Қоғам тыныштықты қалайды

0 8

Қоғамдық тыныштықты сақтап, құқықбұзушылықтың алдын алуда ішкі істер органдарының атқаратын қызметі айрықша. Әсіресе тәртіп сақшылары өздеріне тапсырылған жұмысты тиянақты орындау, әрдайым қырағылық таныту, өз өмірін қоғам үшін қауіп-қатерге тігу секілді толып жатқан талап үдесінен шыға алуы тиіс. Жайшылықта жұмысы көзге көріне бермейтін, әйтсе де қызметкеріне зор жауапкершілік жүктейтін мекеменің бірі – мамандандырылған күзет қызметі.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы өңіріміздегі стратегиялық маңызы бар ғимараттар мен аса маңызды мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады. Жалпы бұл мекеме осыдан 70 жылдай бұрын Кеңес үкіметінің шешімімен өнеркәсіптік орындары мен халық шаруашылық объектілеріндегі күзет қызметін жақсарту мақсатында құрылыпты. Аталған мекеменің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Үдергеновтің айтуынша, қызметкерлерге аса маңызды нысандарды күзетумен қатар, өзге де қойылатын талаптардың түрі көп.
– Ішкі істер министрлігінің құрамындағы, мемлекеттік ұйымдардағы тіршілікті қамтамасыз етуде мамандандырылған күзет қызметі басқармасы өзінің жеке құрамы арқылы қылмыстық іс-әрекеттермен күресе отырып, қоғамдық қауіпсіздікті, еліміздің мүлкінің талан-таражға түсуінен сақтауға зор үлес қосып келеді.
Бұл мекеме күзетілуі тиіс нысандарды қылмыстық және қолсұғушылық сипаттағы әрекеттерден қорғайды. Қылмыстық және өзге де мәселеге қатысты азаматтарды жеке қорғауға алуды қамтамасыз етеді. Күзетілетін нысандардың тілсіз жаудан аман болуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына көмек көрсетеді. Ішкі істер органдарының басқа бөлімшелерімен бірге қылмыстар мен әкімшілік құқықбұзушылықтарға қатысты ескерту, анықтау, қылмыстың жолын кесу жөнінде өзара іс-қимыл жасайды.
Біз мемлекеттік органдардың, ұйымдардың әкімшілігіндегі және күзетілетін нысандардың лауазымды адамдарына қатысты қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, террористік көріністерге қарсы іс-қимыл жасаумен де айналысамыз. Қазіргі таңда мекеме қызметкерлері өздері күзететін нысанда қару немесе криминалдық әрекеттерді жүзеге асыруға арналған басқа да құралдар мен заттарды болдырмау мақсатында тексеру жүргізіп тұрады. Сонымен қатар күзетілетін нысанға адамдар келгенде немесе көлік құралдарының кіруі кезінде оларды жіті тексереді. Бұл жұмыстар соңғы үлгідегі техникалық құрылғыларды пайдалану арқылы жүзеге асырылады, – дейді Бауыржан Арынұлы.
Бейсауат адамға елеусіз болып көрінгенімен, бұл мамандық жоғары жауапкершілік пен асқан қырағылықты қажет ететіні белгілі. Сондықтан да дәл осы күзет қызметіне кім болса сол жұмысқа тұра алмайды екен. Мұнда қызметке тұруы үшін талапкердің бойы 170 сантиметр, жасы 35-тен кем болмауы тиіс. Білімі де талапқа сәйкес және жедел әскери қызметтен өткендігі талап етіледі. Осы мамандықпен үздіксіз он екі жыл алты ай жұмыс істеген және жалпы еңбек өтілі жиырма бес жылды құраған адам заң шеңберінде зейнетке шығарылады екен.
– Жұмысқа қабылданған азамат Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Құқық қорғау қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңдарға жетік болуы қажет. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін, кәсіби қызметіне байланысты басқа да нормативтік құжаттарды білуі керек. Ішкі істер органдары қызметіне қатардағы, кіші және орта басшы құрамы лауазымдарына үміткер ретінде ҚР ІІМ білім ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өткен адам ғана қабылданады.
Үміткерге медициналық және психофизиологиялық, полиграфологиялық зерттеуге жолдама беру арқылы олар сүзгіден өтеді. Сондай-ақ жақын туыстарына қатысты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық сервисінің мәліметі негізге алынып тексеріледі. Осы талаптарға сай болса, дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтер тапсырады. Қабылдау комиссиясынан әңгімелесуден өтеді. Іріктеудің әрбір кезеңінде үміткерге бір рет қана мүмкіндік беріледі. Осы секілді толып жатқан талап үдесінен шыққандар бойынша кәсіптік даярлыққа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесі кадр қызметіне тапсырылады. Одан кейін үміткер тағылымдамадан өтеді. Арада үш жұмыс күні өткеннен соң ғана еңбек шарты жасалады. Бір айта кетерлігі, алғашқы кәсіптік даярлықты аяқтаған адам жұмысты қиынсыну немесе үлгермеушілік, не тәртіп бұзуына байланысты және өз қалауы бойынша жұмыстан бас тартқан жағдайда ол өзін дайындауға, тамақтануына және жүріп-тұруына қатысты жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке қайтаруға міндетті. Егер әскери-дәрігерлік комиссияның қызметке жарамсыздығы туралы қорытындысымен қызметтен босатылған жағдайда не штаттың қысқаруына қатысты және құқық қорғау органының қайта құрылуы немесе таратылуына байланысты, сондай-ақ оның басқа құқық қорғау органына не арнаулы мемлекеттік органға ауысқан жағдайда бұл заң қолданылмайды. Сондықтан осы жұмысқа тұрарда адам ойланып шешім шығарып, жеті рет өлшеп, бір рет кескені жөн. Бүгінде қоғам тыныштығын сақтауға өзіндік үлесін қосып отырған біздің мекемеде 500-ден астам адам жемісті әрі абыроймен жұмыс істеп жүр, – деді басқарма басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Медеу Талқанбаев.
Жұмыстың қауіптілігі сол, өз қызметін атқару барысында қаза тапқан күзет қызметінің мамандары да бар. Мысалға айтар болсақ, полиция аға лейтенанты Парасат Тоқсанбаев, полиция лейтенанты Арай Қалманбетов, полиция аға сержанты Сметілда Ордабаев, полиция сержанты Жаңабек Есенбеков өз қызметтерін адал атқара жүріп қаза тапқан полицейлер. Тараз қаласында 2011 жылы қараша айында орын алған әйгілі террорлық әрекет кезінде де осы басқарманың екі бірдей сарбазы жанын қиған еді. Сол кезде өз-өзін жарып жібергенге дейін барған лаңкес Мақсат Қариев құқық қорғау органдарының бес қызметкері мен жергілікті екі тұрғынды атып өлтіріп, үш полицейді жарақаттағаны есте. Облыстық мамандандырылған күзет қызметінің полиция аға сержанты Полат Аянқұлов пен полиция сержанты Жақсыбек Байсейітов осыдан он жыл бұрын орын алған террорлық әрекет кезінде мекемеге келіп түскен дабыл бойынша лаңкесті тірідей қолға түсірмек болып, онымен бетпе-бет келу арқылы қаза тапқан еді. Бүгінде олардың рухына әріптестері тағзым етіп, жыл сайын еске алып тұрады. Бұдан бөлек қызметтік міндетін адал атқарып, жақсы нәтижеге жеткен сала үздіктеріне марапат көрсету, өзгеге үлгі ету үрдісі де үзілген емес.
Біз сөз еткен облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының атқаратын жұмысының қысқаша сипаты осы. Құқық қорғау органында қызмет ету оңай емес. Полицейлердің көрсеткен ерлігі мен өмірлік ұстанымы үлгі болуға тиіс. Елдің тыныштығы мен жеке адамның құқығын қорғауда, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне қамқорлық танытып жүрген полицейлердің жұмысы қай кезде де бағалауға тұрарлық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.