Қоғам

Қиындықты еңсеретін күн жақын

Written by Aray2005

Дүние жүзін дүрбелеңге салған пандемия салдарынан туындаған дағдарыс кесірі өз елімізді де тығырыққа тірегені белгілі. Әйтсе де бұл қиындықты еңсеруде Мемлекет басшысы аса көрегендікпен батыл шешімдер қабылдап, соның арақасында жағдай айтарлықтай тұрақтанды. Бұл мемлекеттің және қоғамның, қиындықпен күресуде көп болып жұмылуымыздың арқасы. Негізінен біздің аудан еліміздегі төтенше жағдай жарияланған алғашқы сәтте-ақ, сол кезде карантинге жабылған Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының халқына қолдау көрсетуде тартынған жоқ. Көп болып көмекке ұмтылған ағайынның бұл бастамасынан Жамбыл ауданы Полатқосшы ауылдық округі азаматтары да қалыс қалмады. Жалпақтөбеліктер Алматы қаласына 35 тонна азық-түлік жөнелткен болатын. Одан бөлек аудан аумағындағы 145 отбасына демеушілер көмегімен күнделікті аса тұтынуды қажет ететін азық-түліктер топтамасы берілген еді. Бұл аталы іс Аса ауылдық округіндегі ауданның орталық мешітінің бас имамы, Аса ауылдық округі әкімі аппараты, ауылдық округ жастарының волонтерлар көмегімен жүзеге асты. Округ аумағында  тұратын көпбалалы, жалғызбасты аналарға әлеуметтік пакеттермен қоса, волонтерлер тіккен медициналық маскалар да таратылды.

Енді міне, елімізде Төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталатынын естіп қуанып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге ала отырып, Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдағанын айтты. Күрделі кезеңнің талабына орай Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталатын болды. Десе де елдегі жағдайға байланысты әлеуметтік салаға, оның ішінде табысынан айырылған азаматтарға алдағы айда да қолдау көрсетілетінін көөптің көңілінен шықты деп ойлаймын.

– Тағы да қайталап айтамын:қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде көмек береді. Қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады. Мұқтаж отбасылар азық-түлік ала береді, – деді Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде.

Президентіміздің осы сөздері жалпақ жұртқа демеу болды десем артық айтқандық емес. Себебі дәл қазіргідей қиын-қыстау кезеңде әлеметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мемлекет тарапынан аса қолдаулар әлі де қажет екені анық.

Осы орайда Төтенше жағдай режимі аяқталғанша жұртшылықты сабырлы болуға, сақтық шараларын әлі де болса барынша ұстануға шақырамын. Себебі қазақта «Алла сақтансаң- сақтайды» деген жақсы сөз бар. Бұл ауыртпашылықты да еңсеретін күн жақын!

Бақыт Сырлыбаев,

ауданандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы,

Жамбыл ауданы

ПІКІР