсыз болушы ма еді, күйеуім жадын жоғалтып, әбден қиналдық. Бір жарым жыл бойы жоғалтқан жадын қайтарумен алыстық. Ал оның атынан алынған несиеміз бар еді. Өзі сондай күйде жатқанда несиені қалай төлесін. Тіпті жұмыс істеуге шамасы келмеді ғой. Ал несие берген банктер өз кезегінде «Төлей алмасаңдар үйлеріңді алып қоямыз» деп қара аспанды төндірді. Жағдайымызды қанша айтсақ та, түсіністік танытпады. Мәселелермен айналысатын бөлімдеріне де бардым, болмады. Ақыры банк бізді сотқа берді. Ол сот 1 жыл бойы жүріп, жүйкемізді әбден жұқартты. Жалғыз өзім не істерімді білмей, арқа сүйер күйеуімнің жағдайы анандай болған соң, ауданымыздың әкіміне көмек сұрап бардым. Онда да мәселемнің түйінін тарқатар шешім таба алмай, облыс әкіміне кірдім. Бірақ банктен несиені алған біз, әкім не істесін? Тұрмыстық қиын жағдайдағыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді, жеке іс ашуға қажетті жолдарын нұсқап, түсіндірді. Банктегі несиеден құтылар жол таппай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақорданың сайты арқылы хат жолдадым. Арада үш күн өткенде ұялы телефоныма жасырын нөмірмен қоңырау келді. Алсам, бір қыз аты-жөнімді сұрап: «Сізбен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлескелі тұр, желіні қосамын», – деді. Президент қоңырау шалар деп күтпегенмін, өңім бе, әлде түсім бе деп сасқалақтап та қалдым. Бірақ лезде есімді жиып, Президентке бар жағдайымды бүкпесіз айттым. Күйеуімнің мүгедек екенін, банк үйімізді тартып алса, екі бірдей нәрестемен үй-күйсіз, далада қалғалы тұрғанымды жасырмадым. Ол кісі тұрғылықты жерім бойынша облыс, аудан басшылығымен байланысып, мәселемді шешуге барынша көмек көрсетілетінін айтты. Өмірдің қым-қуыт қарбаласқан қиындықтарында жалғыз қалғандай сезінген маған ел басшысының сөздері үлкен демеу болды. Іштей Жаратқан Иеме шүкірлігімді айтып, елім барда жалғыз емес екенімді ұқтым, – деген ісмер ана Отаны бар адам ешбір жағдайда дәрменсіз қалмайтынын меңзеді.
Көңіліне медеу еткен сол бір жағдай, расында, Айнұр үшін жақсылықтың жаршысындай болды.
– Өзім ес жиғалы қолөнермен, тігіншілікпен айналысатынмын. Білгенімді басқаларға да үйретуге құмармын. Ауылдың тігінге құмартқан қыздары үнемі біздің үйден шықпайды. Тіпті үйден шығып кетсем де өздері жиналып, маталарымды қиқалап қиып, өздерінше бірдеме жасайтын кездері де болған. Сол қыздарға халқымыздың құрақ өнерін, өзге де тігінмен жасалатын істі үйрететінмін. Ине-жіп ұстауға ебі бар қыздарымның арасындағы қолөнерге айрықша жақын біреуін өзіммен бірге мегафестивальге алып бардым.. Өнеріміз, еңбегіміз еленіп, Тұрсынзада Ырзаның 1 миллион 500 мың теңге сертификатын өзім, шәкіртім тігін машинасын ұтып алдық. Мен бұны баяғыдан көздеген түпкі мұратыма пайдалануды ойлап, тігіншілік курсын ашуды қолға алдым. Алдымен Меркі ауданына барып, тегін шеберлік сабағын өткізіп келдім. Содан соң ауданымыздың әкіміне барып, карантин кезінде үйінде отырған қыз-келіншектерге құрақ құрауды тегін үйрететін орын ашуды ұсынып, ойымды жеткіздім. Ол кісі де қолдан келгенінше көмегін аямайтынын айтып, өзімнің өтінішім бойынша ауылымыздан өнер мектебін ашуға ыңғайлы жай берді. Іші-сыртын сырлап, ақтап, жуып-тазартып, қажетінше жабдықтап алдым. Оған «Келіндер академиясы» деп ат қойып, қыз жасауын дайындайтын және үйренуге ниеттілерге тегін үйрететін орын аштық. Қазір бұл жер менің нәпақамды тауып отырған өндіріс орным және қыз-келіншектердің тігіншілікті тегін үйренетін мектебі болып тұр, – дейді Айнұр Қаржаубайқызы.
Алайда жақында Айнұрдың үйі өртеніп кетті. Бұл сынақтың да артында бір қайыры боларына сенген жаны жақсылыққа құштар келіншек есік алдындағы шағын тамды уақытша паналап отыр.
Өмір жолында кездескен сынақтан сабақ алып, сүрінсе де құламай қайраттана қарсы тұрып, діттеген мақсатына жеткенше тынбай еңбек еткеннің жетер жетістігі тым құнды болатынын Айнұрдың бүгінге дейін басынан өткізген жағдайлары-ақ дәлелдеп отыр. Қиындықтың құрсауында қалса да қарсыласа мақсатына ұмтылған жан өзін жоғалтпайтынын, арманынан адаспайтынын өмір өзі көрсетіп тұр емес пе?
Әңгімеміздің басында тілге оралған ақиық ақынның өлеңі
«Тау құлатқан тасқынның ағысына,
Кір жуытпай кіршіксіз намысыңа,
Қарысуға болады, алысуға…», – деп қорытындыланады. Біз де айтпағымызды осымен қорытайық…

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.