Мәдениет

Клубтарымыз қашан құлпырады?

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр» десе, айтулы ақын Олжас Сүлейменов «Мәдениет дегеніміз — кісілер арасында адам болу өнері» деп тұжырым жасайды. Расында да, егемен еліміздің еңсесін тіктеп, дамылсыз даму даңғылындағы тіршілігінде руханиятымыздың қазыналы қайнары – мәдениет саласының алар орны ерекше. Ал, мәдениеттің мәйегі алтын бесік – ауылмен өзектес. Осы орайда, талантымен талайды аузына қаратқан танымал тұлғалардың көбінің кіндік қаны ауылда тамғанын ұмытпаған жөн. Күміс көмей әншілердің өнердегі алғашқы қадамы сол кішігірім клубтар мен кітапханалардан бастау алғаны белгілі. Дегенмен, ұлттық құндылықтың ұлағатты ордасы саналатын ауылдардағы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасына жеткілікті деңгейде мән берілмей келе жатқандығы қынжылтады.

Баршаға мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты маңызды мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп баса айтқан болатын. Мемлекет басшысы бұл салмақты сөзін сабақтап, өзінің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында да: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген ойын ортаға салды.

Ал, осындай биік мақсаттарды бағындыру үшін цифрлы технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияларды өркендетуге талпынып жатқан тұста ауылдық клубтардың апатты жағдайда екендігі расымен құлаққа түрпідей тиетіні анық. Жыл басында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың қатысуымен өткен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының есепті жиынында Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Талас және Т.Рысқұлов аудандарындағы бірқатар ауылдық клубтарда музыкалық аппаратураның жоқтығы, Жамбыл ауданындағы Қаракемер ауылдық клубының, Шу ауданына қарасты Далақайнар және Баласағұн ауылдық клубтарының, Жуалы ауданындағы Рысбек батыр ауылдық клубы мен Қордайдағы Ноғайбай, Бетқайнар ауылдық мәдениет үйлерінің апатты жағдайда екендігі айтылды. Сонымен қатар халық көп шоғырланған елді мекендерде клуб ашу мәселесі де көтерілді. Осы орайда біз бірқатар аудандармен байланысқа шығып, мәселенің мән-жайын білген едік.

– Аудандағы халық саны көп шоғырланған Қайрат, Нұрлыкент, Көлбастау, Түктібай, Дихан, Шақпақата елді мекендерінде клуб ашу мәселесі күн тәртібінде тұр. Нұрлыкент ауылынан мәдениет үйін салу үшін жергілікті бюджеттен жобалық-сметалық құжаттарды жасатуға 2000,0 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ, біздегі Рысбек батыр ауылындағы клуб ғимараты апатты жағдайда. Оны пайдалану мүлдем мүмкін емес. Әрине, бұл өнерге қызығушылығы бар ауыл жастары үшін өте қиын мәселе. Соған қарамастан, ауыл жастары аудандық деңгейдегі жарыстарға қатысып, дарындар арасында дараланып-ақ жүр. Клуб мәселесі шешілсе, оның ішінен ауыл жастарына арналған өнерпаздар үйірмесі де болар еді. Бұған қоса, күні бүгінге дейін Теріс, Бақалы, Жаңаталап, Қошқарата ауылдық клубтарында музыкалық аппаратура жоқ. Аталған мәселе бойынша 2000,0 мың теңге қаржы қарастырылып, ақпан айында қамтамасыз етіледі деп күтілуде, – дейді Жуалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Салтанат Біланқызы.

Мұндай мәселе Жамбыл ауданының басшыларын да мазалауда.
– Біздегі ыңғайластырылған ауылдық клубтарға жеке ғимарат қажет. Мәселен, Жалпақтөбе, Ақбұлым, Пригородный, Қызылқайнар, Бесағаш ауылдық клубтары ауылдық округ әкімдігінің бір бұрышында орналасқан. Жастар ол жерлерде үлкен шараларды ұйымдастыра алмайды. Жаз мезгілінде аталған ауылдардағы мәдени іс-шаралар ашық аспан астында, далада өтеді. Ал, дәл қазіргідей қыс айларында жастар мүмкіндік болмағандықтан, ешқандай шараға атсалыса алмай, шет қалып отыр. Ауыл жастары мен олардың ата-аналары да аудан басшылығының назарындағы бұл мәселенің ертерек шешімін тапқанын асыға күтіп жүр. Бұған қоса, бұрындары каркаспен соғылған Қаракемер ауылдық клубы әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрғандықтан, қазір «Құмтиын» орта мектебінің акт залын паналап отыр. Клубтың жері бар, ескі ғимаратты сүріп, тазалап қойдық. Енді ауылға клуб ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттардың қаржысына ұсыныс жасалуда. Бесағаш ауылында клуб ашуға ыңғайлы екі қабатты типтік ғимарат бар. Нысан аудандық мәдениет үйінің теңгеріміне өтеусіз берілген жағдайда ауылдық клуб ғимаратын ашу 2019 жылы жүзеге асатын болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, былтыр ауданда 5 ауылдық клубтың музыкалық аппаратурасы жоқ болатын. Оның ішіндегі Қызылқайнар ауылдық клубы қажетті аспаптармен қамтамасыз етілді. Қалғанына биыл қаражат бөлініп отыр, – дейді Жамбыл аудандық мәдениет үйінің директоры Индира Тоғанбаева.

