Sport

Клуб атрибутикасы сатылымға шықты

«Тараз» футбол клубының жанкүйерлері үшін жағымды жаңалық! Бұған дейін еш жерде саудаланбаған клуб атрибутикасы саналатын «шарф», «кепка», жейделер сатылымға шықты.
Бұл мәселені футболсүйер қауымның көтеріп жүргеніне талай жылдың жүзі болған-ды. Оған қоса, жыл басында клубқа басшылық қызметке келген Қанат Мұсатаев та аталмыш түйткілдің түйінін тарқатуға уәде берген еді. Енді басшы өз уәдесінде тұрып, бұл жұмысты жеке кәсіпкерге тапсырған екен. Орталық стадион маңындағы дүңгіршекте саудасын жүргізіп отырған Алина есімді кәсіпкердің айтуынша, бұл бастамаға клуб басшылығы рұқсат берген көрінеді.
– Жанкүйерлерден көп сұраныс түсуіне байланысты біз осындай дүңгіршек ашуға ұсыныс білдірдік. Ұсынысымыз клуб тарапынан қолдау тауып, жұмысымызды бастап кеттік. «Тараз» футбол клубының эмблемасы таңбаланған «кепкалар» мен «шарфтардың» бағасы 2 500 теңге. Жейделерді 3 000 теңгеден сатып жатырмыз. Одан бөлек, 1 000-1 500 теңгеден шыны және автокөлікке қоятын түрлі естелік бұйымдар да бар.
Алдағы уақытта сауда нүктесін кеңейтіп, Д.Қонаев көшесі бойындағы «Топ-Спорт» дүкенінен де сатылымдар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер Алина.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР