Қоғамдық қабылдауға ешкім еріккеннен келмейді

0 35

Әрдайым халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, көптеген игі істерге бастамашы болып жүрген «Nur Оtan» партиясы коронавируспен күресте де алдыңғы қатардан көріне білді. Түрлі бағытта жүйелі жұмыс атқара отырып көпшілікке шарапатын тигізіп, елдің алғысын арқалады.
Әсіресе партияның қоғамдық қабылдау қызметінің арқасында халықпен өзара байланыс жолға қойылып, нәтижесінде тұрғындарды толғандырған мәселелер шұғыл шешімін табуда. Айталық, өткен 2020 жылы партияның облыстық және аумақтық филиалдарына 13 384 өтініш түсіп, олардың 67 пайызы оң шешімін тауыпты.

Облыстық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова тұрғындардың басым көпшілігі әлеуметтік мәселелер бойынша қайырылатынын айтады.
– 2020 жылдың 13 наурызынан бастап партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің бұйрығына сәйкес, партия филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде қабылдаулар тоқтатылып, онлайн режимге көшті. Сол кезеңнен бастап жыл аяғына дейін партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 12 318 өтініш түсіп,
8 130-ы оң шешімін тапты. Қалған
4 188 өтінішке заң аясында түсініктеме берілді.
Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келген өтініштердің
9 333-і сall-орталықтары арқылы түскен. Қалған 4 051 азаматтың өтініші әлеуметтік желілер, электронды пошта арқылы және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып бетпе-бет қабылданған. Сонымен қатар электрондық жүйе арқылы қайырылған,– дейді Ү.Серікқызы.
Тұрғындар тарапынан өтініштің көп түсуі халықтың партияға деген сенімін байқатады. Сондай-ақ түскен өтініштермен жұмыс жүргізіп ғана қоймай, билік өкілдерімен қоғамдық қабылдаулар да жиі ұйымдастырылады.
– Партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түскен барлық арыз-шағымдардың уақытылы әрі сапалы орындалуы басты назарда. Тұрғындар тарапынан түскен өтініштерде көрсетілген мәселелерді шешу жолдары жан-жақты қарастырылды.
2020 жылы 521 қабылдау ұйымдастырылып, оған 1000-нан астам адам келді. Партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Машбекұлымен 6 қабылдау, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен 4, облыс әкімінің орынбасарларымен 4, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен 143 қабылдау, аудан, қала әкімдері мен орынбасарларының 60 қабылдауы өтті. Және жергілікті атқарушы орган басшыларымен 157, партияның облыстық, аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары және партиялық бақылау комиссиясы төрағасы және мүшелерімен 40, заңгерлер, адвокаттар және медиаторлармен 107 қабылдау ұйымдастырылды.
Ескерерлік жайт, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында мұқтаж азаматтарға материалдық жәрдем беруге арналған қаражат қоры жоқ. Соған қарамастан, партия филиалы көпбалалы, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар сияқты әлсіз топтарға материалдық көмек көрсету үшін демеушілер іздестіріп, мүмкіндігінше жәрдем берілуіне ықпал етіп келеді. Ал жергілікті атқарушы органдардың өздеріне материалдық көмекпен қайырылған азаматтардың барлығын «Nur Otan» партиясына баруға кеңес беретіндері қынжылтады. Мұндайда халықтың мұң-мұқтажын, мәселелерін тек партияға ысырып қоймай, тиісті мемлекеттік органдар оның шешу жолдарын өз міндеттеріне алуға жете көңіл бөлсе екен дегім келеді. Алдына келген азаматтың мәселесін өз құзыры шеңберінде шешуге талпынса деген ұсыныс айтар едім.
Арнайы тоқталып өтуім керек, індеттің салдарынан партия облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне үлкен салмақ түсті. Себебі халық жергілікті атқарушы органдарға материалдық көмек пен азық-түлік алу бойынша қайырылып, өкінішке қарай, өтініштеріне қанағаттанарлық жауап ала алмаған.
Сол азаматтардың барлығы партиядан көмек сұрап, нәтижесінде партия демеушілердің есебінен күрделі жағдайда қалған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратып, «Біз біргеміз!» акциясы аясында Елбасы, Партия Төрағасы белгілеген
7 категорияға жататын тұрмысы төмен отбасыларға бірреттік көмек, яғни
50 000 теңге есепшоттарына аударылды.
Қарапайым халық пен биліктің арасын жалғап, көмекке мұқтаж жанға жәрдемдесуді мақсат еткен «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында 12 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Оның біреуі облыстық, қалған 11-і аумақтық. Байқағанымыз– партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде таңғы сағат 9:00-ден қас қарайғанға дейін тынымсыз жұмыс қарбаласып жатады. Бұл да саяси ұйымның елмен етене жақын байланыста қызмет етіп жатқанын білдірсе керек-ті.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.