Талас ауданында да күні бүгінге дейін музыкалық аппаратурасыз жұмыс жасап келген Бөлтірік, Қожағаппар ауылдық клубтарының мәселесі биыл ғана шешімін тапқан.
Сонымен қатар, Меркі ауданындағы бірқатар елді мекендерге ауылдық клубтар қажет-ақ.

– Апаттық жағдайдағы Қызылсай ауылдық клубынан басқа мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы жақсы. Бұған қоса Ақермен ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет етеді. Қызылқыстақ, Беларық ауылдық клубтарында және Сұрат ауылдық мәдениет үйінде дыбыс күшейткіш аппаратура жоқ. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне сұраныс бердік. Жауабын күтудеміз. Дегенмен, Аққайнар ауылында жаңа клуб ғимаратының құрылысы былтыр басталып, жыл соңында халық игілігіне берілді. Ал, ауданға қарасты Ойтал, Сарымолдаев, Жамбыл ауылдық округтерінде қазіргі таңда халыққа мәдени қызмет көрсететін бірде-бір нысан жоқ. Осы аталған округтерде мәдениет ошақтары салынса дұрыс болар еді, – дейді Меркі аудандық мәдениет үйінің директоры Нұржан Тулақбаев.

Қордай ауданындағы Ноғайбай, Бетқайнар ауылдық мәдениет үйлері де қазір апатты жағдайда. Тозығы жеткен мәдениет ғимараттары тізіміндегі Еңбек ауылдық клубына биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отырған көрінеді. Ал, Жамбыл ауылында қазір тек баяғы клубтан қалған орын ғана бар. Сол секілді Қарасу ауылының тұрғындары да мәдениет ошағына мұқтаж.
Клуб мәселесі Т.Рысқұлов ауданында да өзекті күйінде тұр.

– Ауданда апаттық жағдайдағы әкімшілік ғимаратында орналасқан Көгершін ауылдық клубы мен кітапханасына басқа орын қарастыру қажет. Аталған ауылда қазір 590 түтін, 3 800 халық тұрады. Ауылдың Амангелді көшесіндегі жеке меншіктегі ескі мәденит үйінің ғимаратын қайтарып алу бойынша аудан әкімдігіне қаржы қарастыру туралы былтыр хат жолданған. Ғимарат иесімен тиісті жұмыстар жүргізілді. Ол нысанның қазіргі бағасы шамамен 3800,0 мың теңге. Ғимарат ескірген. Толығымен қайта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Осы шаруаларға шамамен 70 миллион теңгеге жуық қаржы керек. Сонымен қатар, халық көп шоғырланған клубы жоқ елді мекендерде клуб ашу немесе ыңғайластырып штат бірлігін бөлу мәселесін қарастыру қажет. Мәселен, 1 600 тұрғыны бар Өрнек ауылында арнайы маман да қарастырылмаған. Бұл ауылға да жаңа клуб ғимаратының құрылысы жүргізілсе құба-құп. Әсіресе, өскелең ұрпақтың игілігі үшін. Ауылдық әкімдіктен жер телімі берілсе, жобалық-сметалық құжаттарын жасау қолға алынатын болады. Дәл осы секілді 2 мыңға жуық халқы бар Жақсылық ауылында да клуб жоқ. Ал, Көкарық, Сөгеті ауылдық клубтарының ғимаратын жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Жобалаушы «Тараз-Шаңырақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл мәселе бойынша бюджеттен қаржы қарастыру туралы өтінім де берілген, – дейді Т.Рысқұлов аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұлов.

Осылайша, ауылдағы жастар мәдени шара ұйымдастыру үшін қыста ауылдық әкімдік пен мектепті жағаласа, жазда дала кезіп жүр. Осыған қарамастан, аталған клубтар «Үздік ауылдық мәдениет үйі, ауылдық клуб» облыстық байқауына қатысуда.

– Өңірде шешімін табуды қажет етіп отырған өзекті мәселенің бірі де осы клуб ашу мен олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту болып отыр. Таяуда Меркі ауданында Аққайнар ауылдық клубының құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Шудағы Шоқпар ауылдық клубының былтыр басталған құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұлар заман талабына сай, шағын, жинақы мәдени ошақтар. Ал, музыкалық аппаратура бойынша біз жыл сайын «Үздік ауылдық мәдениет үйі, ауылдық клуб» облыстық байқауын ұйымдастырамыз. 15 жыл қатарынан дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан байқауға әр аудан бір-бір ауылдық клубын ұсынады. Ең үздік деп танылған 3 клубқа музыкалық аппаратура сыйға тартамыз. Мәселен, биылғы байқауға қатысып, 2-орын иеленген Жуалы ауданына қарасты Қосбөлтек ауылдық клубы шағын ғана, бірақ заман талабына сай. Клубтың меңгерушісі де «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген жас маман. Байқауда 1-орын алған Шу ауданындағы Бірлік ауылдық клубы мен 3-орынды еншілеген Байзақтағы Ынтымақ ауылдық клубы да кісі қызығарлықтай. Аталған мәдениет ошақтарына заманауи қондырғылар табысталды. Осылайша, облыстық байқау арқылы ауылдағы жастардың шығармашылығын қолдауға қол ұшын созудамыз, – дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев.

Бұл мәдениет саласындағы мән беруді қажет етіп отырған мәселенің бір ұшы ғана. Саладағы маман тапшылығы өз алдына бөлек әңгіме. Өнерімен өңірдің ғана емес, өз елін, ұлтын ұшпаққа шығаруды армандайтын алтын бесік – ауылдағы өскелең ұрпақ аталған мәселелердің таяуда шешімі табылар деген үмітте. Лайым, солай болғай.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР