Қоғамдық қабылдаудан соң тиісті қаражатқа қол жеткізді

0 18

Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде салалық ведомство өкілдерінің қатысуымен өткен қабылдауда көтерілген тағы бір мәселе өз шешімін тапты. Қабылдауға келген І топтағы мүгедек Рауан Рауылбеков өзіне күтім жасайтын әлеуметтік көмекшісіне тиесілі жәрдемақының 3 айдан бері төленбегенін айтқан. Тиісті құжаттарды өткізгеніне қарамастан оның көмекшісі өзіне тиесілі қаржыға қол жеткізе алмай жүрген.

– «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келгенге дейін осы мәселемен бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Дәл осы мәселені шешуге мүдделі мекемелердің барлығында болдым. Алайда олардың барлығы сырғытпа жауап беріп, әуреге салды. Құжаттарымның барлығы да дұрыс. Соған қарамастан бекерге мекемелердің арасында табан тоздыруға мәжбүр болдым, – деген Рауанның мәселесін Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Гауһар Олжабаева өз бақылауына алып, 3 жұмыс күні ішінде шешіп беруге уәде еткен.

Бөлім басшысы қоғамдық қабылдауда берген сөзінде тұрып, Рауан Рауылбековтің көмекшісіне тиесілі әлеуметтік көмекті төлеп берген. Өз кезегінде Р. Рауылбеков мәселесінің «Nur Otan» партиясының ықпалымен оң шешілгеніне дән риза.

– Қоғамдық қабылдауға дейін осы мәселемді шешуге жауапты түрлі деңгейдегі 5 мекеменің басшылығына, өкілдеріне арыз бергенмін. Бірақ ешқандай нәтиже шықпады. Үмітімді үзе бастағанымда әлеуметтік желі арқылы «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде салалық ведомство өкілдерінің қатысуымен қоғамдық қабылдау жүргізілетіні туралы хабарламаны көзім шалып қалды. Қабылдауда Тараз қаласы әкімдігінің салалық бөлім басшысы мәселені 3 жұмыс күні ішінде шешуге уәде берді. Осылайша партияның ықпалымен 3 айдан бері шешімін таппаған мәселе бірер тәуліктің ішінде өз шешімін тапты. Сол үшін де партияның облыстық филиалына, оның қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді Рауан Рауылбеков.

Жалпы облыс әкімдігінің білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының және Тараз қаласы әкімдігінің өкілдерімен бірге облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық бірлестік жетекшілері де қатысқан қоғамдық қабылдау кезінде 15 азаматтың өтініші тыңдалса, ондағы 6 мәселе жиын барысында-ақ шешімін тапты.

Дәл осы күні облыстағы барлық аудандық филиалдарда әлеуметтік сала өкілдерінің қатысумен бір уақытта өткен қоғамдық қабылдауға жалпы 47 азамат жүгінген. Оның ішінде 18 өтініш иесінің мәселесі жиын кезінде нәтижелі шешілді.

Әлеуметтік салаға жауапты ведомство өкілдерінің қатысуымен мұндай форматтағы қабылдаулар алдағы уақытта да тоқсанына бір рет ұйымдыстырылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.