Жамбыл жаңалықтары

Қоғам қауіпсіздігі үшін қалтқысыз қызмет

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов тәртіп сақшыларына қызметтік автокөліктердің кілтін табыс етті

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің кеңесі болып өтті. Жиын барысында Асқар Исабекұлына ішкі істер департаменті тарапынан атқарылған жұмыстар баяндалып, жыл соңына дейінгі жоспарлар айтылды.
Өз кезегінде облыс әкімі А.Мырзахметов жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар беріп, бөлінген қаржыны тиімді әрі жүйелі игеруді тапсырды.
Сондай-ақ, түн мезгілінде көшелерде болатын бұзақылық пен қылмыс тиылмай тұрғанын ескертіп, құр статистикадан нақты жұмысқа көшетін уақыт келгендігін баса айтты.
Сонымен қатар, аймақ басшысы орталық «Достық» алаңында облыстық ішкі істер департаменті құрылымдық қызметтерінің мамандарына жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті.
– Бүгінде облыстық ішкі істер департа­ментінің жұмысын жүйелеуге көп көңіл бөлінуде. Биыл салаға 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 миллиард теңгеге өсті. Осындай қолдаулардың жалғасы ретінде бүгін облыстық бюджеттен қаралған қаржыға 68 бірлік жаңа патрульдік автокөліктерін беріп отырмыз. Жаңа темір тұлпарларыңыз облыс тұрғындарының тыныштығын күзетуге қалтқысыз қызмет етеді деп сенемін. Барлықтарыңызды бүгінгі қуанышпен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі А.Мырзахметов.
Ал, өз кезегінде сөз алған облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Арман Оразалиев қолдау білдіргені үшін өңір басшысына алғысын білдірді.
Бұдан кейін Асқар Исабекұлы 67 патрульдік автокөлік пен 1 шағын автобустың кілтін салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар, көліктерді аралап көріп, ішкі істер саласының қызметкерлері ұйымдастырған автошеруді тамашалады.
Жалпы, жаңа көліктерді сатып алу үшін облыстық қазынадан 447 374 950 теңге қаралған. Заманауи құрылғылармен жабдықталған темір тұлпарлар ескі көлік­тер­дің орнын алмастыратын болады. Ал, ескі көліктердің бірсыпырасы жарамсыз ретінде есептен шығарылса, екінші бөлігі аудандарға жөнелтіледі. Осылайша, сала қызметкерлерін автокөлікпен қамту көрсеткіші 81 пайызға жетеді деп күтілуде.
Тағы бір айта кетерлігі, «Jac S5» және «Jac S3» маркалы жаңа автокөліктердің жылдамдығы сағатына 185 шақырым. Сондай-ақ, Қостанай облысында құрас­ты­рыл­ған отандық өнімнің «сүйегі» мықты. Яғни, қылмыскерлерді қуған кезде орын алуы мүмкін түрлі қақтығыстарға төтеп беру үшін көліктің қаңқасы арнайы ойластырылып жасалған. Осылайша, тәртіп сақшылары әрі жүйрік, әрі төзімді көліктермен қызметтік міндеттерін мінсіз атқара бермек.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР